ҚХП партия мектебінде пікірталас дағдыларын дамытуға арналған алаң жұмыс істейді
Қазақстан Халық партиясы Орталық кеңсесінде жаңа Конституция жобасы бойынша пікірталас өтті. Оған партия белсенділері қатысты.

Қазақстан Халық партиясының партия мектебінде көпшілік алдында пікірталас жүргізу дағдыларын дамытуға бағытталған іс-шара өтті. Қатысушылар фактімен жұмыс істеу, дәлелді сөйлеу, риторика мен баяндама стратегиясын құру, сөз логикасын сақтау және уақыт регламентін ұстану машықтарын меңгереді. Жобаға жас ерекшелігіне, мамандығына немесе қызмет саласына шектеу қойылмайды.
Жоба еліміздің барлық өңірінде ҚХП филиалдары базасында жүзеге асырылып жатыр. Орталық кеңседе өткен пікірталас – осы сериядағы кездесулердің бірі.
Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл алаң мамандарға өз бастамаларын нақты тұжырымдап, ұстанымдарын дәлелді қорғауға көмектеседі. Пікірсайыс форматы бойынша спикерлер тақырып пен позицияны сол жерде біліп, алдын ала дайындықсыз сөз сөйлейді. Қазылар алқасы баяндамашылардың сенімділігі мен дәлел келтіру деңгейін бағалайды.
Бұл жолы пікірталаста жаңа Конституция жобасына қатысты «Конституцияның преамбуласы – болашақтың компасы» және «Адамға бағдарланған мемлекет» тақырыптары қаралды. Қатысушылар саяси реформалар мен басқару жүйесін күшейту мәселелерін талқылады.
Қазақстан Халық партиясы аталған жобаны әрі қарай жалғастыратынын мәлімдеді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



