Игілікке айналған идея
Екі күнге созылған «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрмесі қатысушыларға да, келушілерге де ерекше сезім сыйлады. Облыстың әр түпкірінен келген кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды, келушілер болса, тауарды тек көріп қана қоймай, қолмен ұстап, дәмін татып, сатып алды. Біреулер үшін бұл – жаңа бастама, ал, кейбіреулерге көрме – жетістіктерін бекемдей түсетін мүмкіндік.

Көрменің атмосферасы ерекше. Қолдан жасалған ірімшік пен жаңа піскен нанның иісі, киіз бұйымдар мен түрлі пішіндегі сабындар, шеберлердің әңгімелері, шынайы еңбек пен ұлттық құндылық қонақтарды баурап алды. Көптеген кәсіпкерлердің тауарлары түске дейін-ақ сатылып кетті.
Көрмені «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков пен жұмыспен қамту мен палатаның шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры Гүлия Жүнісова аралап көріп, қатысушылармен тілдесті.
– «Бір ауыл – бір өнім» – бұл жай ғана көрме емес. Бұл – қозғалыс. Ауыл кәсіпкерлеріне мүмкіндік берілсе, олар үлкен жетістіктерге жете алатынын көрсетіп отыр, – деді Тимур Нақыпбеков.
Кәсіпкерлердің арасында өз ісіне берілген адамдар көп. Қарағандылық Лаура Жанабаева табиғи майлар мен өсімдік тұнбаларынан қолдан сабын жасап алып келді. Осы кезең ішінде ол үй жануарларының тоң майын (жануардың қатты майы) қолдану арқылы жасалған сабын өнімдерінің сапалық артықшылықтарына көз жеткізді. Қолданушылар тарапынан түскен ұсыныстар мен сұраныстарды саралай отырып, ол бұл бағыттағы бизнесті зерттеп, меңгеріп, нақты жүзеге асыруды мақсат етіп отыр.
– Сабын өндірісінде қолданылатын негізгі шикізат – жануардың тоң майы – қайта өңдеу арқылы дайындалады. Бұл өнімнің адам ағзасына зиянсыз әрі пайдалы болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында пайдаға жарамай жатқан шикізатты іске асыру мүмкіндігі туындайды. Осы шикізаттан кәсіпкер балалар мен ересектерге арналған иіс, сұйық, скраб, кір сабын түрлерін, сусабын дайындаймыз. Сонымен қатар, ыдыс жууға арналған сабын, еден жууға арналған құралдар, дақ кетіргіштер, кір жуатын ұнтақтар секілді тұрмыстық химия өнімдерін де шығарамыз. Жобаны қолға алғанда табиғи және экологиялық таза өнім өндіру арқылы халықтың денсаулығын қорғауға үлес қосу және ауылдық жерлерде өндірістік мүмкіндіктерді дамытуды мақсат тұттық, – дейді ол.
Шет ауданынан келген Жанар Қаңтарбаева «Сыр өнімдері» брендімен ірімшік дайындап жүр. Дүкендерде самсап тұрған моцарелла, фета, халуми, наринэ секілді өнім түрлерінің барлығы табиғи сүттен, санитарлық талаптарды сақтай отырып жасалады. Кәсіпті ашқанына аз уақыт болса да, жергілікті тұтынушылардан көптеген жақсы пікірлер мен ризашылықтарын алып отыр.
– Күн сайын кемі 15 келі ірімшік сатамын. Арманым – толыққанды цех ашып, Қарағанды, Астана сияқты қалаларға өнім жеткізу, – дейді кәсіпкер.
Көрмеге қатысқан тағы бір ерекше жоба – Любовь Величконың табиғи материалдармен жасалған эпоксидті смола бұйымдары. Суспензиялар, көмір, шөптер мен металл бөлшектерден жасалған әшекейлер мен картиналар көрмеге ерекше көрік берді.
