Коронавирус

Індет жұқтырған дәрігер айығып кетті

COVID-19 індетінің аймақтағы жағдайы бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан НҰРЛЫБАЕВТЫҢ төрағалығымен онлайн-баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға қатысқан облыстық жұқпалы сырқаттар ауруханасы жансақтау бөлімінің дәрігерлері ауырып түскендердің қазіргі ахуалына тоқталса, осы дертті жұқтырған қарағандылық дәрігер Елизавета КАЛЬМБАХ өз денсаулығы жайлы айтты.

Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, аймақта 1238-ден астам инфекция жұқтырғандар тіркелген. Олардың 800-ден астамы жұқпалы аурулар стационарларында болса, 500-ден аса пациент жазылып шығыпты. Емделушілерге қолайлы жағдай жасалған. Оның ішінде, пациенттерге жеке медициналық құрам тарапынан психологиялық көмек көрсетіледі.

– COVID-19 диагнозы расталған азаматтар психологиялық көмекке зәру. Науқастың жағдайына және жұқтыру қаупіне алаңдайтын туыстарынан басқа адамдар да бар. Көп жағдайда оларға алыпқашпа әңгімелер әсер етеді. Сондықтан, біздің мамандар емделушілермен оларды толғандыратын мәселелерді талқылауға әрдайым дайын, – деді Ержан Шәкірұлы.

Балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Елизавета Кальмбах СОVID-19 диагнозын жұқтырып, инфекциялық стационарда ем алуда.

– Дәрігерлерге де кез келген адам сияқты инфекция жұғады. Ақ халаттылар арасында дертке шалдыққандар болғанына қарамастан, пациенттер зардап шеккен жоқ. Індетті негізінен қоғамдық көлікте немесе дүкенге барғанда жұқтыруымыз мүмкін. Адамдар көп жиналатын жерлердегі сақтық шараларын ұстану керек, – деді ол.

Сонымен қатар, Елизавета Альбертовна коронавирус жұқтырдым деп ойламағанын айтады. Бірнеше күн бойы жансақтау бөлімінде ауыр халде жатып шығыпты. Қазір жағдайы бірқалыпты.

– Ауру белгілері бір күнде білінді. Өзгелерге зиян тигізбеу үшін дереу қоғамнан оқшауландым. Көптен бері бұлай ауырмап едім. Бірден компьютерлік томография жасалды. Барлық талдаулар уақытында өткеріліп, жедел ем шаралары басталды. Әріптестерімнің біліктілігі мен қолдауына ризамын, – деп жалғастырады ол сөзін.

Ал, профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың жан сақтау және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Сергей Ким қазіргі уақытта Қарағандыда қанша пациенттің жансақтау бөлімінде жатқаны, аурудың қалай байқалатыны жөнінде әңгімеледі.

– Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде 9 адам бар. Реанимация кезеңінде алдымен ауа жетіспеушілігінен қиналады, ентігеді. Артериялық тамырдағы оттегінің өте төмен мөлшері байқалады. Мұндай жағдайда емделушілерге мамандандырылған көмек қажет, – деді ол.

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта пациенттердің басым бөлігінің өкпесі жасанды (инвазивті емес) желдетілуде. Бүгін тағы бір пациент өкпені жасанды желдетуге көшірілді. Оның тыныс алуы толығымен ӨЖЖ аппаратына тәуелді. Басқа емделушілердің жағдайы жақсы, – деді ол.

Сергей Ким коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуде елеулі өзгерістер болғанын мәлімдеді. Егер бұрын емделушілерді жасанды желдетуге ертерек қосуға тырысса, бүгінгі күні бұл әдіс тек соңғы жағдайларда ғана қолданылуда.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button