Жаңалықтар

Ғибратты ғұмыр (Қаз-қалпында)

Аты аңызға айналған Евней Бөкетовпен алғаш рет 1972 жылдың 27 мамыр күні жүзбе-жүз кездестім. Сол күні түс ауа университет ректоры студенттердің тұрмыс жағдайымен жете танысу үшін Бейбітшілік бульвары даңғылындағы №35 үйде орналасқан жатақхананы аралап шықты.

Сурет автордан

Жатақханадағы жүздесу

– Жігіттер, ректор осында жүр! Сендердің бөлмелеріңе де кіріп қалуы мүмкін. Сондықтан, бәрін реттеп, дайын отырыңдар! – деді студенттер кеңесінің төрағасы Сағат Төлеуов. Ол бұл қызметке жақында ғана тағайындалған еді. Оның айтқаны – біз үшін заң.
Мәртебелі қонақтардың келуін асыға күтіп, абдырап қалдық. Ол кезде №420 бөлмеде қазіргі ұлағатты ұстаздар ақтоғайлық Самат Жақыпов пен жетісайлық Таңсық Тіленшиев үшеуіміз тұратын едік. Дереу Сағаттың «сценарийі» бойынша кешкі тамаққа дайындап жатқан дастарханымызды жинастырып, бөлмені реттеп, үстел үстіндегі кітаптарды қолға алдық. «Әне-міне!» дегенше, үш-төрт адам кіріп келді. Орнымыздан атып тұрып, сәлем бердік.
– Бұлар – бірінші курстың студенттері, филфактың қазақ бөлімінде оқиды, – деп біздерді таныстырды Сағат.
– О..о..о… жігіттер, сабаққа дайындалып жатыр екен ғой! Молодец! – деді Евней Арыстанұлы. Бірге еріп келген қалғандары да қал-жағдайымызды сұрап, жан-жағына көз жүгіртті.
– Тамақты қайдан ішіп жүрсіңдер? – деді орта бойлы толықша келген кісі. Біз осында ішетінімізді, керек кезінде кезектесіп ас әзірлейтінімізді айттық. Қасындағылар: «Дұрыс екен», «Жақсы екен», «Бөлмелері таза екен» деп жатыр. Оған іштей риза болдық.
– Отырып, бізбен бірге шай ішіңіздер? – дедім қонақтарға. Менің бұл ұсынысымды жатақхана бастығы Сағат қабағын түйіп, ұнатпай қалды.
– Зеке, «Қуыс үйден құр шықпа!» – деген атам қазақ. Жастардың көңілін қалдырмайық. Оның үстіне, біз де студенттік өмірді еске түсіріп, бір кесе шай ішейік, – деп ректор бірден келісті. Тездетіп ыдыс-аяқтарды үстел үстіне әкеле бастадық. Әрине, қазы-қартамыз бен жал-жаямыз жоқ. Дегенмен, дастархан жайып, шамалы студенттік мәзірімізді ұсындық.
Бір кезде Саматты шақырып, құлағына «Алып кел!» деп сыбырладым. Таңсық болса, көрші бөлмедегі қыздардан бір-екі шай кесе әкелді. Қонақтар өзара әңгімелесіп отырғанда Самат буын бұрқыратып бір таба картопты есіктен алып кірді. Әрқайсына салып беретін тарелка болмағандықтан әлгі ыстық табаның қақпағын ашып, ортаға қоя салдым. Қонақтар риза болды.
– Алыңыздар, жеңіздер! – деп қоямыз. Евекең өзі бастап, піскен картоптан дәм татты да, жақсылап бір күліп, баяғыда басынан өткен қызықты оқиғаны есіне түсірді. Қалғандары ас іше отырып, әңгімені рахаттана тыңдады.
Осы кезде дәлізден «Біздің тамағымызды біреулер ұрлап кетіпті. Кім алғанын көрдіңдер ме?» деген сөздер құлағыма еміс-еміс естіле бастады. Ішім қылп ете қалды. Қасымда тұрған Саматқа «Аналар бізге келіп қалмасын!» деп дереу ымдадым. Ол кезде жатақханада тұратын студенттер тамақты жалпыға ортақ арнайы бөлмеде пісіретін. Жасыратыны жоқ, кейде қарны ашқан жігіттер қыздардың дайын тамағына шабуыл жасайтын. Бүгін біз де қадірлі қонақтар үшін ұят та болса, осындай қадамға бардық…
