АймақБас тақырыпБасты тақырыпҚарағанды

Шахтинск қаласы мен Абай ауданында жергілікті тұрғындарға 140 жаңа пәтер беріледі

Арқа атырабы бүгінде жаңа келбетін қалыптастырып келеді. Өндіріс ошағы есептелетін қалада да, қаймағы бұзылмай, қазаны қайнаған ауылда да тұрмыс сапасы жандану жолында. Халықтың қалауына сай тұрғын үйлер тұрғызылып, заманауи мектептердің іргетасы қаланып, мердігерлер медициналық нысандар салуда.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Баспана – бақыттың бастауы

Әлеуметтік саясаттың негізгі тетігінің бірі болған тұрғын үй құрылысының ауқымы күн санап кеңеюде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 540 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде мемлекеттік үлес небәрі 6 пайыз болса, негізгі жүктемені жеке инвестициялар көтеріп отыр.

Ал, биыл аймақта шамамен 548 мың шаршы метр тұрғын үй (5172 пәтер) салу жоспарланған. Оның 83 пайызы – жеке қаржы есебінен. Құрылыс саласында да жеке кәсіпкерлердің белсенділігі үдеп тұрғанын осыдан-ақ анық аңғаруға болады. Әлеуметтік осал топтардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін мемлекет қосымша тетіктер енгізуде. Атап айтқанда, мемлекеттік бюджет есебінен 2025 жылы 8,3 млрд теңгеге 528 жалдамалы баспана, ал, 4,9 млрд теңгеге 567 несиелік пәтер сатып алу көзделген. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен бөлінген 3,6 млрд теңгеге 259 жалдамалы үй сатып алу межеленген.

– Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысында жеке инвестицияның үлесі артып келеді. Мемлекет тарапынан да қолдау тетіктері бар. Көбіне әлеуметтік осал топтар мен жас отбасылардың баспанаға қол жеткізуіне көп мүмкіндіктер қарастырылған. Жыл соңына дейін жоспардағы 1400-ден астам пәтерді ел игілігіне беруді көздеп отырмыз. Мыңнан астам отбасының қоныс тойын тойлайтын күн де алыс емес, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Саян Мұратұлы.

Облыс аумағындағы өңірлерде де тұрғын үй турасындағы түйткілдің түйіні тарқатылып келеді. Балқаш, Абай қалаларында, Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында жеке құрылыс компаниялары мемлекет тапсырысымен әлеуметтік тұрғын үй тұрғызып жатыр. Ал, Теміртау, Саран, Приозерск қалаларында ескі үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған.

Жоспарға сай биыл Шахтинск пен Абай ауданында екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, жергілікті тұрғындарға 140 жаңа пәтер беріледі. Бұл баспаналар «Отбасы банк» арқылы цифрлық ипотекамен жеңілдетілген шарт арқылы үлестірілмек.

Жаңа білім ошақтары бой көтеруде

Биыл білім саласының дамуына айрықша көңіл бөлінді. Облыс аумағында алты жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде, Қарқаралы ауданы Талды ауылындағы 200 орындық мектеп жаңа оқу жылында білім айдынында желкенін керді. Қарағандыдағы білім беру орындарына келетін болсақ, №50 мектептің қосымша ғимараты 2025 жылдың соңында пайдалануға берілмек. Ал, Үлкен Михайловка аталған бөлігінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жоспар бойынша жүріп жатыр.

«Жайлы мектеп» бағдарламасы да өңірге жаңаша дем берді. Жаңа ауданда 1200 орындық ірі білім ошағының есігі айқара ашылды. Бұқар жырау ауданында үш мектеп (Үштөбе, Ғабиден Мұстафин, Доскей ауылдарында), ал, Шет ауданында екі жаңа мектеп (Ақсу-Аюлы және С.Сейфуллин кенттерінде) қолданысқа беріледі. Бұл ауқымды жобалардың тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction». Жаңа білім нысандарының ашылуы ауылдық жерлердегі үш ауысымдық оқу мәселесін шешіп, балаларға заманауи жағдайда сапалы білім алуға жол ашады.

Халыққа қолжетімді медицина

Ұлттық «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2023 жылдан бері өңірде 92 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 11 дәрігерлік амбулатория, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт және 47 медициналық пункт бар. Биыл Бұқар жырау ауданының Тұзды ауылында ашылған жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт – соның нақты дәлелі бола алады.

– Көп жылдан бері ауылда қарапайым көмектің өзіне зәру болып келдік. Енді жаңа нысан бар, жарық бар, су бар. Ауылдағы қарапайым халықтың қамы үшін ашылған орталық енді халықтың саулығы үшін қызмет етеді, – деді пункттің жетекші маманы Гүлнар Жұмабекова.

Жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2023 жылы облыстағы 14 ғимарат пайдалануға берілсе, өткен жылы тағы 12 нысанның құрылысы аяқталды. Қалған құрылыс нысандары осы жылдың соңына дейін қолданысқа тапсырылмақ.

Сонымен қатар, қалалық орындарда денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңартылды. Балқаш қалалық орталық ауруханасында ангиографиялық ота жасайтын жаңа корпустың құрылысы жүргізілуде. Қарағандыдағы облыстық онкологиялық диспансерде де қосымша операциялық-реанимациялық блок салынуда.

Түйін

Ел ертеңін анықтау үшін жасалған жұмыс қашан да қарқынын бәсеңдетпейді. Әрбір тұрғызылған үй, салынған мектеп, жаңарған жол – халық игілігі үшін атқарылған еңбектің айғағы.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button