«Халық жауы» атанған редактор
Философияда кездейсоқтық пен қажеттілік деген егіз заңдылық бар. Мәнісін тәптіштеп түсіндірмей-ақ қояйын. Әрбір сауатты азамат мұны білуі тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда кездейсоқ ештеңе болмайды, оның себеп-салдары мен кейде қажеттілігі де болады…

Баянның батыл қаламгері
2020 жылдың соңында Баянауыл тумасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, кезінде Қарағанды кооператив институтының (қазіргі Қарағанды экономикалық университеті) ректоры болған Талғатбек Әбдіразақовтың (1920-2015) туғанына 100 жыл толуына байланысты өмірлік жары Мәпіш Шәріпованың өтініші бойынша мақала жазып, Баянауыл ауданының «Баянтау» газетіне жариялау үшін жіберіп едім, жарқыратып түрлі-түсті етіп 2021 жылғы 23 қаңтардағы 6-санына жариялапты. Мектептегі ұстазым, Тәкеңнің адал жары, ол да баянауылдық Мәпіш Шәріпова апай өте риза болды (ол кісі былтыр 97 жасында өмірден озды). Редакция жігіттерінен газеттің бір данасын салып жіберуді сұраған едім, мұндай тамаша болмас па, сол жылы газеттерінің тоқсан жылдық торқалы тойы болайын деп жатыр екен. Ал, маған жіберген санында бас редакторы, талантты жас ақын Еламан Қабдыләшімнің «Сарғайған газет сөйлесе» деп аталатын газет тарихына арналған материалдар циклының үшінші мақаласы шығыпты. Мен кезінде Орталық Қазақстан өңірі баспасөзінің тарихын зерттеумен айналысып, ғылыми журналдар мен өз газетімізге бірнеше мақала жариялағаным бар.
Баянауыл ауданы 1936 жылы орталығы болашақ ірі өндіріс ошағы – Қарағанды қаласы болып, жаңа облыс құрылған тұста осы аймаққа қараған еді. Бір керегі болар дегендей және 37-нің қасіретіне тағы бір мысал болсын деген ниетпен Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінен Баянауыл газетінің жауапты редакторы Уәлиевке қатысты «Об Увалиеве» (30-жылдардағы қазақ-латын алфавиті бойынша Uvaliev деп жазылатындықтан орысша транскрипциясы Увалиев болып кеткен) деген обком бюросының 1937 жылғы 15 шілдедегі № 15 а хаттамасын көшіріп алған едім. Онда газет редакторына мынадай «кінә» тағылған екен (құжаттарды аудару кезінде стилі мен баяндау мәнері өзгеріп кететіндіктен сол түпнұсқасында бермекпін): 1.«За пропаганду в передовицах районной газеты «Ленин туы» контрреволюционного троцкизма, отсутствие борьбы с врагами народа Жанабековым, Избасаровым – как незаслуживающего политического доверия Увалиева исключить из рядов партии». Ауыр кінә. Мұның арты әдетте жұмыстан шығарып, ісін НКВД жендеттерінің қолына берумен аяқталатын.

Ал, тура бір айдан кейін обком бюросы газеттің жаңа редакторын бекітеді, ол туралы бюроның 1937 жылғы 15 тамыздағы №26 хаттамасында мынадай жолдар бар: «т. Минбаев Сары утвержден редактором Баянаульской районной газеты «Ленин туы» (прислан ЦК КП(б)К»).
Сондықтан, Еламанның алғашқы екі мақаласын да сұратып алып, газет тарихы, редактор болған Уәлиевтің тағдыры туралы не жазғандарын білгім келді. Сөйтсем, аудандық газет қызметкерлері төл басылымының қасіретті жылдарғы тарихынан бейхабар болып шықты.
Газет тарихына арналған «Латын қарпімен жазылған тарих» (17.06.2021 ж.) деген 2 мақалада тұтас бір кезең туралы 6-ақ жол берілген: «Аудандық «Ленин туы» газеті 1931- 1939 жылдары латын қарпімен шығып тұрды. Ғалым Малдыбаевтан кейін газет редакторы Жамақ Уәлиев болып, ол редактор болып 1932-1933? жылдары қызмет етті (Уәлиевтің есімі Жамақ екенін сонда ғана білдім. А.Ж.). Ал 1934 жылы? – Сары Мыңбаев, 1935- 1940? жылдары Хасанат Ысқақов редактор болды». Сонан кейін редакция мұрағатында сақталып қалған басылымның 1933 жылғы екі саны талданады. Бар болғаны осы.
Газет қызметкерлері Алматыдағы Ұлттық кітапхана қорындағы газеттің аз да болса тігінділеріне назар аудармаған. Мәселен, 1934 жылы газет редакторы ретінде Ж.Уәлиев басылымның 75- ші (7 қараша), 81-86 шы (5-30-желтоқсан) сандарына қол қойған. Содан 1938 жылға дейін мәлімет жоқ. Ал жаңағы аты аталған Х.Ысқақов ақсақал «Жеңіс» деп аты өзгерген өздерінің газетінде 1976 жылдың 31 тамызында жарияланған «Биік белес» деген естелігінде: «Мен «Ленин туы» газетінің аппаратына 1933 жылы келіп орналастым. Менің алдымда алғашқы редакторлары болған Мағзұм Әбдірахманов пен Ғалым Малыбаев қызмет жайы ауысып басқа жаққа кеткен екен. Маған аудандық партия комитетінің бюро мүшесі Жамақ Уәлиевпен және Сары Мыңбаевпен бірге қызмет істеуге тура келді», дейді. Осы газеттің 70-жылдардағы редакторы Шүкірат Шалбай былай еске алады: «Алғашында бұл газетті Ғалым Малыбаев, соғыс жылдары Смағұл Торғаев, Елубай Сағынаев деген азаматтар басқарған» («Егемен Қазақстан, 24 қыркүйек 2011.ж.). Ол Жамақтың есімін мүлде еске алмайды.
Бұған таңдануға болмайды. «Орталық Қазақстанда» (ол кезде «Қарағанды пролетариаты») 1934-1936 жылы қалалық газеттің редакторы, ал оның алдында республикалық «Социалды Қазақстан» редакторының орынбасары болған Сейілбек Үсенов деген арысымыздың атын қатар жұмыс істеген Мінаж Жармұхаметов, Қали Садықов деген ардагер журналистер өз естеліктерінде атамайтын. Сөйтсек, ол кісі 1936 жылы Қызылжарға ауысып, облыстық «Ленин туы» газетінің редакторы болып тұрғанда 1937-нің сұрапылында жазықсыз жапа шегіп, атылған екен. «Халық жауларының» аттарын ол кезде асқан сақтықпен ғана еске алысатын. Әрі көп уақыт өткендіктен ақсақалдар редактор болған азаматтардың ретін шатастырып отыр деп ойладым.
Аудандық газет редакторының басына қара бұлт облыстық «Қарағанды пролетариаты» газетінің 1937 жылғы 5 шілдедегі санында жарияланған «Баяндағы тап жаулары және оған ымырашылдық істеуші райком секретарлары» деген сын мақаладан кейін үйіріле бастаған. Бұл мақаланың көшірмесін Алматыдағы Ұлттық кітапхана қорынан түсіріп алған едім. Мақалада аудандық газет редакторы Уәлиевке саяси сауатсыз деген жала жабылып, Жәнібеков, Ғатаулин, Ізбасаров, Оралдиев сынды азаматтарды қолдап, сөзін сөйлейді, газеттің бас мақаласында солардың контрреволюциялық сөздерін жариялап отырған деген айып тағылады. Бұлар кейін атышулы «Қарағанды ісі» бойынша айыпталып, ату жазасына кесілген арыстар еді.
Біздің қолымызда сол бір қасіретті жылдардағы газет тігінділері жоқ. Алматыдағы Ұлттық кітапханада Баянауыл газетінің 1937 жылғы тігіндісі сақталмаған. «Саяси қате» жібергендіктен жойылуы да мүмкін. Сондықтан, басқа басылымдардың айыптаулары арқылы ғана газеттің алған бағытын топшылай аламыз. Біздің ойымызша Баянның батыл редакторы өз газетінде арыстардың бірде-біреуін кінәлап, айыптамайды. Қайта демократиялық қоғамға тән кейбір ұсыныстарын жариялап та жіберген. Тарихшы ғалым, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің 1974-1982 жж. редакторы Рамазан Сағымбеков ағамыз Қарағанды облысында репрессия жылдары аса қаталдықпен өткенін, талай арыстардан, қаламгер-редакторлардан айрылғанымызды жазған болатын. Баянауыл ауданы қарамағына қосылғаннан кейін Қарағандының орыс, еврей, жағымпаз қазақ басшылары (Пинхасик, Абрамович, Бейсенов, т.б.) қазақи ауданға қырғидай тиді. Жоғарыда аталған, қуғын-сүргінге себепші болған мақаладан кейін енді орыс тіліндегі шолу мақалада мынадай «баға» беріледі: «В ряде мест районные газеты были засорены классово-враждебными элементами, троцкистами, национал-фашистами. Редактором баян-аульской районной газеты оказался ярый национал-фашист Увалиев, который подбирал в аппарат редакции и в ряды рабселькоров «своих» людей». Отсюда становится понятным почему баян-аульская районная газета абсолютно ничего не сделала по разоблачению и изгнанию врагов народа, которых было в районе не мало» («Соц. Караганда», 6.10. 1937 г.)
Сөйтіп, бұлтартпас архив құжаттары арқылы Баянауыл аудандық газетінің алғашқы екі редакторының (Ж.Уәлиев 1932-37 жж., С.Мыңбаев (1937 жылдан) қызмет атқарған жылдарын анықтап алып, аудандағы әріптестеріме «бұларың қалай?» деп телефон шалсам, ол жақтағылар маған кеудесі орден, медальға толы және астында Ж.Уәлиев, 1932-1933 жж. деген жазуы бар өз мұрағаттарынан алынған фотосуретті салып жіберіпті.
Алақай, сонда Жамақ Уәлиев 37-нің қанды қырғынынан аман қалып, соғысқа қатысқан екен ғой. Және қалай соғысқан! Наградаларын ұлғайтып қарап, жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту» және 3-дәрежелі «Даңқ» ордендері екендігін анықтадым.
Обалы нешік, павлодарлықтар да жапа шеккен редакторының тағдырын анықтай бастаған екен. Ойда жоқта 2020 жылы Павлодар облыстық С.Торайғыров атындағы кітапханасына Жамақтың бауырына басқан қызы, ҚР мәдениет қайраткері, Май ауданының Құрметті азаматы Бәтес Шайхина жауынгер Жамақтың туған әкесі Мыхишев Шайхыға 1944 жылғы 18 желтоқсанда майданнан жолдаған хатын, өзі тұратын Май ауданының «Шамшырақ» газетінде «Екі әке – екі дос, болмаса шынайы достық туралы» деген 2015 жылғы 25 сәуірде жарияланған естелігін және жауынгердің жоғарыда аталған фотосуретін тапсырыпты. Кітапхана қызметкерлері «Баянтау» газетінің редакциясымен хабарласып, редакторы Еламан ақын сол хатты оқып беріп, Инстаграм парақшасына орналастырады. Бұл өздерінің газетінің тарихына қосылған үлкен үлес еді.
Естелігінде әкелерінің достығын Бәтес ханым жыр қылып жазады: « Бұл екі адамның туыстығы жоқ, бірақ туыстан да артық адал дос болған адамдар. Екеуінің достығы, досқа деген адалдығын айтсақ, бүгінгі жас ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Екеуі де кезінде Павлодар облысы Бесқарағай ауданында дайындау саласында (система заготовок) бірге қызметтес болған, көрші тұрған. Өкінішке орай Уәлиев Жамақ ағаның артында жақын туыс, ұрпағы қалмаған. Ол кісінің ұрыс даласында жүрген жолдары, әскери шені туралы мәліметтерден хабарым жоқ. Сол себептен Ресейдің Подольск қ. орталық архивіне сұрау салып, хат жазған едім, әлі жауап ала алмай отырмын…1943 жылдың 20-шілдесінде мен дүниге келіппін. Әкем Жамақ ағама менің дүниеге келгенімді айтып, қуаныш хат жазады. Сонда Жамақ ағам Бибізия тәтем екеуінің балалы бола алмайтынын айтып, «Мен соғыстан аман оралсам Бәтесті маған бересіңдер», деп әкеме қолқа салған екен. Әкем де, анам Биша да сонда «Тек жер бетінде тірі жүргенін білсек болды, бала сенікі. Өзің аман орал», деген екен.
Сол соғыстан Жамақ ағам елге оралып, Семиярда әкеммен көрші тұрып, мені бауырына басқан көрінеді. Өкінішке орай, соғыста алған ауыр жарақаттарының салдарынан көп ұзамай қайтыс болып кетеді. Бибізия тәтем біраз жылдан кейін бір алыс жамағайын туысына тұрмысқа шығып, бұрынғы Ермак, қазіргі Ақсу қаласына көшіп кетеді. Алғашқы кезде бір-екі рет қонаққа барып жүрдім, кейін қарым-қатынас үзіліп кетті. Қазір хабарсызбын…».
Қазақ жауынгерінің көзсіз ерліктері
Дегенмен, жауынгер-редактордың өмірбаянында ақтаңдақ тұстар әлі де көп еді. Зерттеу жұмысын енді осы жолдар авторы қолға алды. Алдымен Ресейдің Ұлы Отан соғысының батырларына арналған «Память народа» сайтына шығып, Жамақ Уәлиевті іздедім. Соғыс жылдары қазақтардың аты-жөндері бұрмаланып, дұрыс жазылмағандықтан сайттан керек кісіңді тауып алу оңай шаруа емес. Тегін бірде Увалиев, бірде Уалиев деп, атын Джамак, Жамак деп іздеп бірнеше материал тауып, қазақ солдатының жауынгерлік жолын, ең бастысы жоғарыда аталған наградалары туралы марапат қағаздарын таптым. Бұл үлкен олжа еді.
Аталған құжаттардан гвардия сержанты Жамақ Уәлиев 1905 жылы Павлодар облысының Бесқарағай ауданы Семиярск (Жетіжар) деген жерде туғанын, 1941 жылдан Қызыл армия қатарында болғанын, 1942-1943 жылдары Оңтүстік-Батыс майданында, ал 1943 жылдың қыркүйегінен 1-Белорус майданы 14 гвардиялық атты әскер дивизиясы 52 гвардиялық атты әскер полкы құрамында барлаушы болып ұрыстарға қатысқанын білдік. Бұл дивизия Смоленск түбінде шайқасып, Белоруссияның Гомель, Витебск облыстарын, Украинаның Владимир – Волынск облысын, Ковель қаласын азат етуге, Польша жерінде Висла- Одер операциясының қиян-кескі ұрыстарына қатысады. Марапат қағаздарын оқи отырып, қазақтың қайсар жауынгері қолбасшыларының тапсырмаларын бұлжытпай орындап, талай ерлік пен өжеттік көрсеткенін көреміз. Сөзіміз дәлелді болу үшін сайтта келтірілген үш марапат қағазының қандай ерлік көрсеткендігі жөніндегі жазбаларды сол қалпында келтірейік.
Уәлиев Жамақ алғашқы жауынгерлік наградасы – «Қызыл Жұлдыз» орденіне 1943 жылдың 30 қарашасында ұсынылады, бірақ оның марапат қағазы табылмады. Келесі ерлігін 1944 жылдың 19 ақпанында жасаған көрінеді. Оны командирі гвардия майоры Сацюк былай сыйпаттайды: «19.02. 1944 г. была выставлена засада с задачей взять контрольного пленного в районе Хлупино. В 13.00 19.02.44 г. по тропе, идущей в район Хлупино, сделали засаду и в то же время заняли круговую оборону. 3 немца, идущие в головном отряде, ворвались в расположение засады. Уалиев открыл автоматный огонь по противнику. Одного из них ранило. Противник продолжал вести сопротивление, но граната заставила гитлеровца замолчать. Забрав документы, которые свидетельствовали о количестве противника и его вооружении, Уалиев доставил их в штаб полка. Достоин награждения орденом «Красная звезда». Командир 52 гв.п. гв. майор Сацюк. 21 февраля 1944 г.».
Мұнан кейін барлаушылар тобы Владимир- Волынск ауданының Лиски, Писажева воля елдімекендері жолдарына өтіп кету тапсырмасын алады. Мұндағы асқан ерлігін тағы сол гвардия майоры Сацюк Отанның мәртебелі наградасы – Ленин орденінен кейінгі «Красное знамя» орденіне лайық деп ұсынады. Міне, сол ұсыныстың мәтіні: «27.4. 44 г. в составе двух групп разведчиков численностью 18 чел. получили от командования дивизии задачу проникнуть в тыл противника и на дороге ЛИСКИ, ПИСАЖЕВА ВОЛЯ засадой захватить контрольного пленника. К рассвету 28.4. 44 г. группа разведчиков безшумно вышла точно в указанное место. Окопались. Долго не пришлось ожидать немцев. Немцы, зная нахождение партизан и 54 гв. кп в лесу сев. ПИСАЖЕВА ВОЛЯ, бросили против них роту. Засада подпустила немцев численностью до ста человек на рассвете 70-80 метров, открыла ураганный автоматный огонь. С криком «ура» гвардии младший сержант УАЛИЕВ бросился на немцев. Автоматной очередью сразил наповал трех немцев, яростно преследовал бегущих немцев. В неравном бою горстка разведчиков убила 25 немцев, из них один командир роты и двух взяли в плен. Остальных немцев рассеяли. В составе группы 18 разведчиков способствовал выводу 54 гв. кп. За мужество и отвагу при выполнении боевой задачи достоин правительственной награды ордена «КРАСНОЕ ЗНАМЯ». Командир 52 гв. кп гвардии майор Сацюк. 5 мая 1944 г.»
Келесі марапаты – солдаттар құрамының ең жоғары айрықшалау белгісі – 3-дәрежелі «Даңқ» орденін барлаушылар бөлімшесінің командирі бір ұрыста 18 немісті тұтқынға түсіргені үшін алған екен. Бұл жолы марапат қағазын полк командирі гвардия майоры Нелюдов толтырады: «Отделению разведки поставлена задача разыскать брод. Тов. Уалиев назначен старшим этой группы, разыскав брод, доложил командованию полка. Подразделения полка с хода после совершения марша форсировали реку. В бою 25.7. 44 г. привел 18 пленных и доставил их в штаб полка. За проявленное мужество и отвагу достоин правительственной награды ордена «Славы ІІІ степени». Командир 52 гв. кав. полка гвардии майор Нелюдов. 13 августа 1944 г.».
Тағы бір құжатта Ж.Уәлиев 1945 жылғы 9 наурызда ауыр жарақат алуына байланысты госпитальға жіберіліп, саптан шығып қалғандығы көрсетілген. Және соғыс аяқталған тұста «За боевые заслуги» деген медальға ие болады. Кеудесінде гвардия белгісі де жарқырайды. Жерлестерінің 7 наградаға ие деп жүргендері осылар болса керек. Қайсар жауынгердің ұрыс даласындағы ерліктері осылай бізге мәлім болды. Ал оның бейбіт жылдағы еңбектерін, не үшін жазаланып, қалай ақталғаны бізге әлі мәлім емес еді. Сол үшін Қарағанды облысы бойынша ҰҚК, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитеті департаменттеріне, Павлодар және Абай облысы мемлекеттік архивтеріне, Абай ауданы Бесқарағай ауданы әкіміне әр уақытта хат жазып, жауаптарын сарыла тосуға тура келді.
Павлодардың облыстық архиві Уәлиев Жамақтың Баянауыл аудандық газетінің редакторы қызметіне 1932 жылдың 1-тамызынан кіріскенін, аупарткомның пленум мүшесі болып 1932 жылдың 20 желтоқсанында сайланғанын, аупарткомның бюро мүшесі болғанын, 1937 жылдың 1 шілдесінен «халық жауы» ретінде партия қатарынан шығарылғанын дәлелдеп архивтік анықтама берді. Архивте жеке басының құжаттары сақталмаған екен.
Ал Абай облыстық архиві Ж.Уәлиевтің соғыс алдындағы жеке құжаттарының 11 беттен тұратын көшірмесін салып жіберіпті. Біздің ойымызша Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1938 жылғы 14 ақпандағы жарлығымен Баянауыл ауданы Павлодар облысының құрамына алынғаннан кейін Уәлиев ісі қайта қаралады. Өз қолымен жазған анкетасында журналист ағамыз мұнан кейін Каганович аудандық газетіне редактор болғанын, 8 ай тұтқында ұсталғанын, бірақ сот арқылы ақталғанын жазады. Апелляцияға беріп, партия қатарына қайтадан кандидат болып қабылданады. Сөйтіп батыл редактор өз намысын қорғап қалып, «халық жауы» деген қарғыс атқыр аттан құтылып, соғыс басталғанша Семиярск жүн дайындау мекемесінің меңгерушісі қызметін атқарады.
Елге оралған жаралы жауынгердің тағдырын бауырына басқан қызы Бәтес Шайхинаның жоғарыда аталған естелігінен білуге болады. Менің осы жылғы 21 қаңтарда жіберген хатыма Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары С.Назаров берген жауапта мынадай жолдар бар: «Ауданға келген ҰОС жауынгерлерін есепке алу кітабындағы (реттік нөмірі №22), 1945 жылдың 29 тамыздағы №60 жазбасында кіші сержант шеніндегі 1905 жылы туған Уалиев Жамақ Семьяр ауылына келген. Әскери қызметке жарамды, 25 гвардиялық кавалерия полкі деп көрсетілген». Аудан басшылығы, аудандық қорғаныс бөлімі, аудандық газет пен кітапханасы жерлес батыр туралы еш хабарсыз болып шықты.
Батыр деп атауға тура келеді. Интернеттен оқыдым, Ресейдің бір телеарнасы («ВИД») «Уәлиев деген кісі Қызыл Ту орденін алыпты ғой. Бұл асқан ерлік үшін беріледі», деп іздеу салған екен, бірақ ешкім құлақ аспапты. Сөйткен ердің есімі Бесқарағай ауданы орталығында Ұлы Отан соғысына қатысушылар құрметіне орнатылған мемориалдық кешенде жазылмапты. Қысқаша өмірбаяны Павлодар және осы аудан құрамына берілген Семей (қазіргі Абай) облыстарының Ұлы Отан соғысына қатысушыларына арнап шығарған том-том кітаптарына да енгізілмеген. Мұны маған Павлодар облыстық ардагерлер кеңесіндегі әріптесім, жауапты хатшысы Валентина Шершнева мәлімдеді. Бұл қалай? Ұрыс даласында көзсіз ерлік көрсеткен жауынгердің есімі неге ұмыт қалған?
Ерлігі ескерілсе екен…
Көмек ойда жоқта Павлодар жақтан келді. Семейліктерден еш қайыр болмаған соң (бесқарағайлық шенеуніктің жауабын көрдіңіздер, менің сауалдарыма құлақ асқан да жоқ) Г.Потанин атындағы Павлодар тарихи-өлкетану музейінде Ж.Уәлиев туралы экспонат бар екенін Интернеттен көргеннен кейін осы мекемеге Халыққа қызмет көрсету орталығы (ЦОН) арқылы сұрау салдым. Мәселемен айналысқан музей қызметкері Әлия Жомартова Жетіжардың тумасы болып шықты. Ол кісі дереу Жетіжардың сайтына жазып, іздеу салды. Ешкім білмейтін болып шықты. Тек Чермаев Болатбек деген азамат шешесінің қасында шөп басып, шөгіп кеткен мола бер екенін айтады. Анықтап қараса «Уалиев Жамак имеет 7 наград» деген жарылып тұрған ескерткіш тасты анықтайды. Сөйтіп аты ұмытылған Бесқарағайдың батырының бейіті осылай табылады. Мектеп директоры Тимур Зияданов, ауыл әкімі Д.Жұмағазин бас болып игілікті, иманды іс атқарады. Ауыл азаматтары мен мектеп оқушылары бейіт маңын тазалап, ақша жинап, жаңадан Батырдың суреті басылған әдемі құлпытас орнатады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында соғыста хабарсыз кеткен және жаңадан мәлім болған Жамақ сынды жерлестерінің құрметіне ас береді. Әлия мұнымен қоймай бауырына басқан қызы, 88 жастағы Бәтесті де тауып алып, телефонмен хабарласады. Ол соғыстан жаралы, контузия болып оралған Жамақ Уәлиев 1947 жылы қайтыс болғанын айтады. Тікелей ұрпақтары болмаған соң мола қараусыз қалып, аты да ұмыт болған екен. Өзі Шарбақтыда тұрады, асқа бара алмайды.
– Аруағы Сізге риза шығар,- деп телефоннан маған сәлем айтып жіберіпті Әлия қарындасым. Айтпақшы, алыс та болса туыстары біле жүрсін деп руы кім екен Жамақ ағайдың, деп те сұрағам. Анық білмеймін, найман шығар, бұл наймандардың ауылы, деді ол.
Сөйтіп, белгісіз батыр туралы деректер жинап, көңілім жай тапты. Бір журналистік ізденіс кезінде алысқа шықпай-ақ Павлодар, Семей, Бесқарағай, Алматы, Қарағанды архивтері мен мекемелеріне хат жазып, телефонмен сөйлесіп, қыруар уақытымды жұмсадым. Жауаптарын зарыға тостым. Оған еш өкінбеймін. Осы іздеулерім жария болып, Батырдың есімі халқына қайтып оралса – болды!
Аман ЖАНҒОЖИН,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Парасат» орденінің иегері,
облыстық ардагерлер кеңесінің
жауапты хатшысы



