Бас тақырып

Ілгерілеу іргетастан басталады

Былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс сапасына бақылауды күшейту қажет екенін атап көрсеткен болатын. «Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние», – деген Мемлекет басшысы сараптама жүргізу ісін мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі күн тәртібінде тұрғанын да айтқан еді. Сонымен қатар, Үкіметтен нарықтағы шынайы бәсекені сақтай отырып, барлық тараптың мүддесін ескеруді талап етті.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Баспанаға бастар жол
Тамыздың екінші жексенбісінде еліміз құрылысшылар қауымының кәсіби мерекесін атап өтеді. Осы айтулы күн қарсаңында Мемлекет басшысының жоғарыдағы сөздері құрылыс саласының стратегиялық мәні мен жауапкершілігі зор миссиясын тағы бір мәрте айқындай түскендей. Сол себепті де, біз де ел экономикасының іргетасы саналатын санқырлы саланың бүгінгі даму қарқынына үңіліп, оның жетістіктері мен өзекті мәселелеріне зер салуды жөн көрдік.

Ә деген бетте тұрғын үй құ­ры­лысына жеке инвестиция тар­ту – құрылыс саласындағы мем­лекеттік саясаттың стратегия­лық бағыты екенін ескергеніміз ләзім болар. Мемлекет тарабы да тұрғын үй заңнамасында белгіленген санаттарға жататын азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатында кешенді шаралар қабылдауда. Осы ретте жеке капиталдың құрылыс секторына белсенді араласуы, нарықтық тетіктер мен мемлекеттік қолдаудың үйлесімділігі құрылыс индустриясының тұрақты дамуын қамтамасыз етпек. Дәйектеп көрелік.

Облыс аумағында тұрғын үй құрылысы қарқынды даму жолында. Былтырғы жылы 540 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қолданысқа берілген тұрғын үй көлемінің 6%-ын мемлекеттік тұрғын үй қоры құрады. Ал, биылға арналған жоспарға сәйкес, өңірде жалпы ауданы 548,0 мың шаршы метр немесе шамамен 5 172 пәтерді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған көлемнің 83%-ы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 236,1 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 2 154 пәтер өз иесін тапқан. Мемлекеттік қолдау мен жеке инвестициялардың үйлесімі тұрғын үй нарығын дамытудың тиімді құралына айналып отыр.

Кезек күттірмейтін мәселе

Баспана демекші, кезегін кү­тіп жүрген азаматтардың тұр­ғын үйге қолжетімділігін жедел қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар үшін бірқатар заңнамалық тетіктер көзделген. Атап айтқанда, мемлекеттік бағалы қағаздар арқылы алынған қаражат есебінен дайын бастапқы тұрғын үйді, сондай-ақ, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының кепілдігімен қамтамасыз етілген үлестік құрылыс нысандарындағы пәтерлерді сатып алу құқығы заң жүзінде бекітілген. Жылдық жоспарға сәйкес, әлеуметтік жағынан осал санаттағы кезекте тұрған азаматтар үшін 8,3 млрд теңге қаражат қарастырылып отыр. Қомақты сома жалға берілетін 528 пәтерді сатып алуға сарп етіледі. Сонымен қатар, кезекте тұрған азаматтарға арналған 567 несиелік пәтерді сатып алу үшін қосымша 4,9 млрд теңге бөлінеді. Қолдаудың атаулы шаралары халықтың әлжуаз топтарын баспанамен қамтамасыз етуде аса маңызды. Мемлекеттік және жеке сектор арасындағы ынтымақтас­тық, сондай-ақ, қаржыландыру көздерінің әртараптандырылуы тұрғын үй нарығындағы әлеуметтік теңгерімді қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Осылайша, үйге мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 1 103 пәтер сатып алу жоспарлануда. Оның ішінде, 787 пәтер – жалға берілетін тұрғын үй, ал, 567 пәтер – кредиттік тұрғын үй ретінде ұсынылады.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Республикалық бюджет есебінен бастапқы нарықтан 259 жалға берілетін пәтер сатып алуға 3,6 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Кешенді шаралар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға, әсіресе, әлеуметтік осал топтарға нақты көмек көрсетпек. Мәселен, Шахтинск қаласы мен Абай ауданында екі несиелік тұрғын үй құрылысы аяқталып, 140 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Кредиттік тұрғын үйлер «Отбасы банкі» арқылы, салымшылар бастап­қы жарнаның қажетті көлемін (бағдарлама шарттарына сай 10-20%) жинаған жағдайда, жеңілдетілген шарттармен беріледі.

