Бас тақырыпБасты тақырыпЖаңалықтар

Ілгері басудың өнегелі үлгісі

Тереңірек үңіліп бағамдасақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – аса ауқымды ұғым. Оның аясында қарапайым қайырымдылық шаралары мен демеуші ретінде кез келген істе көмек қолын созуды, жергілікті қауымдастықтың кез келген түйткілді мәселелерінің түйінін тарқатуға дайын болуды, қоғам мүшелерінің заман талабына сай өмір сүруіне қолайлы жағдай тудыруды, сондай-ақ, осы тектес басқа да көптеген мәселелерді қарастыруға болады. Арқа төсіндегі ірі өндірістік компаниялардың бірі – «Жәйрем кен-байыту комбинаты» акционерлік қоғамын дәл осындай жауапкершілік жүгін мақсаткерлікпен арқалаған іргелі кәсіпорын санатына жатқызуға толыққанды негіз бар.

 

Жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, олардың алаңсыз ғұмыр кешуіне мол мүмкіндік беріп отырған комбинат басшылығы атқарушы билікпен арада қол қойылатын меморандум шарттылықтарына сәйкес, Жәйрем кентінің жаңғыра түсуіне дәнекерлік етіп, бұқара қауымның мұң-мұқтажы орындалуына үздіксіз жағдай жасап келеді. Соның нәтижесінде Кеңес дәуірінен кейінгі өтпелі кезеңде шаруасы қожырап, өң-ажары тайған кент келбеті келісті түрге еніп, әлеуметтік бағытта көптеген әлеуетті істер атқарылды. Оларды тізбелей берсе, жуыр маңда түгендеп шығу жеңілге соқпайды.

Мәселен, өткен жылғы меморандум аясында комбинат тарапынан кент ауруханасына сырттан шақырылған 14 дәрігер-маманға еңбекақысына үстеме негізде баспана төлемақысын ескере отырып, әлеуметтік төлемдер берілген. Бұдан бөлек, бір реттік көтерме жәрдемақы ұсынылған. Жүдеу күйдегі аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, заманауи үлгідегі модульді қазандық орнатылуы – әлеуетті әрекеттің бірегейі.

Осы орайда, кент орталығынан сыйымдылығы 400 орынға жуықтайтын ерекше бітімдегі еңселі мешіт ғимаратын тұрғызып, жергілікті қауымның алғыс-батасына кенелгенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, бұрынғы мешіт үйін жұртшылықтың діни сауатын ашатын орынға бейімдеп, жиһазбен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз еткен екен. Ескі Жәйрем кентіндегі мешіттің ағымдағы жөндеуден өткізіліп, көше бойының толықтай жарықтандырылуы – осы кәсіпорынның ізгі ниетті істерінің бірі.

Өзгелерге өнеге боларлықтай өнімді шаруалардың қатарына Мәдениет үйінің көрікті күйге енуін, орталық көшелерді жарықтандыру мақсатында бағаналар, балаларға арналған ойын алаңдарының орнатылуын, жаяу жүргіншілер үшін тротуарлардың салынуын, кенттің коммуналдық саласына қызмет көрсететін кешенді бригада үшін арнайы техникалардың сатып алынуын, әлеуметтік дүкен төңірегінің жарықтандырылуын, кенттегі 2-орам қазандығының жөндеуден өткізілуін, 7-орамда су ысыту қазандықтарының салынуын жатқызуға болады. Бұлардан тысқары, кент әкімдігі ғимаратының жөнделуі мен жарақтандырылуы, мектептер шатырлары мен тұрғын үйлер жертөлелерінің жаңғыртылуы, әрине аса құптарлық қадам. Ең бастысы, кент аумағындағы тұрғын үйлерді жылытуға қажетті көмір қорын сатып алып, оның сақталуын қамтамасыз етуі – таңдай қақтырарлықтай тағылымды іс. Пәтер иелері кооперативтері қазандықтарының электр жабдықтарын жөндеуден өткізіп отыру міндетін өз жауапкершілігіне алуы – комбинаттың ізгі ниетті ұстанымының айғағы. Олар сондай-ақ, кенттің коммуналдық саласында апатты жағдайлар орын алғанда көмек қолын созуға үнемі әзір және абаттандыру, санитарлық тазалық сенбіліктеріне қажетті көліктер мен өзге техниканы еш кідіріссіз бөлуді айнымас әдетіне айналдырған.

Міне, дәл осындай сипаттағы басқа да бағалы қызмет түрлері жетіп артылады.

Айтқандай, комбинат басшылығы жергілікті халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, денешынықтырумен, спортпен шұғылдануына да айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта да қомақты қаржы қарастыруды назардан тыс қалдырып көрген емес. Соған орай, түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастыру міндеті – өз жауапкершіліктерінде. Бұдан тысқары, жаттықтырушылардың іссапар шығындарын да толығымен өтеп отырады.

Дана халқымыз «Береке – бірлікте» деген тәмсілді бекерден-бекер қалдырмағаны белгілі. Атқарушы билік пен ұстанымы ұлағатты компанияның өзара түсіністік ахуалында бірлесе әрекет етуі Жәйрем кентінің жаңғырып, жайнай түсуіне, жергілікті тұрғындардың жайлы ғұмыр кешіп, әл-ауқаты артуына берік негіз қалап отыр. Жарасымды үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таба берері күмәнсіз. Бұл – өз кезегінде, ілкімді түрде іркіліссіз ілгері басу кепілі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button