Бір кезде академик Евней Арыстанұлы:
– «Әдебиет теориясының негіздері» деген оқулықтың авторын білесіңдер ме? – деді.
– Иә, білеміз! Бұл кітаптың авторы – ғалым әрі жазушы Зейнолла Қабдолов. Қазір университетте осы пәннен ұстазымыз, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қаби Лекеров сабақ беріп жүр, – деді Таңсық.
– Сол жазушының тағы қандай шығармасы бар? – деп бізге қарады. Таңсық екеуіміз жарыса сөйлеп:
«Ұшқын» және «Жалын» деген романдарын атадық.
– Бұлар жеке кітап болып шыққан. Оқығанбыз! – дедік. Осы кезде «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» – дегендей, қасымызда тұрған жатақхана басшысы Сағат Төлеуов:
– Жақында «Жалын» романын біздің группамыздың студенттері жан-жақты талдап, талқылап, арнайы диспут өткізді. Жазушының көтерген тақырыбы керемет екен! Автор кейіпкерлерін тамаша сомдапты! – демесі бар ма?!
– Онда, кәне, айта қойшы, қандай кейіпкерлерін білесің? – деді Евней Арыстанұлы. Қазақша шыққан әлгі романды қазақшасы шамалы, филология факультетінің орыс тобында оқитын Сағат қайдан білсін?! Аяқ астынан өтірік айтып, кейіпкерлерін білмей, біраз қолымен басын сипап, тұрып қалды. Сағаттың орнына курстасым Таңсық:
– Мұнайлы өлке туралы жазылған романның басты кейіпкерлері: Қабен, Тайман, Жанар, – деп дұрыс жауап берді.
– Евеке, бұл жігітті ұялтпаңыз, есіне түспей қалған шығар! – деді төрде отырған қонақ.
– Сағат-ау, сен мақтаған сол жазушы Зейнолла Қабдолов деген ағаларың мына кісі болады! – деді.
Иә, біз осылайша күтпеген жерден Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкірті, кітап авторы, академик Зейнолла Қабдоловпен Евекең арқылы алғаш рет жатақханада таныстық. Сол жолы Зейнолла Қабдолов Қарағанды мемлекеттік университеттің филология факультетін бітіргелі отырған соңғы курс студенттерінің мемлекеттік емтиханына төраға болып, Алматыдан арнайы келген екен. Көп кешікпей Зейнолла Қабдоловтың «Қазақ әдебиеті» газетіне рухани һәм өмірлік досы Евней Бөкетов туралы «Селен мен Өлең» деген бір бет материалы жарық көрді. Аталған мақалада былай деп жазылыпты:
«…Біздің алдымызда күмістей жалтыраған алты қырлы көк сұр кристалл жатыр. Бұл – «Селен» деп аталатын мыс тозаңынан ажыратылған жаңа металл. Яғни, Бөкетовтің металлургия ғылымында ашқан «Америкасы». Евнейді – Евней еткен көркем әдебиет. Ол физика мен лириканы ешқашан бөле қараған емес. Селен мен өлеңнің бірлігін, осы арадан іздеген жөн». (Е.Бөкетов, «Атан қомында туған адам». Жазушы – 1975 ж. 6-бет.)
Атақ-даңқы аңызға айналған көрнекті ғалым қазақ әдебиетінің дамуына да аянбай атсалысты. Әсіресе, аударма саласына мол тер төгіп, атақты ақын-жазушылардың шығармаларын қазақшалады. Сындарлы сыншы ретінде мерзімді баспасөз беттерінде әдебиетке қатысты орамды ой-пікірлері оқтын-оқтын жарық көріп тұрды. Ара-тұра қолына қалам алып, мәдениет мен білім, өндіріс пен өнер жайында өндіре жазды. Әсіресе, есімдері елге таныс ғұлама ғалымдар мен көрнекті тұлғалар: М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, И.Қарақұлов, Ә.Бектұров туралы жазған публицистикалық туындылары оқырманның көзайымына айналды.

