Ресми

Халық өз әкімін қайта таңдады

Қазақстан Республикасы «Сайлау туралы» Заңына енгізілген өзгерістер бойынша 2021 жылдан бастап, аудандық маңызы бар қала, ауыл және кент округтері әкімдерін тікелей сайлау жүзеге асырылуда. Соған сәйкес 12 ақпанда Абай ауданының Дубовка ауылдық округі әкімін сайлау өтті.

Абай ауданында мұндай жүйемен сайлау бірінші рет өтіп отырған жоқ. Егер осы аумақта 14 ауылдық және кенттік округтер, Абай қаласы болса, бұған дейін соның 10-ында сол аймақ тұрғындарының өздері алдағы 4 жылға әкімдерін сайлап алған болатын. Ендігі кезек Дубовка ауылдық округіне де жеткен.

Сол күнгі, яғни 12 ақпанда өткен сайлау қорытындысы туралы осында құрылған 449-шы учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Дина Жантеловадан сұрап, білген едік. Оның айтуынша, бұл ауылда тұратын 4011 адамның 2514-і сайлаушылар тізіміне енгізіліп, соның 1534-і (61 пайызы) дауыс беріпті. Нәтижесінде дубовкалық сайлаушылардың 71 пайыз дауысын жинаған осы округ әкімі қызметін 4 жыл бойы атқарып келген Ерғали Қысырауынов «AMANAT» партиясы атынан дауысқа түсіп, өз орнына қайта сайланған. Онымен бәсекеге түсіп, өз-өздерін ұсынған екі үміткердің бірі, Дубовка Мәдениет үйінің директоры Әлия Шырынбекова тиісінше 26 пайыз, ал Абай қаласының мектеп мұғалімі Меруерт Құсайынова 7 пайыз дауыс жинап, мәреден өте алмады.

Былай алып қарағанда, бұрынғы әкімнің орынтағына қайтадан отыруы жаңалық емес бұл ауданда. Осылайша Есенгелді, Мичурин, Қарағанды ауылдық округтері, Абай қаласында да әкімдер өз орындарын сақтап қалған. Оларды бұрынғыдай жоғарыдан әкеп, тағайындап жатқан ешкім тағы көрінбейді. Сонда бұлар халыққа несімен жақты екен деген ой туындауы сөзсіз. Әрине, соншалықты елдің сеніміне ие болып, абырой алу оңай болып па?! Өңірдің тыныс-тіршілігін, адамдардың жүрек лүпілін тамыршыдай тап басып, мұң-мұқтажына құлақ асып, халыққа жаны ашитын басшы болу керек ол. Президент реформасының да, «Еститін мемлекет» жобасының мәні де, көздейтінін де осы ғой.

Ендеше бізге жолығып, пікір білдірген сайлаушылардың кімге, не үшін дауыс бергенін тыңдап көрелік. Не айтар екен олар…

Әйгерім Ыбырайхан:

– Мен өзіміздің бұрынғы әкім Ерғали Қысырауыновқа дауыс бердім. Ол қызмет істеген төрт жылда ауылымыз абаттанып, жаңадан почта, әкімдік үйлері, стадион салынып, балалардың ойын алаңдары іске қосылды. Тозығы 90 пайызға жеткен кәріз жүйелерін жаңғырту қолға алынды. Осы және басқа да жақсы бастамаларын өзі аяқтар деп ойладым.

Мақсат Әукенов:

– Мен де Қысырауыновты қолдап, дауыс бердім. Өйткені, оның ауылда жасап жатқан игі шаруалары аз емес. Мәселен, мектеп, Мәдениет үйлері жөнделіп, 2-3 қабатты үйлердің бос пәтерлері қалпына келтіріліп, оларға 20-ға тарта отбасы қоныстанды. Ауылымызда ауыз су жүйесі тартылуда. Оны жалғастырып, аяқтау да оның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген.

Сонымен, Қысырауыновтың орнында қайта қалуына «көкелерінің» емес, көпшіліктің қолдауы, халықтың сенімі көмектескеніне көзіміз жеткендей.

Ержан ИМАШ.

Абай ауданы.

Оrtalyq.kz    

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button