Коронавирус

«Індет емі – вакцина»

Мамандар індет емі – вакцина дейді. Дегенмен, бұл мәселеде пікір көп. Вирус – жаңа. Сәйкесінше, вакцина да жаңадан шыққан. Оның әсері туралы алыпқашпа пікірлер де интернет бетінде өріп жүр. Вакцинаның кімге, қалай салынатыны және кімдер вакциналауға жатпайтыны туралы Қарағанды медицина университетінің инфекциялық аурулар және фтизиатрия кафедрасы профессоры Гүлшарбат АЛШЫНБЕКОВА айтып берді.

– Вакцинаны кімдерге салуға болмайды?

– Вакцина 18 жасқа толмаған балаларға салынбайды. Жалпы жас аралығы – 18 бен 65.

– Бұған дейін шектеу 60 жасқа дейін деп келдік қой. Қазір өзгерді ме?

– Иә, осыған дейін 60 жасқа дейін деп айтылған болатын. Дегенмен, соңғы зерттеулер мен нормативтік құжаттарға сәйкес 65 жасқа дейін деп айта беруге болады.

– Вакцина салдыруға қарсы көрсеткіштер қандай?

– Жүкті әйелдер, бала емізетін аналар, жедел жұқпалы немесе жұқпалы емес қандай да бір аурлармен ауыратын адамдар егілмейді. Бірақ, бұл тұрақты көрсеткіш емес. Оны тұрақсыз көрсеткіш дейміз. Себебі, ол адамдар жазылғаннан кейін 2 аптадан кейін егіле беруге болады.

Бауыр мен бүйрек, қант диабеті, аутоиммундық немесе онкологиялық аурулары бар, жүрек-қан тамыры аурулары, эпилепсия, астма сияқты аурулары бар адамдарды вакциналау олардың денсаулығын міндетті түрде тексеріп, қан талдауын жасағанан кейін болуы мүмкін. Олар қауіп тобына жатады. Дегенмен, вакцинаға рұқсат бергенде онколог, иммунолог, аллерголог, емханадағы дәрігері қарап, консилиум арқылы шешуі қажет. Шешім қабылдауда тәуекел мен оның пайдасын екшей білу керек. Яғни, ондай адамдарға «вакцина салынбайды» ден нақты айта алмаймыз. Науқас салдырғысы келсе, осы мәселелерді шешу арқылы вакциналауға болады.

– Коронавируспен ауырған адамдарға вакцинаны қай уақытта салдыруға болады? Жалпы, салдырту керек пе?

– Ондай науқастар сырқатынан жазылғаннан кейін алты айдан соң салдыра алады. Бұл біздің нормативтік құжаттар бойынша бар нұсқаулық. Ал, кейбір дәрігерлердің айтуынша, мәселен, ресейлік Т.Голикованың айтуынша, «ауырған адамдарға мүлдем салуға болмайы». Біздің елде қабылданған құжаттар бойынша ауырған адамдар 6 айдан кейін вакцина салдырта берсе болады. Бірақ, антиденелерді анықтау, ПТР жасау сияқты скринингтер жүргізілмейді. Ол иммунитет болғанымен, ұзақ сақталмайды. Оны өз тәжірибемізде көрдік. Иммунитет антиденелері 6-8 айда азая бастайды да біртіндеп жойылады. Сондықтан, қайтадан жұқтыру қаупі бар.

– Көпшілік коронавирус вакцинасының тез дайын болғанына күдікпен қарайды. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Коронавирус ЖРВИ тобына жататындықтан, басқа вирустардан қатты айырмашылығы жоқ. Ол да РНК антигенді құрамды вирус. Ал, тұмауға қарсы көп жылдар бойғы зерттеулер мен оған қарсы вакцина бұрыннан бар. Сол мәліметтер бұл ретте негіз бола алады.

– Вакцина арқылы қалыптасатын иммунитеттің ұзақтығы қанша болады?

– Ауырған адамдарда 6-8 айға дейін иммунитет болады деп айтылды. Ал, сіздің сұрағыңызды вебинар кезінде вакцинаны әзірлеген адамдардан біз де сұрадық. Бізге зерттеулер әлі жалғасады деді. Бұл екінші жағынан адамның иммундық күшіне де байланысты. Сондықтан, оның қалыптасуы және ұзақтығы әртүрлі болады. Қазіргі негізі мақсат – пандемияны тоқтату. Оны тоқтаудың жалғыз жолы – вакцина жасату. Көпшілік иммунитетті қалыптастыру 90% жағдайда мүмкін болады. Бірақ, қазір көпшіліктің иммунитетін қалыптастыруға 70-80% да жеткілікті. Сондықтан, вакцинаның үлесі үлкен.

– Жауабыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button