Медицина

Игілігі орасан орталық

Спорт дамуы үшін ел намысын халықаралық ареналарда қорғайтын саңлақтарға жағдай жасалуы тиіс. Спортшы ештеңеге мұқтаж болмағаны абзал. Бір сөзбен айтқанда, жарау аттай тыпыршып тұрғаны керек. Жаттығу залы, спорттық киімі, стипендиясы, тағысын-тағы. Спорттық медицина деген маңызды сала бар. Осы сала артта қалса, спортымыз қарыштайды деу – бос әуре. Денсаулығында кінәрат бар атлетті байрақты бәсекеге кім жібереді?! Спорттан алған жарақатты қарапайым дәрігер емдей бермейді. Қыр-сыры бөлек. Біздің аймақта осы жылға дейін дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері болған жоқ. Кеңес үкіметінде жұмыс істеген диспансер 90-шы жылдары жабылған. Міне, биыл сол жыртығымыз жамалды. Қазан айында облыстық дене-шынықтыру және спорт басқармасының «Дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев арнайы қатысқан еді. Бұл – биылдың айтулы жаңалықтарының бірі деп ауыз толтырып айта аламыз.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Саланың маңызы

Спорттық медицина – спорттық жарақаттардың алдын алу мен емдеуге, хирургиялық отадан кейінгі күтімді жүзеге асыруға бағытталған сала. Тарихы сонау көне Грецияда жатыр. Грециядағы Олимпиада ойындарында пайда болған. Халықтың көңілін көтеретін, тұтас бір елдің, ұлттың намысын арқалаған спортшының денсаулығын жақсарту үшін небір тәсілдер қолданылған. Физиология төңірегінде жасалған зерттеулер – осы саланы әжептәуір ілгерілеткен. Қазір АҚШ пен Германияда, Аустралия мен Канадада жақсы дамыған.

Қарағандыда биыл ғана ашылды. Бұл диспансер 1996 жылы жабылып қалған екен. Аты аңызға айналған небір спортшылар осында емделген. Совет үкіметінің спорты – өз дәуірінде дүркірегенін білесіздер. Төрт құбыласы түгел болғаннан шығар?! Мұндай диспансерлер қазіргі таңда Павлодар, Алматы, Астана, Шымкент және Өскемен облыстарында қызмет көрсетуде.

Диспансерде 5 бөлім бар. 1-ші бөлім – спорттық медицина.

Мұнда ағымды, кезеңді және тереңдетілген медициналық тексерулерден соң спорттық еңбекке жарамдылықты, уақытша еңбекке жарамсыздықты сараптау, спорт түрлері бойынша сабақтарға рұқсат беру мәселелері жүзеге асырылады, емдік дене шынықтыру бөлімі бұзылған функцияларды қалпына келтіру, немесе, орнын толтыру және оларды өткізу мен тиімділігін бақылауды жүзеге асыру мақсатында емдік-дене шынықтыру әдістерін қолдану мәселелері бойынша емдік-консультативтік қабылдауларды жүзеге асырады. Функционалдық диагностика бөлімі – диагностика және зерттеудің функционалдық әдісін жүзеге асырады; клиникалық-биохимиялық зертханада науқастың қаны арқылы бойында қандай дерт бар екенін экранға шығарып беретін заманауи құрылғы бар. Әлгі құрылғы «BA 200» деп аталады. 1 сағатта 200-ге жуық зерттеу жасай алады. 1 күнде 44 адамның қанына талдау жүргізеді. Бөлім басшысы Дана Утенованың сөзінше, осы құрылғы арқылы көп уақыт үнемделеді.

– Бұл құрылғы адамның ағзасы қандай жағдайда екенін айтып береді. Спортшыларымыз өз дертін анықтау үшін емханаларды аралап жүрмейді. Кезегін күтіп сарғаймайды. Бір күннің ішінде бәрі анықталып, ем-шаралар қабылдай бастайды. Пайдасы мол. Көбіне спортшыларымыз емге уақытын жоғалтып алады. Ал, елдің намысын қорғайтын саңлақтар әрқашан сақадай сай жүруі тиіс, – деді Дана Утенова.

Физиотерапия кабинеті – диспансердегі маңызды бөлімнің бірі. Бұлшық еті, сіңірі созылған, немесе, аяқ-қолы сынған спортшыларға осында ем-дом жүргізіледі. Баяу қимылмен жаттығулар жасайды. Мұнда мамандандырылған әдіскерлер бар.

Сонымен қатар, көздің көру деңгейін анықтайтын құрылғылармен жабдықталған бөлме бар. Ультрадыбыстық аппаратпен қамтылған. Жүйкесі сыр берген спортшыларды да емдейді. Жүйкеге жауапты жіңішке тамырлардың да ақауын анықтайтын құрылғы тұр. Травматологтар, кардиологтар, невропатологтар, ортопед, реабилитолог, психолог және тағы да басқа қызметтер көрсетіледі. Диспансерде 20 дәрігер және 9 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.

Лебіз

Осы диспансерде джиу-джитсудан ҚР спорт шебері, биылғы Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем кубогінің иегері, былтырғы Азия ойындары мен Әлем чемпионатының қола медалін алған Аян Әмзе ем қабылдаған екен. Спортшымыз диспансер дәрігерлерінің кәсібилігін жоғары бағалады. Жарақаты ауыр болғаны соншалық, «спортпен қош айтысамын ба?» деп уайымдаған екен. Бірақ, ауыр ота жасатып келген спортшыны Қарағандының абзал жандары емдеген.

