АймақБалқаш

Идея игілікке жеткізді

Балқаш қаласында заманауи әрі экологиялық таза орындықтар орнатылып, қаланың келбетіне жаңа серпін берді. Қайта өңделген пластиктен жасалған бұл ерекше бұйымдар қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерімен көмкеріліп, этностильде безендірілген. Бұл бастаманың авторлары – «Қазақмыс» корпорациясына қарасты политехникалық колледждің студенттері Аида Мұханова мен Толғанай Жолдыбай. Оларға тарих пәнінің оқытушысы әрі ғылыми жетекшісі Гүлзада Шайжанова жетекшілік еткен. Аталмыш жоба байқауда топ жарып, 800 мың теңге көлеміндегі грантты жеңіп алды.

Сурет автордан

Бұл креативті жоба – 2023 жылы өткен «Туған жерге қамқорлықпен!» атты экологиялық марафон аясында ұсынылған «Эко-этно тұғыр» бастамасының нәтижесі. Жас экологтар орындықтардың дизайнын жасап қана қоймай, күннен қуат алатын шамдардың жұмыс механизмін ойлап тапқан. Сонымен қатар, жобаның техникалық сызбалары мен құрылымын өздері әзірлеген.

– Балқашта полимер қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорын болмағандықтан Қызылорда облысындағы өндіріс орнымен әріптестік орнаттық. Олар бізге орындықтар мен қоқыс жәшіктерін, сондай-ақ, күннен қуат алатын шамдарды дайындап берді. Ал, колледждің техникалық қызметкерлері бұл жабдықтарды күтіп-баптауды өз мойнына алды, – дейді жоба жетекшісі Гүлзада Шайжанова.

Қас қарайғанда орындықтардың маңындағы шамдар автоматты түрде жанады. Күн сәулесінен қуат алатын бұл шамдар электр энергиясын үнемдеп, қаланың экологиялық ахуалына оң ықпал етеді.

Айта кетейік, жоба жетекшілері мен студенттер бастаманы кеңейтуді жоспарлап отыр. Болашақта Балқаштың өзге де аумақтарына осындай экология­лық орындықтар орнатылмақ. Тіпті, демеушілердің көмегімен келешекте әр орындық маңында қазақтың күмбірлеген күйлері шырқалатын музыкалық құрылғылар да орнатылуы мүмкін.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button