Иесі де, киесі де өзі еді…
Президент сыйлығының иегері, публицист,
қаламгер Мағауия Сембайдың туғанына – 70 жыл
Қасиетті қарашаңырақ «Орталық Қазақстан» газетінде талай редактордың қарамағында қызмет атқардық. Олардың әрқайсысы өзіне лайықты із қалдырғаны сөзсіз. Солардың арасында қырық жылдан астам редакцияда қызмет атқарып, соның соңғы жиырма екі жылында редактор болған Мағауия Сланбекұлы Сембайдың орны ерекше еді.

Ол туралы естелік жазу үшін сан рет стол басына отырдым. Бірақ бірден бастап кете алмадым. Мағауды ойлаған сәтте қаптаған оқиғалар ұшығы басыңа келеді де, бір шетінен ұстатпай, қолма-қол пышырап жөнеле береді. Бұл несі екенін түсіне алмай дал болдым. Сөйтсем, ол аса жақсы білген, бірге жүрген жан туралы қимастық сезімнің салдары екен. Кеше ғана жаныңда жүрген адам туралы өткен шақта жазудан артық азап жоқ!
Мағаштың таудай бейнесі әлі көз алдымда. Сол жымия қараған беті әлі тұр. Жоқ, ол өлген жоқ…
Ол редакция алдында ақ машинадан түсіп жатыр… Ол өзі отыратын кеңсеге қарай келе жатыр… Ол кабинеттегі үлкен столының басында жұмыс істеп отыр… Ол коридордың түпкі жағындағы орында бір топ қызметкерді жинап алып, ортасында темекісін бұрқырата шегіп тұр… Ол бұл жерге жалғыз келмейді. Ерсінді, Ерғазыны, тағы басқа жігіттерді шақырып алады. Тек қана шылым шекпейді, редакциядағы бір жұмыстардың шетін шығарып, соны ортаға салып, ой тастап тұрады. Ол мәселе кейінірек лездемеде бүкіл қызметкерлердің алдына салынады (салынбауы да мүмкін). Осылардың барлығы көз алдыма келгенде Мағаудың қара жердің қойнында екендігі есімнен шығып кетеді де, телефонды ала салып звондағым, дауысын естігім келіп кетеді.
Кейде машинасына отырғызып алып, үйге әкеліп тастайды. Сондай сәттерде де жай отырмай, редакцияның бір жайлары туралы ой қозғап отырады. Кейде ауруханаға жатқанда да газетті үзбей алдырып тұрады. Оның әрбір нүктесіне дейін қалдырмай оқып, жақсысына сүйсінеді, кемшілігі болса – күйінеді. Ол туралы кейін жұмысқа шыққан сәтінде лездемелерде айтып отырады. Қонақта болған сәттерде де «Бізде ертең бәлен деген жақсы мақала жарық көреді – оқыңдар» деп мағмұрлана айтып, бір марқайып қалатын. Мұны айтып отырған себебім – бұл оның қай уақытта болмасын ойында «Орталығы» жүретіндігінің, газетпен біте қайнасып, ішек-қарнына дейін араласып кеткендігінің көрінісі. «Орталығын» еш уақытта ұмытпайтын. «Орталығы» оның күнделікті дем-тынысына, күнделікті жан азығы мен тән азығына айналып кетіп еді… Онсыз өмір сүруді көз алдына елестете де алмайтын. Оған уақыт деген оның патша көңілінен шығуына тоқсауыл болды. Зейнеткерлік жасқа да келді… Сол күні зейнеткер болуымен құттықтағам. Бірақ қуанып, елпеңдей қойған жоқ. Көңілінде ризашылықтың жоқтығын содан білдім.
Редакцияда бір кездері қызмет атқарған Қали Садықов, Қағазбек Сәденов, Қайыркен Сұлтанов, Зарқын Тайшыбаев сияқты ардагерлерді ұмытпай, әрқашан еске алып отыратын. «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма редакторы» атты стенд жасауға бас-көз болып, оған «Орталық Қазақстанның» сонау «Советтік Қарағанды» болып іргетасы қаланғаннан күні кешеге дейінгі барлық редакторларының суреттерін орнаттырды. Ол ашылған күні редакцияда қызмет атқарған, қазір өзі жоқ азаматтардың артындағы жарларын шақырып, оларға «Орталықтың келіндері» деп сый-құрмет көрсетті. Сөйтіп, ардагерлерді кейінгі жастарға үлгі етті. Қазіргі көзі тірі ардагерлерді де ұмытпай, кейде әр түрлі шараларға шақырып қояды.