– Мен әр туындым арқылы табиғаттың тірі күшін жеткізгім келеді. Шабытты туған жердің топырағы мен гүлдерінен аламын, – дейді шебер.
Любовь Величко – 2000 жылы Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжін бітірген және 2005 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінде жоғары көркем білім алған суретші. Ол өсімдік тақырыбында өзіндік стиль қалыптастырды. Түрлі бағыттарды көргеннен кейін таңдауын эпоксидті шайырмен жұмысқа бағыттады.
– Эпоксидті смоламен 2012 жылдан бері айналысып келемін, – дейді көрме қатысушысы. – Осы бағытта дизайнерлердің бірқатар байқауына қатысып, бірінші және екінші орындарды жеңіп алдым. Сурет өнерін эпоксидті шайыр мен алкогольді сиялардың мүмкіндіктерімен үйлестіре отыра өзімнің қайталанбас қолтаңбамды қалыптастырдым деп айта аламын.
Оның шығармалары Art Start және «Художники в массы» жобаларында қойылды. Сондай-ақ, қалалық және халықаралық суретшілер байқауларында бірнеше марапаттарға ие болды. Өнерін кәсібіне айналдырып, сол арқылы адамдарды шабыттандырып жүр.
Adal Sauda Company компаниясы ALAQAI брендімен табиғи ет пен сүзбеден жасалған жартылай дайын өнімдерді ұсынды. Өнім «Халал» сертификатына ие және шикізат жергілікті ауыл тұрғындарынан алынады. Қазақстан Діни басқармасының қолдауымен «Халал» өнім сертификатын алған. Қазіргі таңда ауылдың сегіз тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Оның төртеуі жұмыспен қамту орталығы арқылы «Күміс жас» мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмысқа қабылданған.
Долинка кентінің тұрғыны Алтынбек Аманжолұлының кәсібі өзгеше. Ол – табиғи және гипоаллергенді материалдардан жасалған ортопедиялық матрастар өндірісімен айналысып, сапалы ұйқы мәдениетін қалыптастыруды мақсат еткен жергілікті кәсіпкер.
Ол жетекшілік ететін өндірісте ортопедиялық матрастар шығарылады. Басты ерекшелігі – табиғи және гипоаллергенді материалдарды қолдану арқылы адам денсаулығына зиянсыз, ұзақ қызмет ететін өнім ұсыну.
– Өндірісте қолданылатын кокос талшығы табиғи қаттылық пен ауа өткізгіштікті қамтамасыз етеді. Табиғи серпімділік беретін латекс, сонымен бірге, пенополиуретан, термоқабатталған жүн, тәуелсіз серіппелі блокты пайдаланамыз. Барлық өнім – отандық өндірістен. Келешекте жастықтар мен төсеніштер шығарып, онлайн сатуды дамытқымыз келеді, – дейді Алтынбек Аманжолұлы.
Көрмеге одан бөлек қолөнер бұйымдары, ертоқым, биогумус, табиғи шамдар, ет өнімдері, нан-тоқаштар, киіз ойыншықтар, кондитерлік тағамдар мен шұжықтар ұсынылды. Көрме соңында үздік он жоба өңірлік бренд комитетіне жолданып, үшеуі республикалық деңгейде таныстырылатын болды.
– Ауыл тек еңбекпен емес, идеямен де мықты екенін дәлелдеді, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.
«Бір ауыл – бір өнім» – өзін-өзі жұмыспен қамту, отандық брендтер мен ауыл кәсіпкерлерінің ерекше жобасы. Бұл – әр ауылдың өз өнімін мақтанышпен көрсете алатын алаңы. Қарағандыдағы бағдарлама өзін-өзі жұмыспен қамту, жергілікті брендтер мен жетістік тарихтарының мерекесіне айналды. Бұл көрме әр ауылдың өз өнімі, өз энергиясы және мақтанышы бар екенін дәлелдеді. Ең бастысы – уақытында қолдау көрсету және сену.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»