Қазіргі уақытта өңірдің бірнеше аудандарында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қарағанды, Балқаш қалаларында және Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Шет аудандарында жеке құрылыс салушылар жергілікті атқарушы органдарға сату үшін тұрғын үйлер салып жатыр. Сонымен қатар, Теміртау, Саран және Приозерск қалаларында ескі тұрғын үйлерді қайта жаңарту жұмыс­тары жүргізілуде. Осы баянды бастамалар өңірде тұрғын үй саясатының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын және әртүрлі санаттағы азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру бағытында нақты қадамдар жасалып жатқанын көрсетеді.

Нысандардың дайын болуына байланысты жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік тұрғын үй қорын толықтыру мақсатында белсенді түрде конкурстық рәсімдер өткізуде. Бүгінде аталған бағытта елеулі нәтижелерге қол жеткізілді: жергілікті атқарушы органдар кезекте тұрған азаматтар үшін барлығы 81 пәтер сатып алды. Атап айтқанда, Қарағанды қаласында – 15 пәтер, Абай ауданында – 40 пәтер, Бұқар жырау ауданында – 12 пәтер, ал, Шет ауданында – 14 пәтер иеленіп, тұрғындарға табысталуға дайын.

Оқушыға – орын, ұстазға – мүмкіндік

Білім беру инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалмады. Биыл өңірде 12 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде, оның алтауы облыстық бюджет қаражаты есебінен, ал, қалған алтауы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынуда. Облыстық білім басқармасы өкілдерінің мәліметінше, қазіргі таңда алты білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында Қарқаралы ауданы Талды ауылындағы мектеп бар. Нысан құрылысы қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар, Қарағанды қаласындағы «Үлкен Михайлов» деп аталатын стансада 300 орындық мектептің құрылысы басталған. Жоба 2026 жылы аяқталмақ. Облыс орталығындағы №50 орта мектепке қосымша корпус салынуда. Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста тағы алты мектептің құрылысы жүріп жатыр. Тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы. Аталған мектептердің қатарында Шет ауданының Ақсу-Аюлы және Сәкен Сейфуллин кенттерінде салынып жатқан 300 орындық екі мектеп бар. Сонымен бірге, Бұқар жырау ауданының Үштөбе ауылында, Ғ.Мұстафин кентінде және Доскей ауылында да әрқайсысы 300 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, Қарағанды қаласының «Жаңа аудан» шағын ауданында 1200 оқушыға арналған заманауи мектеп салынуда. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қоғаммен байланыс қызметі өкілдерінің ұсынған ақпаратына сәйкес, осы алты мектептің барлығы 2025 жылы толықтай пайдалануға беріледі. Жалпы, мұндай жобалар облыстағы оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, сапалы білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруға және балаларға қолайлы оқу жағдайларын жасауға сеп.

Ақордадан ауылға дейін

Ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023 жылдан бастап, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоба шеңберінде өңірде барлығы 92 жаңа денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Олардың қатарында 11 дәрігерлік амбулатория, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт және 47 медициналық пункт бар. 2023 жылы 14 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Ал, былтыр тағы 12 нысанның құрылысы сәтті аяқталды. Қалған медициналық мекемелерді қыркүйек айының соңына дейін аяқтап, іске қосу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, өңірдегі ірі қалаларда да денсаулық сақтау инфрақұрылымы дамып келеді. Жыл соңына дейін Балқаш қаласындағы ангиографиялық операциялық орталықтың бас корпусына жапсаржайды, сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогына жапсаржайды пайдалануға беру жоспарлануда. Баянды бастамалар ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, өңірдегі денсаулық сақтау сапасын жаңа деңгейге көтермек.

Міне, көріп отырғанымыз­дай, ел іргесін нығайтатын істер кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Құрылыс саласындағы қарқын тұрғын үйден бастап, мектеп пен емханаға дейінгі өмірлік маңызды нысандар арқылы айқын көрініс табуда. Мемлекеттік қолдау мен жеке бастаманың ұштасуы, жүйелі жоспар мен нақты қадамдар – бүгінгі жетістік жұрнағы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button