Идея бизнеске бастайды
Қарағандыдағы IT-хабта өткен Демокүні үздік командалар өнер көрсетті. Олардың қатарында болжамдардан бастап алғашқы клиенттерге дейінгі жолды жүріп өткен, шетелдік нарықтарды бағындыруға бағытталған жобалар болды. Арасында тек тәжірибелі командалар ғана емес, мектеп оқушылары да бар. Диабетпен ауыратын адамдарды қолдауға арналған Diabalance қосымшасын әзірлеген жоғары сынып оқушыларының командасы ерекше назарға ие болды.

– Біз жылына үш рет бизнес-бағдарламалар өткіземіз. Үздік командалар бағдарламалар финалында өнер көрсетіп, гранттар мен инвестицияларға үміткер болу үшін қазылар алқасына жобаларын ұсыну мүмкіндігіне ие болады, – деді «Террикон алқабының» басқарушы серіктесі Диана Салехова.
IT-хабта өткен шараға 14 жоба қатысты. Қазылар алқасының шешімі бойынша «Инкубатордың» үш түлегі жобасын одан әрі дамыту үшін 500 мың теңге көлемінде грант алды.
Диабетпен ауыратын адамдарды қолдауға арналған Diabalance қосымшасын әзірлеген командада Назарбаев зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушылары Вадим Назаренко, Әмірхан Сандыбаев және Әміржан Байкенжин бар. Олар әлдеқайда тәжірибелі командалармен иық тіресті.
– Біз нарықтың қалай жұмыс істейтінін түсініп, өнімімізді таныстыруды үйрендік, – деді Вадим.
Демокүні жобаларын ұсынған «Акселератор» түлектерінің арасында инвестиция тартуға дайын қатысушылар да болды. Алдағы уақытта өңірдің әлеуетті стартаптарын қолдау үшін хаб базасында іске қосылған Terricon Venture венчурлік қоғамдастығымен одан әрі келіссөздер жүргізу үшін бірнеше жобалар ұсынылатын болады.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»