Ақынның ақ тілегі

1974 жыл 16 мамыр айы. Бұл – қазіргі Евней Бөкетов атындағы университет үшін тарихи күн. Өйткені, сол күні қасиетті қарашаңырақтың іргетасы қаланып, Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде құрылыс жұмысы алғаш басталды. Бұл шараға байланысты арнайы митингі өтті. Аумағы атшаптырым жердегі мидай далаға жиналған студенттер мен ұстаздардың көңіл күйі көтеріңкі еді. Өзіміз сол бір қуанышты сәттің бел ортасында жүрдік.
Алқалы жиынды алдымен кеншілер қаласының басшысы Нариман Төлепов ашып, сөз кезегін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы (қазіргі тілмен облыс әкімі) Василий Акулинцев пен облыстық атқару комитетінің төрағасы Сұлтан Досмағанбетовке берді. Олар университет ұжымын құттықтап, білім ордасына сәт сапар тіледі.
Бұдан соң Алматыдан келген Қазақстанның Халық ақыны, ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбділда Тәжібаев ақжарма лебізін білдірді. Ол жайында студенттік өмірден жазып жүрген күнделігім былайша сыр шертеді:
– Қымбатты, достар! Менің жасым – 65-те! Мен бүгін нағыз бақыттымын! Өйткені, еліміздегі екінші университет құрылысының іргетасын қалауға қатысып отырмын. Сендер көп кешікпей қолдарыңа диплом алып, өмір айдынына қанаттанып шығасыңдар. Евекеңдей ғұлама ғалым басшылық жасаған бұл білім ордасының болашағы зор. Ертең-ақ оны әлем таниды. Армандарың орындала берсін, жастар! – деп ақ батасын берді. Бұдан кейін басқа да азаматтар ізгі тілегін айтты. Соңынан ҚарМУ қалашығының қадасы қағылды. Салтанатты шараға жиналғандар қуаныштан қол соқты. («Күнделік дәптер», 20-бет.1974 ж).
Жылдар өте келе, абыз ақынның айтқаны айдай келді. Бұл күндері республикамыздың ең үздік білім ордасына айналған…
Келесі күні университетте көрнекті ақын Әбділда Тәжібаевпен кездесу болды. Студенттердің қойған әр алуан сұрағына жауап беріп, жас ақын Тортай Сәдуақасов пен менің балауса жырларымды тыңдады. Евней Арыстанұлы мәртебелі мейманға алғыс айтып, иығына шапан жапты.
Жарты сағаттан кейін, ұлағатты ұстазымыз Мұрат Смағұлов бізді ректордың қабылдау бөлмесіне ертіп барды. Сол жерде Евней Бөкетов:
– Әбеке, мына екі ақынымызға жақсылап қолтаңба жазып беріңіз. Әлгінде өзіңізге арнаған өлеңдерін естідіңіз ғой. Түбі жаман ақын болмайды. Бұл жігіттер «Балауса» әдеби бірлестігінің белсенді мүшелері, оқу озаты! – деп біздің мерейімізді тасытты.
Көрнекті сөз зергері де ризалық сезіммен Тортайға арнап, «Көне қоңырау» атты кітабына: «Торы тайым өсіп ат болсын, жамандықтан жат болсын!» – деп екі жол өлең жазды. Осы кезде Евней ағамыз әдемі әзіл айтып:
– Әбеке, Сәбит Мұқанов сияқты «печать» жасатып алсаңызшы. Ақ тілегіңізге арналған қолтаңба «мөріңізді» кез келген уақытта кітапқа басып бере саласыз, – деді.
– Е.,е.. Сәбең сияқты біз классик емеспіз! – деп күлді де, менің кітабыма: «Балам Әли, әлі талай кездесеміз. Жаман емес, тәуір екен өлеңіңіз!» Әбділда. 15.04.74 ж.» – деп қол қойып берді.
Иә, әдебиетіміздің екі бірдей дарынды тұлғасымен дидарласқан сол тарихи сәтке де 51 жыл болыпты. Зымырап өтіп жатқан өмір-ай!

