Жаңалықтар

Игі бастамаға қолдау бар

Кеше облыстағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде «Азаматтық бастамалар күні» өтті. Осы орайда, әртүрлі жастағы қала тұрғындарының жобалық кеңсе мамандарына ұсыныстарын білдіріп, ілкімді жобаларын ұсынуға мүмкіндігі бар. Сәйкесінше әрбір азаматтың пікірі ескеріліп, жобасы таразыланбақ.

Жобалық кеңсенің әкімшісі Наталья Красникованың айтуынша, қабылданатын жобалардың арасында мәдениет пен өнер, білім, спорт саласынан бөлек, еңбегі елеусіз қалған ерлерге ескерткіш орнату, ҰОС ардагерлеріне көмек көрсету секілді маңызды ұсыныстар болуы мүмкін.

  • Өткен жылы 100-ден астам жоба қабылданған болатын. Әсіресе, жастардың басым көпшілігіне белгілі бір саладағы жағдайды жақсарту үшін, өңірде жүзеге асыруға болатын қызықты идеялар және ұсыныстарды ортаға салу мүмкіндігі берілді. Биыл ұлттық құндылықты жаңғыртуға қатысты ілкімді жобаларды мектеп оқушылары мен ұстаздардан күтеміз. Жақсы жобаларды таразылап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асыруға ниеттіміз. Әрбір жаңа бастама, талқыға түскен ұсыныстар және пікірлер ескеріледі және іске асыру үшін мемлекеттік органдарға ұсынылады, – деді Наталья Красникова.

Жобалық кеңсе әкімшілері облыстың қалалары мен аудандарындағы өмірді сапалы етуге қатысты кез келген ұсыныстар мен тың идеяларды тыңдауға дайын екендігін айтады.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button