Індет оңайлықпен іркілмейді

Коронавирус инфекциясына қатысты жасалған болжамдардың бірі – келсе, бірі – келмейтініне көзіміз жетті. Осыдан бір жыл бұрын COVID-19 Қазақстанда алғаш тіркелген сәттен жақсысы бар, жаманы бар түрлі болжамдар айтылғанымен, кейінгі алты аптада елімізде ғана емес, әлем бойынша жұқтырғандар саны төмендеген еді. Бірақ, соңғы аптада «Вирус гүл арқылы тарайтын көрінеді, кемі 10 наурызға дейін гүлге жолауға болмайды» делінген WhatsApp арқылы тараған қалжың түріндегі фейк ақпараттан кейін шыны керек, коронавирустың күрт өсуі байқалды.

Қалжың қалжыңымен, бірақ «құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келген тәрізді, коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мәліметі бойынша 5 наурызда облыста инфекция жұқтырған 61 адам тіркелген екен. Ал, Қазақстан бойынша бір тәулікте тіркелгендер саны – 857. Соған қарағанда, коронавирус оңайлықпен беріспейтін тәрізді. Әуелде инфекцияның барына сенбей, сақтық шараларын сақтау, жеке қорғаныш құралдарына бейжай қараған тұрғындар жан мұрынның ұшына келгенде бетперде киіп, ара-қашықтықты сақтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және отандық дәрігерлердің «бетперде кию – індетті ауыздықтаудың бірден-бір жолы» деп бекер шырылдамаған екен. Оның үстіне, вирустың ауыр соққысын өзіне қабылдаған Қытай індетті тәртіпке бағыну арқылы жеңгенін көзіміз көрді.

Бірақ, аурудың беті қайта бастады деп, арқаны кеңге салдық па, індет жұқтырғандар саны қайта өсті. Бүгінде жалғыз Қазақстан ғана емес, әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың көптеп тіркелуі байқалады.

1 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебреисус жеті апта ішінде алғаш рет коронавирус ауруының өсуі тіркелгенін айтқан болатын. Инфекция жұқтырғандардың дені – Еуропада, Оңтүстік-Шығыс Азияда, сондай-ақ Солтүстік және Оңтүстік Америкада.

Оның үстіне эпидемиологтар вирустың ешқайда жоғалып кетпейтін әрі тез таралатынын айтып, ескертуде. Яғни, 70% ұжымдық иммунитет қалыптасқан жағдайда вирусты толық жеңдік деп айта аламыз.

Ал, иммунитет қалыптасқанға дейін жеке гигиенаны, әлеуметтік қашықтықты сақтау, медициналық бетперде кию маңызды екенін айтады ДДСҰ сарапшылары.

Мамандар коронаны толық ауыздықтау үшін әлем бойынша кемінде 2 миллиард адам вакцина алуы керек дейді. Елде вакциналау басталғанын өздеріңіз де білесіздер. Бірінші кезекте тәуекел тобындағы медицина қызметкерлері екпе алса, келесі кезекте – педагогтар тұр.

Салтанат ІЛИЯШ