Евекең емделіп жүр екен

1 қыркүйек – Білім күнінде (1976 ж.) филология факультетінің деканы, ғалым Задан Жұмағалиевтің жұмыс орнына бардым.
Ішке енсем, Задан Тасқалиұлы екі кісімен сөйлесіп отыр екен. Міне, қызық! Алдымда қазақтың атақты ақыны – Тұманбай Молдағалиев! Қасында қарағандылық жазушы – Жайық Бектұров. Амандық-саулықтан соң Задан ұстазымыз Евней Арыстанұлының екі күн бұрын ауырып, аруханаға жатып қалғанын айтты.
– Қалай да, Евекеңе барып, сәлем беруім керек! – деді алматылық қонақ орнынан тұрып жатып. Қоштасарда Зәкең:
– Әли, Тұмағаң қайтқанша жанында жүрерсің! Сол үшін сені шақыртқан едім, – деді.
– Енді сен, менің жеке «адъютантым» боласың! – деді ақын ағам жымиып.
Біз сүт пісірім уақыттан кейін облыстық кардиология ауруханасына келдік. Жол үстінде «Жалын» журналының бас редакторы Тұманбай Молдағалиевтің Жазушылар одағының тапсырмасымен Қарағанды облысына 4-5 күнге іс-сапармен келгенін білдік. Өкінішке қарай, дәрігерлер Тұмағаңды ректор жатқан палатаға жібермеді. Оның оңтайлы жолын елге сыйлы жазушы Жайық Бектұров тапты. Жақын танысы аурухананың бас дәрігері Елубай Абжановқа телефон соғып, қонақты өзімен бірге ерте кетті.
– Евекең шаршап қалыпты! – деді Тұмағаң басын шайқап, палатадан шыққан соң. – «Сіздің қал-жағдайыңызды білейін деп, Алматыдан арнайы келдім», – дегенде бала сияқты қуанып қалды. Әңгіме арасында академик Қаныш Сәтбаев туралы жазып жатқан деректі роман туралы сұрап білдім. Бірінші кітапты аяқтапты, Қаныш әлі – 15 жаста көрінеді. Алда екі кітапқа арқау болатын өмірбаяндық материал бар екен. Оған емделіп шыққан соң кірісемін, – деп отыр. Мен «Бірінші кітапты «Жалын» журналына баса берейік, жастар оқи берсін, Евеке!» – деп едім, келіспеді. Тағы бір рет қарап шығатынын айтты, – дейді.
Осындайда заңғар тұлғаның «Қаламға да қамшылайтын қуат керек!» – деген қанатты сөзі еріксіз есіме түсті.

