Ресми

«Халықтық Конституция үшін» коалициясы мүшелері жаңа Конституцияны талқылау үшін ғалымдармен кездесті

Бүгін Алматы қаласында Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаеваның жетекшілігімен «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездесуі өтті.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті Акылбек Күрішбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректоры Жансейіт Түймебаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректоры Тлеп Болат, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Вячеслав Локшин қатысты.

Кездесу барысында Аида Балаева елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның маңызына жан-жақты тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен өзгерістер әділетті, орнықты және тиімді мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Ауқымды реформалар пакетінің негізгі ережелерінің бірі – бір палаталы Парламентке көшу екені айтылды.

Коалиция мүшесі ретінде Аида Балаева мемлекет мәдени әртүрлілікті сақтау, ғылыми зерттеулерді қолдау және білімге негізделген дамуды стратегиялық басым бағыт ретінде айқындап отырғанын жеткізді.

«Бұл нормалар ұлттық мәдениетті сақтау мен жаңғыртуға, прогрессивті ұлт қалыптастыруға, сондай-ақ ғылым мен инновацияны дамытуға берік құқықтық негіз болады деп санаймын», – деді ол.

Сонымен қатар, өз сөздерінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылым департаментінің директоры, жас ғалым Қуаныш Тастамбек және басқа да қатысушылар жоба ережелері бойынша пікірлерін білдіріп, ғылыми қауымдастықты болашақ Қазақстанның құқықтық негізін қалыптастыруға белсенді үлес қосуға шақырды.

– Өздеріңіз көріп отырғандай, жуырда Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасын ұсынды. Бұл құжат бір ғана адамның емес, тәжірибесі мол 130 маманның ұзақ әрі жан-жақты талдауының, сондай-ақ кең қоғамдық талқылаудың нәтижесі. Комиссияға келіп түскен 10 мыңнан астам ұсыныс осы жұмыстың айқын дәлелі, – деп атап өтті Тлеп Болат.

Айта кетейік, жаңа Конституция жобасы Мемлекет басшысына ұсынылды және 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдум арқылы халықпен бірлесіп қабылданады.

Басқа материалдар

Back to top button