Халықтың ұсынысы ескерілді: Конституция жобасына қосымша нормалар енгізілді
Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 11-ші отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты.

– Конституция жобасының 8-бабында меншіктің екі нысаны танылады және тең қорғалады делінген. Олар – мемлекеттік және жеке меншік. Көптеген ұсыныста бұл норманың барлық меншік нысандарын қамтымайтыны айтылған. Осылайша, аталған баптың 1-тармағы «Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады» деп жазылды, – деп түсіндірді спикер.
Жобаның 14-бабының 2-тармағында адам құқықтары мен бостандықтары әр адамға тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды деп көрсетілген. Көптеген азаматтар мен мамандар бұл норманы күшейтуді ұсынып, «адам құқықтары мен бостандықтары ҚР заңнамасының мазмұны мен қолданылуын айқындайды» деп қосуды сұраған.
Бұл ұсыныстар ескеріліп, тармақ «Адам құқықтары мен бостандықтары әр адамға тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды, ҚР қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп жазылатын болды.
– 14-баптың 3-тармағында Қазақстан Республикасы азаматының өз азаматтығына орай құқықтары мен мiндеттері бар делінген. Азаматтық адамның мемлекетпен конституциялық-құқықтық байланысын білдіреді. Демек, ҚР азаматтары Конституцияда белгіленген құқықтардың, бостандықтар мен міндеттердің толық көлеміне ие және заң алдында тең. Аталған баптың 5-тармағы да нақтыланды. Өзгерген редакция бойынша, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге тиiс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адами болмысына нұқсан келтiрмеуге тиiс, – деді ол.
Бұдан бөлек, Құрылтайды тарату тетігін неғұрлым икемді әрі ымыраға келуді көздейтіндей ету туралы ұсыныстар да ескерілді. Осыған байланысты «таратады» деген тұжырым «таратуға құқылы» деген нұсқамен ауыстырылды.
– Жалпыхалықтық талқылау үшін жарияланған Конституция жобасында бұл өкілеттіктер императивті түрде бекітілген. Енді Республика Президентінің аталған өкілеттіктерін диспозитивті формада тұжырымдап, құқық ретінде бекіту ұсынылады. Тиісті өзгерістер 46-баптың 2), 4) және 8) тармақшаларына, 57-баптың 1-тармағына және 62-баптың 1 және 2-тармақтарына енгізілді, – деп түсіндірді Комиссия мүшесі.
Сонымен бірге, көрсетілген конституциялық нормаларда Құрылтайды таратуға шектеулер қойылады. Төтенше немесе соғыс жағдайы кезінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде немесе Конституцияның 51-бабында белгіленген жағдайда Құрылтайды таратуға болмайды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



