Басты тақырыпТұлға

«Химия – поэзия сияқты»

  Химияның сырына тереңнен үңілген зерделі жас Абылайхан ЕСКЕНДІРОВ – жемiстi ғылыми еңбегі үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Ол – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, химия факультетінің ІІ курс магистранты. Осы уақытқа дейін органикалық химияны зерделеген дарынды жастың шетелдің ғылыми жинағында он үш жобасы жарияланды. Жас ғалым ілкімді жобасының бірін Елордада өтетін «ЭКСПО» көрмесінде қорғайды. Бізге берген сұхбатында өзінің болашағын ғылыммен етене байланыстыратынын, Елбасының халыққа Жолдауында көрсетілген міндеттерді іске асыруда қалыс қалмайтынын айтты.

– Абылайхан, сыйлығың құтты болсын! «Дарын» жастар сыйлығына тиісті бір саланы дамытуға үлес қосқандар ие болары белгілі. Ғылымға қосқан жаңашылдығың неде?

– Рахмет! Жаңашылдығымыз – органикалық химия бойынша эксперименттік бірнеше жобаларды жасау. Бұған дейін республикалық фармацевтика өндірісінің технологиясы бойынша сайыста, Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен өткен «Болашақ ғалымдар» байқауында жеңімпаз атандым. Елбасы қоғамды дамытуға үлес қосқан жастарға қолдау көрсетуді тапсырған болатын. «Дарын» жастар сыйлығы – ізденістің нәтижесі деп ойлаймын.

– Органикалық химияны зерттеудегі мақсатың не?

– Мақсат – дәрілік препарат шығару. Қазір ғылыми жетекшім, химия ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Мерхатұлымен табиғи құбылыстар зертханасында жұмыс жасаудамыз. Чехия еліндегі Карлов университетінің профессорларымен байланыс орнаттық. Органикалық химияны зерттеп, жаңа құбылыстарды синтездеп, талдауға жібердік. Чехия ғалымдары жақсы нәтиже бар екенін айтады.

– Чехияға барғанда шетелдіктердің ҚарМУ ғалымдары жөнінде пікірі жоғары екенін байқадым.

Жұмыстарды шет тіліне өзің аударасың ба?

– Ұстаздарым қол ұшын береді. Бірақ, тілді білу – міндет. Биыл Елбасы халыққа Жолдауында «Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі екі есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды, – деді. Сондықтан, жас ғалымға алдымен ағылшын тілі керек. Химия бойынша қазақ тілінде ғылыми кітаптар аз. Болған күннің өзінде дұрыс аударылмаған. Ал, біз түпнұсқадан (шетел ғалымдарынан) жақсы түсінеміз.

– Қазіргі таңда ақпараттың басым бөлігі ағылшын тілінде жарияланады. Десек те, қазақтілді ғалымдар үшін жобаларды отандық ЖОО тәжірибесінен өткізген тиімді деп ойлайсың ба?

– Ұсынып көрдік. Жобаларды Қазақстанда эксперименттеу аса қомақты қаржыны талап етті. Ал, шетелдіктер бұған жылы қабақ танытты. Қымбатқа түспеді. Елімізде тәжірибеден өткізсек, бір жағынан Жолдауда айтылған ІТ технологияны дамытуға үлес қосар едік. Өкінішке қарай, бұл жағы кенде қалып отыр. Елімізде сұранысқа ие жоба «ЭКСПО»-да көрсетіледі.

– «ЭКСПО» – ға өткен жобаға нақтырақ тоқталсаң…

– Зертханада жүріп, еліміз үшін жасыл экономиканың тиімді тұстарын зерттедік. Жанармайды қолданудың әдісі арқылы ауаға көмірқышқыл газын артық бөлмеу жобасы жасалды. Елордада өтетін бүкіләлемдік көрмеде сәтті қорғаймыз деп ойлаймын.

– Болашағыңды қай саламен байланыстырасың? Ғылым, немесе – өндіріс?

– Бізге Ебіней Арыстанұлының шәкірттері дәріс оқиды. Тоқсан пайызы ғылым докторы, профессорлар. Ұстаздар «Химия – поэзия сияқты, оқығың келе береді» дейді. Жалпы, химия – ғылымда, өндірісте де бар. Өндірістен бұрын, университет тиісті талаптарды орындап отыр. 2014 жылы оқытушылар кеңесіне қатысқанымда университет ректоры Еркін Қинаятұлы: «Шетелдік жинақтарға мақала жазыңдар. Сендерді танып, байланыс жасауға асығады. Ғылымға жол ашатын бір қадам – осы» деген болатын. Менің жолым ғылым екенін түсіндім.

– Елбасы Жолдауында «экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек» деді. Бұған ҚарМУ студенттері дайын ба?

– Елбасының жыл сайынғы Жолдауын жіті қадағалаймыз. Ал, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға келсек, мысалы, ҚарМУ-дегі бір ғана химия факультетінің студенттері жаз айларында дәрілік өсімдіктер жинайды. Диплом жұмысы үшін Федоров су қоймасы маңында өсімдіктерді кептіріп, синтез жасайды. Жас мамандар өндірісте жұмыс жасауға дайын.

– Профессорлар құрамы сізді «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ұсынарда Елбасы айтқан ел ертеңіне айналған жастың бірі депті. Мұны «Ұстаздан шәкірт озды» дейміз бе?

– Ғылымға бейім әрбір жас, алдымен, өзіне не керегін білуі тиіс деп есептеймін. Ата-ана мен ұстаз үмітін ақтау бір ғанибет қой.

– Сұхбатыңа рахмет!

Сұхбаттасқан

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button