Ізгілік иірімдері

Академик Әлкей Марғұлан айтқандай: «Ғалымның ғибратты ғұмыры – ол бір мектеп». Ендеше, тұғырлы тұлғаның соңында өз мектебі қалыптасты. Евекең өмірде өте қарапайым еді. «Мен ректормын, академикпін!» демейтін. Уақытының тығыздығына қарамастан, ара-тұра унверситеттегі жастардың «Балауса» әдеби бірлестігінің жұмысына қатысатын. Сол басқосуларда жас ақындар: А.Бөкенов, Ж.Қоғабаев, Т.Сәдуақасов, Ж.Смағұлов, Т.Тіленшиев, Н.Ибрайым, С.Смағұлова, Т.Майбас сияқты талапкерлердің туындыларын талқылағанда пікірін ірікпей, әсерімен бөлісіп, ақыл-кеңесін беріп отыратын. «Кешегі жазғаның бүгін өзіңе ұнап отырса, ол – өспегендігің!» – деуші еді. Тіпті, арамызда жүрген ақын Базар Мамыровтың: «Студенттердің дастарханы шағын болғанымен, пейілі кең!» – деп келетін өлеңін өзгелерге үлгі ететін.
Аталған үйірменің «Балауса» деп аталатын қабырға газетін екі ай сайын шығаратынбыз. Көлемі бес метрден кем болмайтын үнпараққа ақын-жазушылардың шығармалары мен суреттері, Кеңес отырысының шешімінен соң жарияланады. Жазуы маржандай студент қызымыз Асылтас Тасыбаева ғана жиналған материалдарды қағаз бетіне көзмайын тауысып отырып түсіретін. Өйткені, ол уақытта қазіргідей ақ параққа бастырып, шығара қоятын компьютер жоқ. Университет бойынша «жалғыз» қазақ машинисткасы тек ректорда болатын еді. Орыс тіліндегі жазу машинкасы бар, бірақ, оған қазақ әріптері енгізілмеген. 1973 жылғы үйірменің кезекті басқосуында осы қиындықтан Евней Арыстанұлы құтқарды.
– Бұдан былай газет материалдарын түгелдей менің машинисткам Гүлбану Артықбаева апайларың басып береді! – дегенде, қуанып кеттік.
Айта кету керек, ұлағатты ұстаз әдебиетке өте жақын болғандықтан біз оқыған 1972-1976 жылдар аралығында ҚарМУ-ге қазақтың көрнекті ақын-жазушыларын жиі шақырды. Атап айтсақ, М.Әлімбаев, А.Сейдімбеков, Ә.Әбішев, Ж.Өмірбеков, С.Мәуленов, Е.Ибраһим студенттермен кездесіп, рухани жан дүниемізді байытты. Сол кештерде аталған қаламгерлер жайлы Евекеңнің көсіліп сөйлегені әлі есімде.
Университет ректоры бола жүріп, филология факультетін бітірген біраз жігіттің дипломдық жұмысына жетекшілік етті. Олардың арасында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмағали Қоғабаевтың «Сырбай Мәуленовтің сырлы өлеңдері», ғалым, академик Ерден Қажыбековтің «Олжас Сүлейменов творчествосы», қарағандылық этнограф жазушы Төрехан Майбастың «Оралхан Бөкейдің прозалық шығармалары» және белгілі ақын Нұрғали Ибрайымның «Ақын Кәкімбек Салықовтың табиғат лирикасы» сынды ғылыми еңбектеріне басшылық жасады.
Сегіз қырлы, бір сырлы ғұлама ғалым қайтыс боларынан бір жыл бұрын Қарағанды телеарнасының «Жас қанат» хабарына қатысқан еді. Сол жолы маған берген сұхбатында: «Менен кейін не болатынын білмеймін, бірақ, мен еккен дәннің біреуі өз жемісін берсе, мен өзімді бақытты адаммын деп санар едім!» – деген жүрекжарды сөзі, әлі құлағымнан кетпейді.
Евней Бөкетов Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Ол көркем аудармамен де айналысты. Александр Пушкиннің өлеңдерін, Эмиль Золяның бір топ әңгімесін, Иван Вазовтың «Бұғауда» романын, Сергей Есениннің «Анна Снегина» поэмасын және Владимир Маяковскийдің «Қандала» пьесасы мен «Жақсы» деген поэмасын қазақшалады.
1976 жылдың 7 тамызында Жазушылар одағының облыстық филиал басшысы Жайық Бектұровтың кабинетінде жас ақын-жазушылармен кездесу өтті. Алқалы жиынды суретке түсіру үшін «Қазақ әдебиеті» газетінің тапсырмасымен фотограф Рахман Ханалиев (бертінде марқұм болды) Алматыдан келіпті. Бұл басқосуға университет ректоры да қатысты.
Сол жолы ақын-жазушылар Еркеш Ибраһим, Жайық Бектұров, Қанат Жойқынбеков, Серік Жүсіпов, Ерден Қажыбеков және осы жолдардың авторы академикті ортаға алып, ескерткішке суретке түстік. Ол сурет көп кешікпей «Қазақ әдебиеті» газетінің 1976 жылғы 20 қыркүйек күнгі санында жарық көрді.
Евекеңдей тұғырлы тұлғаның шығармашылыққа деген шынайы махаббаты мен ұдайы ізденісі, студент жастарға деген ізгілік ирімдері мен ұстаздық мейірімдері осындай еді.

