Жаңалықтар

Игіліктен ешкім шет қалмайды

Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте облыс орталығындағы құрылыс жобалары талқыланды. Онлайн кездесуде қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат КАМАЛИЕВ осы жылдың соңына дейін атқарылатын жұмыс бойынша есеп берді. Кеңесте қаралған мәселе бұл ғана емес. Газдың тарифін бекітуге де тапсырма берілді. Әкім коммуналдық шаруашылық саласы басшылығы мен аудандық әкімдіктерге тұтынушыларды газ желісіне қосу бойынша жұмысты бастауға және халықпен байланыс мәселесін пысықтауды тапсырды.

Жиын қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға арналды. Солнечная көшесінен «Западная» сорғы станциясына дейін су тартқышты қайта құрылымдау аяқталуға жақын. «Алматыинжстрой» АҚ айналысқан жоба 2020 жылдан ауысқан. Жоспарланған 8,7 шақырым су құбырын төсеген мердігерлер құбырларды тұтынушыларға бұру жұмыстарын жүргізуде. Мұрат Камалиев осы жылдың соңына дейін жұмыстар аяқталады дейді. Су құбырының жаңа желісінің құрылысы бұрынғысының тозығы жеткендіктен іргелес тұрғын үй құрылысының шаруашылық-ауыз су және өртке қарсы қажеттіліктеріне арналған.

Шілдеден «Күнгей» шағын ауданының тұрғын үйлеріне инженерлік желілер салу бойынша жоба іске асырыла бастағаны да жағымды жаңалық. «Электромонтаж» АҚ құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, жоспарлы 58,3 шақырым кабельдік желі трассасының 15,2 шақырымы салынды. Бірақ, жоспарлы 1 971 тіректің 1 338-і ғана жөнделгендіктен, жоба келесі жылға көшеді.

2017 жылдан Майқұдық оңтүстік-батыс ауданының I кезектегі инженерлік желілерінің құрылысы жүргізілуде. Мердігер «ALASAR INVESTMENTS» ЖШС құрылысы аяқталмаған тұрғын үйлерге байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Одан бөлек, бағаның өзгеруіне байланы сты жобаға түзетулер енгізіледі, – дейді Мұрат Тілеубекұлы.

Сондай-ақ, биыл Бабушкин, Лужниковская, Ужгородская, Коммунистическая көшелері бойынша, Лиговскаядан Каретнаяға дейін кәріз желілерінің құрылысы басталған. Мұрат Камалиев «Теміртау жөндеу орталығы» ЖШС мердігерлік ұйымы 1,381 шақырым кәріз құбырын толық төсеп біткенін де айтты. Нысанды пайдалануға қабылдау актісіне қол қойылғаннан соң көшелер орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз етіледі. Шахтер кентінің тұрғындары да ыстық су мен жылудан кенде болмайды. Аталған елдімекенде, атап айтсақ, Кемеровская көшесінде сорғы станциясымен бірге жылумен және ыстық сумен жабдықтау бойынша құрылыс жүргізілуде. Мердігер – «Сапа құрылыс 2007» ЖШС. Бұл тұрғындарды орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алайда, 2021 жылы жобаны қаржыландыру болмауына байланысты, кейінге шегерілген. Бірақ, «қырқына шыдаған қырық біріне де шыдайды» демекші, кент тұрғындары 2025 жылды күтеді.

2025 жылға дейін іске асырылып жатқан тағы бір жоба – ЖЭО-3 жылу трассасының тұрғын үй алаптарын жылумен жабдықтайтын магистральдық желілерінің құрылысы. «НС Система» ЖШС мердігерлік ұйымы 5 құбыр желісін төсеп үлгерген. Жоба бойынша 23 690 млн. теңгеге 4 сорғы станциясының құрылысы салынуы керек. Қазір жоба жобалық шешімдер мен сметалық құнын қайта есептеу бөлігінде түзетуден өтуде, – деді Мұрат Камалиев.

Онлайн кеңес барысында қала басшысы Ермағамбет Бөлекпаев газ мәселесіне де тоқталды деп айттық жоғарыда. Газ тарату желілерін салу 2019 жылы басталып, жоспардағы 75,58 шақырым құбырдың 42,98 шақырымы төселген.

Жоба аяқталғаннан кейін біз халықтың өмір сүру жағдайын жақсартамыз, тұрғын үй қорын абаттандыру деңгейін көтереміз, тұтынушыларды сұйытылған газдан табиғи газға ауыстырамыз. Бұдан басқа, қалалық инфрақұрылымның инвестициялық тартымдылығы артып, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптік өндірістің өсуі үшін жағдайлар жақсарып, ал қоршаған ортаға техногендік әсер деңгейі төмендеуі тиіс, – деп қорытындылады Мұрат Камалиев.

Қарағандыны газдандыру жобасын іске асыру мерзімі 2019-2025 жылдар аралығы екенін естеріңізге саламыз.

Салтанат ІЛИЯШ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button