– Осы жылдың мамырында Әлем кубогінің финалында иығымды жарақаттап алған едім. Жарақаттан соң дер кезінде емделе алмадым. Моңғолияның астанасы Улан-Батордағы Әлем чемпионатына жөнелдім. Бірінші белдесуімде жарақатымды асқындырып алдым. Иық сүйектерін жалғап тұратын ет пен сіңір жыртылып кеткен екен. Астанада ота жасатқаннан кейін осы диспансерге келдім. Маған кәсіби реабилитолог қажет еді. Себебі, жарақат өте ауыр. Ота да оңай болған жоқ. Мұнда массаж қабылдадым, физиотерапиядан өттім. Осы диспансердің мамандарына алғысым шексіз. Әсіресе, реабилитолог дәрігер Жанат Молдаканова мен Зәру Елшебекова деген массажисті ерекше атап өткім келеді. Күнделікті жағдайыңды, көңіл күйіңді бақылап отырады. Әр күн сайын «әлі-ақ жазылып кетесің, мұңайма» деп жігерлендіреді. Виктория Регер деген нұсқаушының да жұмысына жоғары баға беремін, – деді чемпион.

Қарағандының кәсіби спортшылары бұрын жарақатын емдету үшін Алматыға сабылуға мәжбүр болған. Өйткені, кәсібилігі жоғары деңгейдегі мамандар шоғырланған диспансер сол шаһарда. Енді жағдай басқа. Ұлттық құрамаға талай чемпионды берген ұстаханадай Қарағандының өз диспансері бар. Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогінің иегері, қазақ боксының жарық жұлдызы Серік Сәпиев «Бұл диспансер Қарағанды үшін ғана емес, жалпы қазақ спорты үшін зор маңызға ие» деп отыр.

– Мен көптеген түрлі диспансерлерді, оңалту орталықтарын көрдім. Алайда, мұнда ең жаңа жабдықтар орнатылған, барлығы сапалы спорттық медицина үшін жасалған. Бұрын ем алу үшін Алматыдағы спорттық медицина және оңалту орталығына баруға тура келетін. Қазір осы жерде қолжетімді. Меніңше, бұл – қарағандылық спортшылар үшін үлкен мүмкіндік. Барлық жағдай жасалған. Енді тек жеңіс тұғырына шығу қалды. Осындағы мамандардың жұмысына сәттілік тілеймін. Спортшыларымыз жарақатсыз өнер көрсетсін деген тілегім бар, – деді Серік Сәпиев.

Диспансердің ашылу рәсімінде спорт ардагері Валерий Громов аймақ басшысының алдында қуанышын ақтарған еді.

– Бүгінгі таңда медицинасыз спортты елестету мүмкін емес. Өйткені, жүктеме үлкен. Мұндай қолдаусыз нәтиже болмайды. Қарағандылықтар үшін бұл, әсіресе, келесі жылғы Олимпиада ойындары қарсаңында керемет сыйлық. Орталықтың ашылуын асыға күттім. Бірақ, мұндай кең ғимарат, керемет база, жайлы болады деп ойлаған жоқпын. Күткенімнен де жақсы диспансер екен. Спортшыларымызға осындай қамқорлық көрсетіп отырған аймақ басшылығына зор алғысымды білдіремін – деді спорт ардагері Валерий Громов.

Ибрагим Магомадов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Грек-рим күресімен 13 жасынан айналысады. Биыл Астанада өткен Азия чемпионатында Ұлттық құраманың қоржынына жалғыз алтынды салған балуанымыз. Саран қаласының тумасы. Қазақстан және спартакиада чемпионы. Халықаралық турнирлердің жүлдегері. Биылғы әлем чемпионатының алдында қабырғасын жарақаттап алған.

– Қабырғаның жарақатынан күреспек түгілі, емін-еркін қимылдауым қиындап кетті. Дем алуым да азапқа айналды. Қарағандыда дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері ашылды дегенді естіп, бірден келдім. Тексерістен өтіп, ем-шараларға кірісіп кеттік. Қарағандылық дәрігерлерден мұндай кәсібилікті күтпегенімді жасырмаймын. Қысқа уақыт ішінде жарақатымнан айықтырды. Емнен бөлек, психологиялық қолдау көрсетті. Уайымымды сейілтті. Міне, қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге шексіз алғысымды білдіремін, – деді Ибрагим Магомадов.

Түйткіл

Қарағандының дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінде проблема да жоқ емес. Диспансер басшысы Алшынбай Сұлтановтың сөзінше, қазір мұнда кәсіби мамандар жеткіліксіз. Себебі, спорттық медицина барлық аймақта кенжелеп қалған.

– Бұл проблеманы шешудің жалғыз жолы бар. Біз биыл Қарағанды медицина университетінің басшылығымен қажетті спорттық медицина мамандарын оқытуға келісімшарт жасамақпыз. Яғни, мамандарымыз нақты осы сала бойынша тереңдетілген білім алып шығады. Қарағанды медицина университетінің мамандарды дайындауға әлеуеті зор. Еліміз бойынша беделге ие. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланған жөн, – деді Алшынбай Сұлтанов.

 

Түйін

Спортшы – елдің даңқын асқақтатады. Мынау байтақ Қазақстанды жаһанға танытқан дарындарымыз көп. Ал, Қарағанды – чемпиондардың ұстаханасы екені даусыз.

Енді тек саңлақтарымыздан жеңіс күтеміз

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button