Имамдар қарағандылықтарға үндеу жолдады
Үндеу
ҚҰРМЕТТІ МҰСЫЛМАН ҚАУЫМ!
Исі мұсылман асыға күткен қасиетті Рамазан айы мүбәрәк болсын!
Мың айдан қайырлы саналатын осы Рамазан айында мұсылман халқы сауапты істерді барынша атқаруға тырысады. Сондай игі істердің бірі – осы дүниеден өткен аруақтарға құрмет көрсетіп, зират басын таза ұстау.
Осы орайда, мешіттерге келуші мұсылман қауымы қаламыздың зираттар қорымдарының жағдайы мәселесін көтеруде. Атап айтқанда, жамағаттың көкейтесті мәселесіне айналып отырған – Құрылыс ауылы және «Сарыарқа» әуежайы маңындағы, Соқыр өзенінің бойындағы, Михайловкадағы, Майқұдықтағы зираттар қорымдарының тазалығы.
Зираттар қорымдарының маңайына құрылыс және тұрмыстық қоқыстар жылдар бойы шығарылып, төгілген. Осы келеңсіз жағдай жылдан жылға өршіп, стихиялық қоқыс орындарының шеңбері ұлғайып барады. Бұған қоса, зират басына баратын жолдарды күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де шешімін таппай келді.
Осы жағдай халықты алаңдатып отыр және құзыретті органдардың, атап айтқанда, атқарушы биліктің, экологиялық полицияның, санитарлық қызмет мамандарының араласуын талап етеді.
Құрметті жамағат!
Алланың разылығы үшін, алдымыздағы 26 мамыр және 2 маусым күндері өткізілетін сенбіліктер аясында аталған зираттар қорымдарының аумағын санитарлық тазалау ісіне атсаласып, зират басындағы қоқысты жинау және оны сыртқа шығару ісіне белсене қатысуға шақырмыз.
Ө.БЕКҚОЖА,
ҚМДБ-ның Қарағанды
облысы бойынша өкіл имамы.
Қ.ЖҰМАБЕКОВ,
Қарағанды қалалық
№1 мешітінің бас имамы.
М.НҰРОВ,
Бала қажы мешітінің
бас имамы.