Жаңалықтар

Ілияс ақын – ілтипат төрінде

Есілдің жағасынан ақжолтай хабар жетті. Әріптесіміз, «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, ақын Ілияс МҰҚАЙ Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Мүшелік билетті одақ төрағасы, Алаштың аймаңдай ақыны Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ табыстады.Ілияc Мұқай – Арқаның алтын бесігі Ақтоғай ауданының Айыртас ауылында туған. Жастайынан жалынды жырларымен танылған ақынның өлеңдері Қарағанды қаласында жарық көрген «Қалам құдіреті», «Дүниеге келер әлі талай Қасым», «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ!» ұжымдық жинақтарына енген.


2011 жылы ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Ғұмырымның көктемі» атты тұңғыш жыр жинағы «Жалын» баспасынан жарық көрген. Республикалық Бұқар жырау, Т. Айбергенов, Т. Молдағалиев, Н.Мәукенұлы атындағы әдеби сыйлықтардың иегері.
Оның өлеңдерінде ауылға деген іңкәрлік, бауырға деген ақеділ ағалық қасиеттер қайнап жатады. Жүрегі әбден әсерге малынып, жазбауға болмаған кезде ғана жазу үстеліне отыратын оның жырларынан ұлттық қайнардан қанып өскені байқалып, өзінше бөлек сөз саптау, ой қорыту байқалады. Қарапайым дүниені құлпыртып, көркем өлеңге аналдырып жіберетін шеберлігі бар. Жырлары қырғыз тіліне аударылған. Бірнеше өлеңіне ән жазылып, үлкен сахналардан орындалып жүр.
Әріптесіміздің осы өзіне жүктелген жауапкершіліктің үдесінен шығып, өндіре жазуына бек тілектестік білдіріп, шалқар шығармашылық шабыт тілейміз!

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button