Ұлы тұлғаның ұлағатты сөздері

«Атақты адамдар соңына ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады» (Плотон) демекші, Евекеңнің соңына қалдырған адамзатқа азық болатын, орамды ойлары мен қанатты сөздерінің өзі бір төбе.
Мысалы, «… Шын мәдениетті адам болудың бірден-бір жолы өзіңнен бұрынғы буыннан дұрыс тәрбие алу, дұрыс үлгі көру, Ана тіліміз ғылыми ойшылдық пен ғұламалықтың шыңына жеткен халықтың тіліне айналуда. Әдебиет пен көркем өнердің ұлы туындылары – біздің жан-тәнімізге, қанымызға, бойымызға сездірмей сіңеді де, біздің рухани адамгершілік бейнемізді қалыптастыру ісіне асқан белсенділікпен қатынасады». («Ақылдың кені», 25,48,171 бет. Алматы «Қазақстан» баспасы – 1991 ж.)
«Жаны адал, жүрегі ақ, сезімі нәзік адамдар ең әуелі – өз құрбысына қатаң талап қойып, өзін-өзі алдамайды. Бойдағы аз кемшіліктің өзін жою үшін де күресе білу керек, өйткені жамандық, кемшілік деген итжанды келеді, бойға ұялампаз. Сыртқы сымбат – ішкі тереңдікке сай болуы керек… Сырт сымбатымен көзге түсу мақсатынан аулақ болған абзал. Адам есейіңкіреген кезде өзіне-өзі тәрбиеші бола білуге тиіс. Бұл үшін жастарға қамқорлық пен қайрат қажет. Өмірдегі ең үлкен жетістік – адам болып қалу». (Е.Букетов. «На земле и небесах», 310-311 бет. Қарағанды-2015.)
1973 жылдың 29 қазан күні ҚарМУ-дің акт залында студенттердің алқалы жиыны өтті. Ол кезде Кеңес одағының жастары бұл күнді Ленин комсомолының төл мерекесі ретінде тойлайтын. Басқосуда Евней Арыстанұлы студенттерге білім мен ғылымды терең меңгеру қажеттігіне баса көңіл бөлді. Алда жаһандану ғасыры келе жатқанын естеріне салды.
Сол жолы: «Ғылым – адамзат өркениетінің ең асыл мұрасы, Ғылыми ізденіс дегеніміз – творчестволық процестің барып тұрған биігі, шыңы. Жастар – болашақтың айнасы, соларға қарап елдің ертеңін болжай аламыз. Парасаттылық, шарапаттылық, кеңдік, адалдық ғылымда қызмет істеген әрбір адамға лайық!» – деп аталы сөз айтты. Өресі биік өр тұлғаның осындай ұлағатты сөздері өзінің өміршеңдік қасиетін әсте жоғалтқан емес.
Иә, бірнеше тілде еркін сөйлейтін тума талант, аса дарынды ғалым, жазушы һәм аудармашы, академик Евней Арыстанұлы – ерен еңбегінің арқасында ұлтымыздың ұлы тұлғасына айналды. Ол жарық жұлдыздай жарқ етіп, бар болғаны 58 жыл өмір сүрді. Әттең, күншілдіктің құрбанына айналып, сұм ажалдың семсеріне ерте ілікті!

Әли ТОЙЖІГІТОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ақпарат саласының үздігі,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

Сурет ашық дереккөзден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button