Идеялар мен армандар қаласы
Астанада EXPO көрме алаңында ұйымдастырылған «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен кәсіптік-техникалық ұйымдардың басын қосқан жиын болды. Бұл – Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылындағы» алғашқы ауқымды іс-шара. Фестивальді Қасым-Жомарт Тоқаев та тамашалады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салаларға маман даярлау үдерісімен танысты. Сондай-ақ, еңбек нарығындағы сұранысқа және әр өңірдің ерекшелігіне қарай кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын трансформациялау мысалдары баяндалды. Президент атом электр стансасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру қарсаңында сапалы білім мен кәсіби дағдыны меңгерген мамандар өте қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтарының қаласын» аралап көрген соң өңірлерден келген жастармен жүздесті. Ол кез келген еңбек қадірлі, құрметке лайық екеніне назар аударып, жастарды аянбай еңбек етуге шақырды.
Фестиваль Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен және басқа да салалық ведомстволардың, ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындардың қолдауымен ұйымдастырылғанын атап өту керек. Кәсіби білім беру жүйесі мен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың көрінісі десе болады.
Жобаның мақсаты – жұмысшы мамандықтар беделін арттыру, экономикада сұранысқа ие мамандықтарды танымал ету, жастар арасында кәсіптік бағдар беруді дамыту, жұмыс берушілердің қызметкерлерді оқытуға және қолдауға атсалысуын ынталандыру.
Фестиваль болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзара әрекеттесу алаңына айналады. Бірегей формат келушілерге арнайы құрылғылар мен интерактивті платформалардың көмегімен әртүрлі кәсіптердің ерекшеліктерімен танысуға және экономиканың түрлі салаларында өздерін сынауға мүмкіндік береді. Арнайы тақырыптық көшелер: тау-кен металлургия, машина жасаушылар мен көлік саласы қызметкерлері көшесі, ауыл және су шаруашылығы қызметкерлері көшесі, құрылысшылар көшесі, болашақ мамандықтары, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер бұрышы және басқалары салынды.
Ауқымды шараға елдің барлық өңірлерінен жұмысшы мамандық иелері, жастар жиналды. Қарағанды облысынан фестивальға үш жетекші колледж қатысты. Олар металлургтердің, энергетиктердің, тас және плита қалаушылардың шығармашылық үйлерін таныстырды. Онда шараға келушілер интерактивті форматта өздерін сынай алады. Былайша айтқанда, тас қалаушы, құрылысшы, металлург мамандары болуына мүмкіндік жасалды.
Теміртау жоғары политехникалық колледжі өзінің әлеуметтік серіктесі «Qarmet» компаниясымен бірге кеншілер мен металлургтер көшесінде қара металлургия үйін орнатты.
– Өзімізбен бірге «Жас маман» жобасы бойынша сатып алған жабдықтарды: тренажерлар, металлографиялық микроскоптар және басқаларды әкелдік. Келушілер пішіндемелер арқылы домна пеші мен конвертер болат балқытушысының жабдықтарын көрді. Олардың арнайы киімдері мен аяқ киімдері жоғары температураға төзімді материалдардан жасалған. Жалпы металлургтердің жұмыс үдерісін көрсетеміз. Шеберлік сабақтарын да дайындап әкелдік, – деді Теміртау жоғары политехникалық колледжінің директоры Салтанат Ақбергенова.
Осы көшеде асыл металдар үйі бар. Оны өзінің әлеуметтік серіктестерімен, жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі таныстырды. Көрмеге келген кез келген адам бұрғылау қондырғысының, тиегіштің тренажерларында жаттыға алады. Сонымен қатар, оқу орны энергетиктер мен мұнайшылар көшесінде электриктер үйін тұрғызды. Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің директоры Жанар Рахымованың айтуынша, шеберлік сабақтарында энергетика туралы толымды да, қызықты мәлімет беріледі.
Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі құрылысшылар көшесінде тас қалаушылар мен плита төсеушілер үйін таныстырды.
– Тас және тақтайша кесу станоктарында студенттер құрылыс материалдарымен кірпіш қалау және тақтайшамен қаптау жұмыстарын көрсетеді. Интерактивті аймақта фестивальдың бес күні аясында оқушылар арасында кірпіш қалау бойынша байқаулар өткіземіз, – деп хабарлады колледж директоры Әсел Сапарова.
Фестивальда белгілі болғандай, биылғы жаңа оқу жылынан бастап кәсіптік оқу орындарында атом энергетикасы, дрон құрастыру және машина жасау салаларына қажет мамандарды даярлауды қолға алды.
Жалпы, қалашықтағы 40 интерактивті көрмеде 200-ден астам мамандықтың қыр-сырына қанығып, экономика секторларының ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік жасалды. Фестиваль аясында бес күн бойы түрлі семинарлар, шеберлік сағаттары, инновациялық сессиялар мен бос жұмыс орны жәрмеңкелері, концерттер мен тренингтер ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, алғашқы екі күннің өзінде шараға 15 мыңнан астам адам келген. Бүгін – көрменің соңғы күні.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»