Абай ауданында қазірде ресми тіркелген 29 діни бірлестік, соның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 5 бөлімше бар. Мұнда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі түсіндіру, насихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Дегенмен, бас жарып, көз шығармаса да, жат ағымдардың жетегінде адасып жүргендерден бұл өңір де ада емес. Соған байланысты облыс басшылығының арнайы шақыруымен аймағымызға келген белгілі теолог, психолог, дінтанушы Нұрлан имам Байжігітұлы осы аптада аталған ауданда қонақ болып, жұртшылықпен «Қоғамдағы дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру» тақырыбында әңгіме өткізіп, насихат айтты.
Бұл жерде әлеуметтік желіде шыншыл, дәлелді жауаптарымен елдің ықыласына бөленіп, баурап алған Нұрлан имамды таныстырып жату артық. Сондықтан да, оны көзімен көріп, ұлағатын тыңдауға жиналғандардың қарасы қалың еді.
Абай қаласының «Юбилейное» концерт залында кешкі сағат 19:00-ден ақшам намазына дейін өткен кездесудің тізгінін қолына алған Нұрлан имам ашығынан ақтарылып, ислам діні мен дәстүріміздің сабақтастығы, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дәріптеу жайында тереңнен толғады. Ол өз сөзінде жиын-тойларда уағыз айтып, сағаттап тұрып алатын кейбір имамдар құсамай, өз пікірін күнделікті өмірден алынған қарапайым мысалдармен дәйектеп, арасында қаумалаған көпшілікті күлдіріп те отырды.
Мәселен, ол осы күні көп айтылатын «адал, харам» мәселесіне келгенде, қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық аспаптарымызды қаралап, олардан бездіруге тырысатындарға қисынды уәжімен тойтарыс берді. «Қазағымдай Ислам дінін ұлықтаған халық аз. Кешегі қиын-қыстау заманда біреудің арам қолы тимесін деп қасиетті Құран кітабын бабаларының қабіріне көмген аталарымыз емес пе еді?! Енді кеп, мен неге одан жерінуге тиіспін. Біздің дініміз дәстүрімізбен сабақтасып, әбден біте қайнасып кеткен. Басқалар сәлде, шалма орады деп, мен неге тақиямды шешуге тиіспін?! Қазақ тақиясын шешкен күні мұсылмандықтан кетеді. Сол үшін балаларымыз ана тілінде сөйлеп, домбырамыз төрімізде тұруы керек!» деді. Ал, хиджаб, нихап жайын қозғағанда, арабтарға еліктеп, бет-аузын тұмшалап алатын қыз-келіншектерімізді орынды сынап, тіпті, Қағбаға кіргенде сол араб әйелдерінің өзі бет-жүзі ашық күйінде енетін айтты.
Сондай-ақ, ағайын-туыс арасындағы, отбасындағы қарым-қатынас пен сыйластық төңірегіндегі пікірлері де ойландырмай қоймайды. Нұрлан имамның айтуынша, бүгінде соттардың көп қарайтыны отбасылық дау-дамайлар екен. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, бәрі де бала күнде берілетін тәрбиеден екенін айта келіп, Нұрлан имам «Кейбір еркектер әйеліне ауыз аша алмай, баласына боқтатып, соған өзі мәз болады. Ал, ертең оның өзін боқтап, жалпы аналар қауымын құрметтемесін сезе ме екен бейбақ?!» деп күйініп, әйелдерді жәбірлеп, ақыр аяғында өлтіруге дейін барған ер адамдарды нағыз сорлылардың қатарына қосты.
Осы күні бүйректен сирақ шығарып, ел ішіне іріткі сап, білсін-білмесін уағыз айтататындардың надандығын сынаған Нұрлан имам қазіргі заманда қараңғылыққа бой алдырмай, ғылым-білімді игеріп, ағылшын тілін үйренудің қажеттігін де еске салды. Өйткені, өзі АҚШ Президенті Джо Байденнің шақыртуымен сол елдегі қайырымдылық асына барғанда, Хьюстон қаласының мұсылмандар мешітінде уағыз айтуға тілі жетпей, өте қиналғанын да жасырып қалмады.
Кездесу барысында залда жиналғандар Нұрлан имамға қоятын сауалдарын қағазға жазып, жолдап, оларға да тиянақты жауап алды. Мысалы, «Меккеге әуе, не жер көлігімен барған қажылыққа санала ма?» деген сұраққа ол «Онда тұрған ештеңе жоқ. Ата-бабаларымыз бұрын жаяу-жалпылап барса, ол кезде пойыз да, ұшақ та болмағаннан» деп қысқа да нұсқа жауап берді.
Еліктегеннің жөні сол екен деп, Мұхамед пайғамбардың өзінен жасы едәуір үлкен Хадишаға үйленгені секілді жуырда 22 жас үлкен келіншекпен бас қосқан жігіттің некесін қиып, сол келіншек құралпы оның ата-анасының разылығын сұрарда, өзінің де қысылып, қайран әке-шешесінің ұялғаннан басын жерден көтере алмағанына қынжылыс білдіріп, «Тең – теңімен, тезек қабымен» болуы керектігіне назар аударды.
Сонымен, тағылымы мол кездесу соңында Нұрлан имамға имандай ұйыған елдің атынан Абай Бекей ақсақал алғыс айтып, Ұлы Абайдың кітабы мен ескерткіш мүсінін, Айжан қажы Меккеден әкелген таспиығын сыйлап, шәкірті, Абай ауданының бас имамы Асхат Қанатұлы шапан кигізсе, Сәрепті ауылының Жәнібек есімді мәрт азаматы оған ат мінгізді.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz