Ілағамның Балқантауы (Эссе)
Бірінші лирикалық шегініс. Балалар ақыны
Осыдан он жыл бұрын Қарағандыға Ілия Жақанов келді. Зәулім сарайда композитордың 70 жылдық мерейтойы өтіп жатқан. Ілағаның «Балқантаулары» бірінен соң бірі сахнада қанат қағып, арқаны шымырлатты! Кенет, елуден асып, алпысқа тұяқ іліктірген бәйбішелер шеруі басталып кетті. Баяғыда шеттерінен көз арбаған сұлу келіншек болғаны көрініп тұр… Қолдарында букет-букет гүлдер! Маэстро гүл көмбесінің астында қалды.
Концерттен соң Ілия ағамен оңаша қалған бір сәтте:
– Балқантауға бет алғанда жолыңыздағы Қарқаралыға қарайламай, үстінен қалай өте шықтыңыз? – деймін көкейде көптен бері мазалаған бір сауалды алдыға шығарып!
– Сенің Қарқаралыңның жігіттері жолымды бөгеп, мен соларға қарамай өте шыққан деп ойлап жүрсің бе? – деді сонда Ілағам сабырлы қалпымен мырс ете түсіп.
– Мені Балқантауға бауыр бастырған Кәрім ағаң ғой! Соның жебеуімен менің Арқадағы алтын бекетім Балқантау болған! Төрт әннен тұратын Балқантау циклінің тууына дәнекер болған, марқұм Кәрім ғой, – деп көзіне жас алып еді сонда.
Кәрім Сауғабай Балқантауын емірене, тебірене сүйген саусақпен санарлықтай абзал азамат болатын. Ол болмаса дүниеге Балқантау әндері келмес еді! Осындайда еске орыстың ұлы ойшылдарының бірі һәм бірегейі Нестеровтің суретші Васнецовтің қабірі басында сөйлеген сөзі түседі: «Егер Ресейде Павел Михайлович Третьяков болмаса, Суриков те, Васнецов та болмас еді!».
Третьяков галереясы дүниеге қалай келді? Елдің көбісі оның байыбына терең бойламай, суретшілердің салған суретін бай көпес сатып ала салды деп ойлайды. Мүлде, олай емес. Третьяков орыс суретшілерінің шедевр туындыларын жасауға өзі ұйытқы болып, сол шығармалар дүниеге келгенше тыныш ұйықтай алмаған көрінеді. Оның 1872 жылы Достоевскийге жазған хатына көз жүгіртіңіз: «Мархабатты Федор Михайлович!» деп жазады ол. «Мен орыс живописі атты портреттер коллекциясын жинағалы жатырмын. Менде қазірдің өзінде Карамзин, Жуковский, Лермонтов, Тургенев, Островский, т.б. ақын-жазушылардың суреттері бар. Енді Герцен, Щедрин, Некрасов, Белинскийлерге қолқа салғалы жүрмін. Сіздің портретіңізді салса (майлы бояумен) қалай болар еді? Сіздің жаныңызды қинамай, суретіңізді тез, әрі әдемі салатын суретшіні өзім таңдап алар едім…». Третьяков Тургеневтің портретін салуға Перовты таңдайды. Бірақ оның эскизі көпеске ұнамайды. Сосын Репинге қолқа салады. Оның салған суреті де ұнамайды. Сөйтіп жүргенде Тургенев қайтыс болады да, сурет салынбай қалады. Қаншама мазасыз күндер мен ұйқысыз түндер босқа кетті…
Кәрім Сауғабай да осы Третьяков сынды азамат болған, меніңше? Жақсыға жаны қалмайтын жан еді. Ілағасын туғанындай басына көтерген. Талай мәрте малын сойып, құрт-ірімшігін алдына тартып, Балқантаудың басына шығарып, құдайы қонақ қылған.
Менің Ақтоғайдан Қарқаралыға көшіп келген кезім. Кәкең – онда көршілес Егіндібұлақ ауданы газетінде редактор, аупарткомның бюро мүшесі. Қарқаралының бір топ атқамінерлері бір жерде Кәкеңмен табақтас болып, мен туралы оның пікірін білгісі келеді. «Ақтоғайда алпыс қап өсегім бар, қырық қабын қалдырғам Қарқаралыда» деп жүрген кезім, соңымнан өсек-қауесет қарша бұрқап тұрған. Сонда Кәкең: «Ол сендердің маңдайыңа сыйса жақсы ғой, Алты Алаштың маңдайына сыймайтын жігіт қой бұл!»,– деген екен.
Қазір Ілағама, маған да соның орны үңірейіп тұр…
– Балқантауда кім бар, ей?
– Сауғабайдың Кәрімі!
Саңқылдап тұр сай-сайында әлі үні;
Ғажап болды оның сонда жүргені,
Аз-ақ болды, бірақ, көрер жарығы.
Қала десе, алға жүрмей қадамы,
Аңсады да жүрді сайын даланы.
Еркектерден жақсы көрді әйелді,
Үлкендерден жақсы көрді баланы.
«Тентегім…» деп сүйінеді өр ұлға,
Күйінеді тұрса біреу жолымда.
Дәлдүңге – қор, дәлдүрішке – «жыр» болып,
Қанша бала… қалды соның соңында.
Демі бітіп, тар кезеңнен өте алмай,
«Балам-ай!» деп жүруші еді Бөпем-ай!
«Құм – көп, гауһар – тапшы» деген,
Көкем-ай!
Жақсыны ылғи «Жақсы» деген көкем-ай!
Үндіс құсап кезсе суық қаланы,
Көкірегін керінеуші еді дала әні.
…Соңғы кезде мен де барам жақтырмай,
Сол Көкемді оқымайтын баланы…
Екінші лирикалық шегініс. Бағдат пен Балқантау
Балқантау десе, мамырлаған махаббат мекені елестейді көзіме. Ілағамды Балқантауға байлаған махаббаттың мұндағы талай хикаяларын мен де білем. Меніңше, бұл анау-мынау емес, махаббаттың тауы! Тек соны жырлаған Ілиясы біреу-ақ!
Кезінде осы таудың қасында, Қарқаралыда жүрсем де оған менің осы өмірде бір, екі-ақ мәрте жолым түскен екен. Баяғыда менің бір досым осы жердің бір қызына есінен тана тәнті болып еді. Мынау сол кезде жазылған өлең еді.
***
«Бір меңіңе Самарқан мен Бұқараны берер ем».
ХАФИЗ.
Адамзат пен ғаламзаттың,
Неткен ғажап болмысы мен өрнегі,
Игізеді алтын басты төрдегі.
Хожа Хафиз бір меңіне сұлудың,
Самарқанды бере салған көрінеді,
Бұқараны бере салған көрінеді.
Сондай сұлу жаһан жатты алдымда,
Ғашық болсаң батыратын зар-мұңға,
Бір аруға бере салдым Бағдатты,
Балқантауға бардым да.
Ақсораңнан Балқантауға жол құлап,
Ол бір жұмбақ, гүл мен нұрға толды бақ.
Бере салдым бір сұлуға Бағдатты,
Шаһар емес, досым еді ол бірақ.
Бағдатым маған қарап бөгелді,
Балқантауға байланады ол енді.
Әні-міне дегенімше болған жоқ,
Әлгі сұлу бас сап, ала жөнелді.
О, сұлулар,
Бәйек болып пәктігіңе сендердің,
Құдай куә, құрып бітпен шерлі ермін.
Хожа Хафиз Самарқан мен Бұқараны берсе егер,
Мен сендерге Бағдатты бергенмін.
Үшінші лирикалық шегініс. Балқантаудың басында
Сөйтіп жүргенде осы Балқантауға тағы бір жол түсті. Арамызда адамзаттан асып туған бір ару бар. Небір ақын өлең арнаған оған. Талай ақынның Музасы болған сұлу әйел. Со кезде, жаңылмасам, қырықтың қырқасынан асқан. Сыры да кетпеген, сыны да кетпеген. Мынау Балқантауға сол соңғы мәрте жол түскенде жазылған өлең еді.
***
Барар жерің – Балқантау,
Ол да біздің барған тау…
Халық өлеңі
Төрт еркекпіз бір арудың қасында.
Балқып жүрміз Балқантаудың басында.
Перизаттың көзі нұрға толады,
Он сегізден аспағандай ол әлі.
Ай келбетті әйел жүрсе қасында,
Мынау әлем – әлем-жәлем болады.
Алматыда болып тұрған дегені –
Шәйір ағам бәйгі атындай желеді.
– Махаббаттың құсы! Егер бар болсаң,
Келіп менің кеудеме қон!… Дегені…
Үндей алмай, кім дей алмай сасқанда,
Көкті көрдік көзімізді ашқанда:
Махаббаттың құсы құсап қалықтап,
Бір жұмбақ құс ұшып жүрді –
Аспанда!
Сол-ақ екен, сұлу әйел салды айтыс:
– Аспаныңа қолыңды жай, ал, байғұс!
Көрінгеннің кеудесіне қонатын,
Ол соншама, қандай құс?!
Сөйдеп еді әйел әсем реңді,
Бүкіл еркек тығырыққа тірелді:
Шәйір ағам үндей алмай қалды да,
Балқантауым сақ-сақ күліп жіберді!
– Тәркі болып, тартсаң-дағы жастай зар
Жүрсеңдерші арнадан аспай сәл:
Махаббаттың құсы келіп қонбаса
Көкірегіңді көк төбетке тастай сал!
Деген үнге жалт қарасам – Нұрағам!*
Анау шәйір өртеніп тұр күнәдан.
Маған енді ақын болу шарт емес,
Бірақ бір сөз айту керек мынаған!
Бірақ, бір сөз айту керек!
Айқара –
Аспаныңды!
Балқантауды шайқа да!
Мен айтпасам, сен айтпасаң сол сөзді,
Кім айтады?
Мынау шәйір айта ма?!
Содан сөзге берген емен мен есе,
Елемесін, елім мейлі, елесе.
Бір жырымды ішіп алып жазғам жоқ,
Сүйіп жаздым!
Күйіп жаздым немесе!
…Шәйір ағам содан жөнді болмай жүр,
Дәмесі зор, туар емес сондай жыр.
Меніңше, оның көкірегіне көктен кеп,
Махаббаттың сол құсы әлі қонбай жүр…
Қызық болып қырық жастан асқанда,
Көкті көрем көздерімді ашқанда:
Бір сұлу қыз бұлбұл ұшып көзімнен,
Бір сұлу құс әлі ұшып жүр – Аспанда…
*Нұрмахан Оразбек.1978 ж.
Төртінші лирикалық шегініс. Айхой, Балқантау!
Ілия Жақанов – жиырма бірінші ғасырда қазақ ұлттық музыкасының інжу-маржандарын бір жүйеге түсірген ғұлама музыкант! Пассионер! Композитор! Жазушы! Суретші! Өмірлері тар жол, тайғақ кешуде өткен Кенжебек Күмісбеков, Мыңжасар Маңғытаев, Шәмші Қалдаяқов, Бекен Жамақаев, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Садық Мұхамеджановтардың өмірге кеткен есесін көзі тірісінде қайтарған күрескер тұлға осы!
Өткен жылы Қарағандыға Ілағам келді. Ілағамның құрметіне жайылған мейрамханадағы дастарханда «Балқантау» әндері бірінен соң бірі тамылжып, бізді Едірейдің даласына өзімен бірге ала кетті! Кәрім Сауғабай ғана жоқ… Ілағам мұңды. Бір жаққа алаңдап отырғандай абыржулы. Нөкер боп тізілген Жаңаарқаның жігіттері ағаны алды-артына қаратпай алды да жөнелді! Мынау сол күні жазылған өлең. Кәрім Сауғабайдың аруағына. Автор.
Шер – көңіл,
Сендей тұлға керек екен елге бұл
Балқантауға бармай кетті Ілағам,
Ат шалдырмай кеттім оған мен де бір.
Оған қайта соғар ма екен ол енді,
Оған қайта соқпас па екен ол енді?!
Атыраудан кеше Арқаға келді де,
Жаңаарқаға құстай ұша жөнелді…
Сексен дейтін жасында,
Қаумалаған қалың нөкер қасында
Баурайында әнін шырқап, шіркін-ай,
Кім жүр екен Балқантаудың басында?
Ет-бауырым езіліп,
Қапияда Ілағаммен кезігіп;
…Мен отырмын әннен басқа, дүниеде,
Түктің мүлде қалмайтынын сезініп,
Айхой, Балқантау!
08.03.2024 ж.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері.