Идея игілікке бастайды
Ұлттық құрылтай отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды дамытудың басымдығы мен жас азаматтарды мемлекеттік және қоғамдық өмірге белсенді тарту қажеттігін ерекше атап өтті. Құрылтайда айтылған идеялар, бастамалар мен міндеттер өңірлердегі жастар саясатын жаңарту мен күшейтудің бастапқы нүктесі. Құрылтайдағы жастар мәселелері Мемлекет басшысының ұсыныстары мен өңірлердегі нақты қадамдармен тығыз байланысты. Осы орайда Жаңа Қазақстанды дамыту жолы қоғамда жастардың азаматтық бірегейлігін нығайтуға, еріктілер қозғалысын, кәсіпкерлікті және тәлімгерлік жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өткен жөн.

Мемлекет басшысы аудандардағы дарынды жастарды қолдаудың, сондай-ақ, тарихты, дәстүрлерді зерделеу және әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатысу арқылы күшті патриоттық ұстанымды қалыптастырудың маңызын атады.
«Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет» деп атап өтті Президент.
Осы орайда бүгінде аудандағы Жастар ресурстық орталықтары бастамаларды іске асыру алаңы ретінде жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Мұнда тренингтер, шеберлік сыныптары, дебаттық турнирлер өткізіледі. Сондай-ақ жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік және білім беру мәселелері бойынша консультациялық кабинеттер де жұмыс істейді.
Бұқар жырау ауданында бүгінде 14 жастан 35 жасқа дейінгі 14 777 адам тұрады.
Жастардың жалпы санының 33%-ы мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында оқиды. Еңбекке қабілетті жастағы жастардың 74%-ы жұмыс істейді. Ал 7,8% – уақытша жұмыссыз жастар. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдар, жұмыссыздар, үй шаруасындағы әйелдер және бала күтімі бойынша жұмыс істемейтін аналар, NEET санатындағы адамдар бар.
Мансаптық және жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері қатарынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, аулаларды аралау және қолдау шаралары мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы консультациялар жүргізу үшін ауылдық округтер мен кенттерге баратын мобильді топтар құрылды.
Жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту негізінен «2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» шеңберінде жүзеге асырылады. Өткен жылы осы жобаға 876 адам қатысты. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 635 адам, субсидияланған (уақытша) жұмыс орындарына – 175 адам, «Жастар практикасына» – 40 адам, «Бастау Бизнес» жобасында 44 адам білім алды.
Әлеуметтік осал топтағы жастардың кәсіпкерлік бастамасына жәрдемдесу мақсатында Мансап орталығы жаңа бизнес- идеяларды іске асыру үшін 8 грант берді.
Жыл сайын конкурстық негізде жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға аудан әкімінің гранттарын беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы 16 млн 500 мың теңге сомасына жастар кәсіпкерлігін қолдау мен дамытуға аудан әкімінің 13 гранты берілді.
Бұл орайда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарды ұмытпаған абзал. Осы мақсатта жастарды психологиялық қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі жоба іске асырылды. Жоба аясында ауданның психолог-мамандарының құзыреттілігін арттыру және оларды жергілікті жерлерде жастарға психологиялық көмек көрсетуге тарту үшін әлеуметтік инновациялар мен жастармен жұмыс әдістері бойынша бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Қабылданған шаралар NEET-жастардың санын азайтып, жұмыспен қамтамасыз етуге, бизнесін құруға, жастардың радикалдануына жол бермеуге мүмкіндік берді.
Бүгінде Мұстафин кентіндегі Бұқар жырау агротехникалық колледжінде «тамақтандыруды ұйымдастыру», «аспаз», «дәнекерлеу», «ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі» мамандықтары бойынша 88 студент оқиды.
Жастар ресурстық орталығы мен агротехникалық колледжі арасында ынтымақтастық туралы меморандумы аясында мүдделі мемлекеттік мекемелермен және ұйымдармен, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды кеңейту көзделген. Колледж студенттерінің кәсіби құзыреттілігі мен дағдыларын арттыру үшін жағдай жасалады. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және жастарды экономиканың нақты секторына тарту назардан тыс қалмайды.
Жақында Жастар ресурстық орталығы сертификатталған мастер-жаттықтырушы, жоғары санатты практик психолог С.Серикованың қатысуымен 2 семинар-тренинг ұйымдастырды. Жастарға Мемлекет басшысы атап өткен «Адал азамат» идеясын талқылады. Ашықтық пен адалдық, жауапкершілік пен кәсібилік сынды қасиеттер айтылды. «Қазіргі әлемдегі жастар үшін рухани-адамгершілік құндылықтар мен өмірлік маңызды құзыреттіліктер» тақырыбын қозғады.
Бұқар жырау ауданында жастардың маусымдық жұмыспен қамтылуы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының қызметі шеңберінде жүзеге асады. Биыл Ботақара, Ғ.Мұстафин, Көшоқы, Доскей, Ростовка, Көкпекті, Үштөбе, Петровка ауылдарында 8 «Жасыл ел» жастар жасағы жұмыс істейтін болады. 3 маусымда жазғы кезеңде негізінен халықтың осал топтары арасынан 200 жас жұмысқа орналасады.
Арғын ТЕМІРЖАНОВ,
Бұқар жырау ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы