“Халық заңгері”: 31 қазанда қазақстандықтар тегін құқықтық кеңес ала алады
2025 жылдың 31 қазанында еліміздің барлық қалаларында және ірі елді мекендерінде “Халық заңгері” атты республикалық акция өтеді. Бұл күні кез келген азамат мамандардан кәсіби және тегін құқықтық кеңес ала алады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Азаматтардың сұрақтарына танымал адвокаттар, заң кеңесшілері, нотариустар, прокурорлар, полицейлер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және басқа да сарапшылар жауап береді.
Өз мәселесінің шешілу ықтималдығын арттыру үшін ұйымдастырушылар азаматтарға өз ісіне қатысты құжаттарды өзімен бірге алып келуге кеңес береді.
“Халық заңгері” акциясының ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Әділет министрлігі, мемлекеттік органдар, Zakon.kz интернет-басылымы, PRG ақпараттық жүйесі, Prosud.kz интернет-басылымы, сондай-ақ еліміздің үздік заңгерлері мен адвокаттары. “Халық заңгері” акциясының басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсету.
Акция жылдар бойы дәстүрге айналып, көптеген қазақстандықтардың қолдауына ие болды. Ауқымы мен өткізу географиясы бойынша бұл жоба тек Қазақстанда ғана емес, әлемде де теңдесі жоқ іс-шара саналады.
2016 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде акцияға 10 мыңнан астам сарапшы мен мемлекеттік орган басшылары қатысты. Осы уақыт аралығында 400 мыңнан астам қазақстандық тегін құқықтық кеңес алды. Биылғы акцияның басты назарында – қоғамда “Заң және тәртіп” идеологиясын ілгерілету. Бұл бастама құқықтық мәдениетті арттыруға, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуға және заң бұзушылық пен сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қалыптастыруға бағытталған.
Zakon.kz



