Жаңалықтар

Іс басында – арулар, аруларға қолдау бар

Қыз-келіншектер бизнес пен өнеркәсіпте қадау-қадау. Дегенмен, саланың қиыншылығы мен қызығын қатар көріп, табысқа жетіп жүрген әйелдер қауымы өңірдің емес, елдің дамуына сүбелі үлес қосуда. Бүгінгі таңда бизнесте жүрген қыз-келіншектер 6%-дық мөлшерлемемен субсидияланған несие ала алады. Ол үшін 3 млрд. теңгеге дейін қарастырылған. Осы және басқа да мәселелерді талқылау үшін облыс әкімдігі мен AMANAT партиясының Қарағанды облыстық филиалы Іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесіп «Қарағанды облысы – мүмкіндіктер өңірі» атты дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков қатысып, алдағы жұмыс жоспарын талқылады.

Өңірде 60-тан астам нәзік жанды – аудандық, қалалық мәслихат депутаты, 80-нен астамы – түрлі органдарда басшылық қызметте. Бизнес, сот және басқа да салада қызмет істейтін нәзік жандар көп. Бұл статистиканы тере берсек, бүгін бітпейміз. Яғни, бұл дегеніміз өңірдегі әйелдер қауымы жұмысбасты әрі табысты жандардың қатарында деген сөз. Сондай жандармен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасаймыз. Қандай мәселе болсын бірлесіп шешуге әзірмін, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Аталмыш шара «Қарағанды облысы – мүмкіндіктер өңірі» және «Үлкен аймақтағы әйелдер бизнесі: сәттілік құпиялары» атты 2 бөлімнен тұрды. Табысқа жетіп, кәсібін дөңгелетіп отырған табысты жандар кездесу барысында жетістігімен бөлісті. Бүгінде сол табысты жандардың арқасында жұмыссыздар жұмыспен қамтылып, өңірдің дамуына атсалысып келеді. Сонымен қатар, шара барысында Бекзат Қомарұлы Қарағанды облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Сауле Шәуеновамен әріптестікті нығайту мақсатында меморандумға қол қойды.

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарға қазақ құрметі қашанда жоғары. Бүгінде нәзік жандар өңірдің дамуына үлес қосып, үлкен істе ұйытқы болып жүр. Қарағанды облысы – мүмкіндіктер аймағы екендігін уақыт дәлелдеді. Біздің партия өңірдегі іскер әйелдермен бір мақсатта жұмыс жасауға, елдің әлеуетін көтеріп, экономикасын дамыту жолында қолтықтасып жұмыс істеуге қашанда дайын, – деді Бекзат Қомарұлы.

Сонымен қатар, кездесу барысында Сәуле Бақытжанқызы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда нәзік жандардың белсенділігін күшейтіп, оларға қолдау көрсету мәселесін талқылады.

Бизнесті, басшылық құрамды, тіпті, саясатты әйелдер қауымынсыз елестете алмаймыз. Олар өз саласында табысқа жетіп, сол жетістігі ақылы өңірдің, елдің дамуына үлесін қосып келеді. Біздің өңір – индустриялық, металлургиялық өңір. Сондықтан, бизнеске, құрылысқа қатысты үлкен жобалар көп. Ал, біздің мақсат-жобаларды игеру үшін нәзік жандарды қолдап, аяғынан тұрып кеткенше көмектесу, – деді ол.

«Даму» қоры кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде субсидиялауды қаржылық қолдау шараларын іске асыруда. Бұл жөнінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ директорының орынбасары Евгений Изотов:

Қордың кәсіпкерге беретін пайдасы не? Біз кәсіпкерге пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялап, кепілдендірілген несие береміз. Жасыратыны жоқ, кәсібін енді бастап жатқан жан немесе оны дөңгелету үшін несие аламын десе, банкке кепілдікке қоятын дүниесі болмай жатады. Біз осы тұрғыдан екінші дәрежелі банктен кәсіпкердің алатын сомасының 50%-на кепіл боламыз. Және аталмыш бағдарлама аясында субсидиялау мөлшерін 6%-ға дейін түсіреміз, – деді ол.

Кәсіпкер несиені кез келген қаладан ала алады. Қарағанды қаласындағы кәсіпкерлер үшін екінші деңгейлі банктерден 3 млрд. теңгеге, басқа қаладан болса 1,5 млрд. теңгеге дейін субсидия бөлінген. Бүгінгі таңда субсидияның басым бөлігі өндіріс, медицина және білім саласына негізделген.

«Банк Центр Кредит» банкі шағын және орта бизнесте жүрген жандарға кәсібін ұлғайтуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Шара барысында банк директорының орынбасары Дмитрий Болотин мәселенің мән жайын тарқатты.

Шағын және орта бизнесті жандандыру үшін 400 млн. теңгеге дейін несие беру қарастырылған. Ал, егер кәсіпкер орта немесе ірі бизнес ашамын десе, арнайы ұсынылған бағдарламалар арқылы 400 млн. теңгеден жоғары беріледі. Кәсіпкердің өтініші бес жұмыс күні ішінде қаралып, жауабы беріледі. Егер құжаттары дұрыс болса, банк басшылығына жібереміз. Ең бастысы – біз «Даму» қорымен тығыз қарым қатынастамыз. Сонымен қатар, «жаңадан кәсіп бастаймын» деген жандар үшін де банк тарапынан түрлі бағдарлама арқылы несие ұсынамыз, – деді ол.

Іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен өз кәсібін ашып, дөңгелетіп отырған жандардың бірі – балқаштық Ақбота Омарбекова. Бүгінде ол Балқаш қаласы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы. Шара барысында бизнесі жайлы кеңінен айтып, қауымдастық басшысына алғысын білдірді.

Тоқсаныншы жылдар жоқшылық, қиын-қыстау уақыты болды ғой. Сол кезде әке-шешем жұмыссыз қалды. Содан қолдан нан пісіріп саттық. Кішкентай болсам да бизнеске сол уақытта келдім. Қазір осы салада көп тәжірибем бар десем, артық айтқаным емес. Кейінірек Балқашқа келін болып, кәсібімді сол жақта бастадым. Қазір еңбегімнің арқасында балабақшам, кәсібім бар. Мені қолдап, демеу болған баршаңызға алғыс айтамын. Әйел бақыты отбасынан басталады. Отбасында бақытты болса, кәсіпте сондай табысты болады, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button