Ілгері басуда іркіліс жоқ
Қаламызда алып триатлон паркі салынуда. Бұл – жаңа заманға лайық айтулы ғимарат. Қазірде құрылыс жұмыстары басталып та кеткен. Триатлон паркіндегі алғашқы жарыстар тамыз айында өткізіледі. Мұнда Олимпиада ойындары жұлдыздарының Даңқ аллеясы да ашылмақ.
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карповтың айтуынша, Оңтүстік-Шығыс пен “Көгілдір тоғандар” шағынаудандары арасында жаңа нысан жеке инвестор есебінен салынады. Өңіріміздің ірі құрылыс компанияларының бірі 500 миллион теңгеден астам қаржы бөлуді өз мойнына алды.
Спорттық нысан құрылысы үш кезеңде жүзеге асырылмақ. Алдымен баскетбол және футбол алаңдарын, стритворкаутпен айналысуға арналған аумақты, көше тренажерлері мен тұрақ орындарын жайғастырады. Сонымен қатар, триатлон паркіндегі алғашқы жүгіру және веложол осы айда пайда болады. Әзірге “Неміс көлдері” бөлігінде топырақ төгіліп, тасжолды тегістеу жұмысы жүргізілуде. Кейінірек тректерді жайғастыруға кіріседі. Барлығы халықаралық стандарттар талабына сай болады.
Су қоймаларына келсек, осы маусымда жарыстар өткізілмейді. Екі қашықтықта – 750 және 300 метрге жүзу тек келесі жылдан бастап, көлдер тазаланғанда ғана мүмкін болады. Алдағы уақытта триатлон-парк – мәдениет, демалыс саябақтары мен скверлерді басқару кәсіпорны балансына беріледі деп болжануда. Мұнда Қазақстан чемпионаттары өтетін болады. – Олимпиада ойындары жүлдегерлерінің Даңқ аллеясы Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі тарихында алғаш рет Қарағандыда пайда болады, – деді Дмитрий Карпов. – Ол американдық үлгі бойынша рәсімделмек. Триатлон-парк аумағында спорт саңлақтарының құрметіне жұлдыздар орнатылады. Бірінші болып, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің есімі ұлықталуы мүмкін. Бізде кем дегенде 20 адам бар, олар халықаралық аренадағы өз жетістіктері үшін спорт тарихында мәңгі болуға лайықты.
Сонымен қатар, облыста тағы да бірнеше нысанның құрылысы жалғасуда. Олардың бірі осы жылдың желтоқсан айының соңына дейін пайдалануға ұсынылатын Қарқаралыдағы 320 орындық заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені бюджет есебінен салынады. Облыс әкімдігі мен қалақұрушы компания арасында жасалған меморандум бойынша міндеттемелер аясында бір жылдан кейін Теміртау қаласында салынып жатқан осындай спорт кешенінің пайдалануға берілуі күтілуде. Пришахтинскіде бассейні бар спорттық-сауықтыру кешені құрылысына өз қаражатын салғысы келетін ірі жеке инвесторлардың бірі де бастамасын ұсынған.
– Соңғы үш жылда жаттығу мен сауықтыруға арналған нысандар саны 72-ге көбейгенін атап өткім келеді. Өңірде олардың 2968-і бар, оның 1142-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Оның ішінде, Абай қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Қарағанды мен Осакаров ауданындағы үш көпфункционалды корт, Саран мен Балқаштағы спорт алаңдары бар. Жыл соңына дейін тағы 17 спорт алаңы мен 22 көпфункционалды хоккей корты орнатылады, – деп нақтылады Дмитрий Карпов.
Сараптама комиссиясының оң қорытындысы үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы бойынша алынды. Жезқазған, Шахтинск, Қаражал қалаларында жүзу бассейні бар заманауи құрылыстар пайда болады деп жоспарлануда. Әзірше Жезқазған қаласында ескек есу спорт түрлері үшін спорт кешені, Нұра ауданының Нұра ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бұқар жырау ауданының Ботақара кентіндегі және Ақтастағы спорт кешені, сондай-ақ Жаңаарқа ауданының Атасу кентіндегі жабық жүзу бассейні бойынша тиісті құжаттар әзірленуде. Келесі жылы Қарағандыда күрес орталығы мен 50 метрлік жүзу бассейнін ашу жоспарлануда. ҚР Теннис федерациясының есебінен теннис орталығының құрылысы басталмақ. “Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымы” республикалық федерациясы каратэ спортының аула клубын ашуға уәде беріп отыр.
Светлана СБРОДОВА.