Ресми

Импортты алмастыру – негізгі мүдде

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында топтасқан өндіріс ошақтарына бұған дейін құйылған қаржы көлемі қомақты. Дегенмен, Германиядан тағы инвестиция келе жатыр. 

Арнайы аймақта биыл қолға алынатын жобалар қарасы қалың. Мысал ретінде, «Polymet Solutions Corporation» ЖШС-ін алайық. Кен диірмендері үшін футеровка шығаратын зауытқа Алмания елі 1,5 млн. еуро инвестиция салмақ. Серіктестіктің бас директоры Қуандық Қазанғап айтып өткендей, бұл қаржы болат футеровка өндірісін іске қосуға жұмсалады. 

Кәсіпорын қызметіне пайдалы қазбаға бай Қазақстанда сұ­раныс артып отыр. Компания қазіргі таңда «KAZ Minerals», «Қазақмыс», «Қазақалтын» сынды алпауыттармен келісімшартқа қол қойған. Бұдан бөлек, өзге де отандық, шетелдік байытушылармен келіссөздер жүргізілуде. 

Жаңа өндірістік циклді іске қосу мақсатында инвестор биыл 1,5 млн. еуро сомасына қаржы құймақ. Зауыт үшін жер бөлу, телімді игеру мәселелері сәтімен реттелді. Ендігі кезекте жабдықтарды өндіруге кіріспек. Қырық адам жұмыспен қамтылады. Салаға қажетті кәсіби кадрлардың бір шоғыры осы аймақта дайындалады.

Жаңа инвестицияның арқасында кен байытуға қажетті жабдықтарды шығаратын зауыттың екінші тынысы ашылады деп ойлаймыз. Компанияның басшылығы да осы пікірде. 

– Бүгінде кәсіпорын кен байыту фабрикаларындағы диірмендерге, элеваторларға қажет қаптама – футеровка, басқа да сан түрлі резеңке, металл бұйымдарын жасайды. Кен байыту өндірісіне қажетті жабдықтар өндіру нарығында Қарағанды аймағы алдыңғы орында. Тәжірибеміз жеткілікті. Еуропалық технология ти­істі деңгейде жолға қойылған. Күр­делі жабдықтар істен шықса, бір­ден жөндеуге мамандарымыз­дың тәжірибесі жетеді. Біздің өнімдерімізді ірі тау-кен компания­лары сатып алады. Ішкі нарықты және сырттан келетін сұранысты қамтуға әзірміз, – дейді Қуандық Қазанғап.

Айта кетейік, «Polymet Solutions Corporation» бір күнде пайда болған жоқ. Ертеде Қарағандының Федоров қонысында болған «Еңбек – 2014» серіктестігінің мұрагері. Арнайы экономикалық аймаққа төрт жыл бұрын көшті. Арнайы аймақ – Бұқар жырау ауданына қарасты Доскей ауылы маңында. Жер көлемі – 4500 шаршы метр. Келесі жылында өндіріс желісін тұрғызып, өндірісті бастады. Қазіргі уақытта кәсіпорын лазер­лік және плазмалық металл кесу машиналарын кеңінен пайдаланады. Мамандардың айтуынша, экономикалық тұрғыда тиімді және өнімділігі де өте жоғары дең­гейде. Сондай-ақ, соңғы кезде зауыттағы сапаны бақы­лау жүйесі де жаңғыртылуда. Өйткені, «Қазақстанда жасалған» футеровканың сапасына қатысты кемшілік болмауы тиіс. Импортты алмастырып тұр.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button