Екі-үш жылдай республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, аппаратта аға тілші қызметтерін атқарып келді. Кейде Шерағаң (Шерхан Мұртаза) туралы еске алып, өзінің «Шерханның шекпенінен» шыққандығын мақтан ететін. Өзінің алғашқы редакторы Рамазан Сағымбековті, кейіннен келген Нұрмахан Оразбековті үлгі тұтатын. Олардың редактор ретіндегі, басшы ретіндегі айтулы істерін өзінің де қайталайтыны бар еді. Дегенмен, үнемі ізденісте болатын ол қазіргі заманға орай өзіне ғана тән жарқын жолын таба білді. Қандай да болмасын бір жаңалықты жарқ еткізіп, газет бетінде көрсетуге тырысты. Одан соң оған өзі дән риза болып, көпке дейін көңілді жүруші еді.
Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасына арқау болған Баян батырдың шет ауданы жеріндегі мәңгілік мекен еткен қорымын табуға атсалысты. Сол сапар туралы өзі әрқашан айтып жүрді. Мақала шыққан газеттің сол санын келген адамдарға көрсетіп, бір рахаттанып қалатын.
Мағаш жастарға да қамқорлық жасап, жас журналистерді қанатының астына алуды да ұмытқан жоқ. Редакцияға әр жылдары келген жастарға ақыл айтып, «Үйретіп отырмасаң, бұлардың қаламы әлі бас білмейді» деп қояды. Солардың ішінде біраз жыл «Орталықта» қызмет атқарған Қамбар Ахметов «Егемен Қазақстан» газеті редакторының орынбасарлығына дейін көтеріліп, өзі қызмет атқарған қарашаңыраққа редактор болып қайта оралған еді, қазір республикаға мәлім басшылық қызметте. Өзі баулып шығарған Ерсін Мұсабеков қазір «Орталықтың» тізгінін ұстаған беделді басшы. Мирас Асан болса, «Егеменнің» бөлім меңгерушісі болды. Жалпы алғанда осы өзінің «Орталығында» қызмет атқарып жүрген жас журналистердің барлығы да Мағаш ағасының аялы алақанын сезінген, қаламгерлік қолдауын көргендер десек, жаңылыс айтқан сөз емес.
«Орталықтың» иесі де, киесі де бола жүріп, қарымды қаламгер ретінде танылды. Сонысымен басқаларға үлгі болды. Қалам қайратының арқасында «Жауынгер қыздар» – «Боевые подруги» (Е.Лұқпановпен бірігіп жазған), «Қолыма қалам алдым айтамын деп…», «Алаштың алдаспаны», «Құбылыс», «Наркескен» атты кітаптары жарық көрді. Мөлдіретіп қана шағын бір ойдың ұшығын шығарып, тоқтай қалушы еді. Оны газетке «Ой-тамызық» деген айдармен жариялап жүрді. Кейін сол атпен олар жеке кітап болып шықты да.
Осындай еңбегі еш кеткен жоқ. Жиырма бес жасында Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты болды, кейіннен Г.Толмачев атындағы республикалық байқаудың «2009 жылғы таңдаулы БАҚ редакторы» сыйлығын иеленді, сол жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды, Президенттің баспасөз саласындағы сыйлығына қол жеткізді. Облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының бас жүлдесін олжалады. Басқа марапаттары өз алдына бір бөлек әңгіме. Міне, осылардың барлығы да кейінгілерге үлгі-өнеге боларлық жайттар.
Тағы бір қуанышты жағдай – облыстық архивте Мағауия Сембайдың жеке қоры ашылды. Оның бүкіл құжаттары, жазған-сызғандары, кітаптары, марапаттары сол қорға тапсырылды. Мағаштың қаламынан тек газеттің қара мақаласы ғана емес, повестер мен әңгімелер туындаған деп айтсам артық емес. Мен бұл сөзді шатасып айтып отырған жоқпын. Оның қаламынан туған Мұхтар Мағауин, Тоқтар Әубәкіров туралы жазғандары повестерге, очерктерінің өзі әңгімелерге бергісіз мөлдіреп тұрған туындылар екендігінде сөз жоқ. Егер сұм ажал арамыздан жұлып алып кетпегенде әлі де талай дүниелерін алдымызға тартар еді.
Қайран, Мағаш! Енді тек есімізге түсіріп, дұғамызға қосып отырудан басқа бізде басқа шара қалған жоқ. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның Құрметті журналисі