Жаңалықтар

Халықтың Ғабдолласы

«Атқан оқтай, шапқан аттай» зымыраған уақыттың жалына жармасып, тізгінін тежеген пенде баласы жоқ. Қазақ ғылымының даңқын әлемге танытып, өз дәуірінде қазақ зиялыларының көшін бастаған академик Ғабдолла Құлқыбаевтың өмірден озғанына да 20 жыл өте шығыпты. Біртуар тұлғаның асыл бейнесін жұрт жадында жаңғырту мақсатында ғалым туралы жазылған естеліктердің арасынан оқырман үшін де, Ғабдолла ағамызды құрмет тұтқан көзкөргендер үшін де жүрек тербеп, көңіл толқытар шертолғау болғандықтан, осы жазбаны таңдап алдық.
Кейіпкері де, естелік авторы да ортамызда жоқ. Ғұлама ғалым, тұғырлы тұлға жайлы үзеңгілес досы, мұраттас бауыры Алаштың Ақселеуінен асырып кім айта алар?! Естелік Ғабдолла Әбдіқожаұлының өмірден озғанына 40 күн толғанда жазылған жүрек сыры екен.
Қабыл алып, қос абызға деген сағаныштарыңызды басыңыздар, қадірлі оқырман!
Марқұмдардың рухы шат болсын!
РЕДАКЦИЯДАН

Суретте: Ақселеу Сейдімбек пен Ғабдолла Құлқыбаев редакция мұрағатынан

Ғабдолла Әбдіқожаұлы Құлқыбаевтың фәни жалғанмен қош айтысып, бақиға бет бұрғанына да қырық күн болды. Ажал шіркін бұл жолы да қапысын тауып, зорлығын асырып, шарасыз күй кештіріп, жүректерге жара, көңілдерге нала салып кетті. Ат жалын тартып мінгелі ел үшін емешегі езіліп, жұрты үшін етек-жеңін түрініп, тынымсыз тер төгумен ғұмыр кешкен Ғабдолла өзі таңдаған жолдың аңсарлы биігіне енді самғап шығып, шапағаты мол нұрлы сәулесін төңірегі енді түсіре бастағанда, бағаналы бәйтеректей опырылып түскені өкінішті-ақ. Санаң сенбейтін, жүрек төзбейтін хикмет. Шара жоқ, енді ол туралы өксікті сөзіңді өткен шақпен айту маңдайымызға жазылып отыр.

Тек қана адалдықтың бәйгесіне атын қосып, оза да, қалса да олжалы болып жүретін жер бетінде бір азамат болса, ол Ғабдолла еді. Туысы бөлек, табиғаты дегдар Ғабдолла қазақ зиялыларының көрнекі өкілі, шын мәніндегі келісті эталоны болатын. Бәлкім, ананың сүтінен, атаның күшінен дарыды ма екен, әлде киелі Сарыарқасы мен қасиетті Жаңаарқасының топырағы желеп-жебеді ме екен, әйтеуір, Ғабдолланың тал бойындағы әмбебаптық пен арман-аңсарындағы өрелілік қандай ортада да оның еңсесін өзгеден асқақтатып көрсетуші еді. Сонысына сай ол елінің мұрат-мүддесі жолындағы істің кез келгенін ыстық жүрекпен, аса жоғары кәсіби біліктілікпен атқара білді. Әсіресе, Қазақстан медицинасының өресін биіктетіп, өрісін ұзартуға қосқан үлесі оны еліміздің ғылыми интеллигенциясының көш басына шығарды. Ғабдолла өзінің біртуар болмыс-бітімімен отандастарының бетке ұстар мақтанышы болса, сырт көз үшін қазақ ұлты мен Қазақстан ғылымының мерей-мәртебесін асқақтата танытатын тұлға бола білді.

Кез келген дарын иесі сияқты Ғабдолла да мейлінше өнімді еңбек етіп, ғұмыры ұзақ істердің көшін бастай алды. Содан да болу керек, оның тікелей араласуымен атқарылған ғылыми жұмыстар Қазақстан медицинасын алыс-жақын шетелдерде танытып қана қойған жоқ, сол алыс-жақын шетел ғалымдары Қазақстандағы ғылыми ізденістермен санаса да бастап еді.

Ғабдолла өзінің жастық дәуренін өткізіп, асқақ армандарға тұғыр болған Қарағанды қаласын айрықша ыстық сезіммен әспеттеп отыратын. Бұл ортада қалыптасқан зиялылар қауымы мен ғылыми интеллигенцияға, өнерпаздар мен шығармашыл топтарға бір өзінің ырыс-несібесіндей мерейленіп, мағмұрланып отырушы еді. Жай ғана сырт көз ретінде емес, Қарағандыдағы ең бір елеулі деген мәдени-рухани шаралардың жуан ортасында ұйытқы болып жүретін. Сөйленер сөздің шешені, басталар істің көсемі еді ғой. Оның шамырқанбай іс бастаған, шабыттанбай тұяқ қимылдатқан кезі болған емес. Ол тындырған ұлан-ғайыр істерді ой көзімен шолғанда еріксіз қайран қаласың, емірене сүйсінесің, жан-жүрегің мақтаныш сезіміне бөленеді, ел-жұрттың ертеңіне деген сенімің орныға түседі. Дәтке қуат, қайғыға сабыр берер бір қисын осы. Ғабдолланың жаны жәннатқа бет алғанымен, оның өлмес ойы мен өнегелі сөздері ақ қағаздың бетінде, көз көргендердің көкірегінде қалды. Ғабдолла өмір бойы халқына қалтқысыз қызмет етсе, енді сол халқы адал перзентін ардақтап-аялайтын кез келді.

Қазақта «Өліге деген құрмет тірілер үшін» деп келетін терең мәнді аталы сөз бар. Ендігі жерде Ғабдолладай азаматқа көрсетілер сый-құрметтің, ең алдымен, жер басып жүрген тірілерге шапағаты тиетінін сезіне білгеніміз абзал. Оның соңында ол тындырған, көл-көсір ғылыми еңбек, мол мұра қалды. Отызға тарта монография, төрт жүздей ғылыми мақалалар. Мұның сыртында толымды ғылыми жобалар мен идеялар бойынша соңынан ерген ізденушілердің қалың легі бар. Осының бәрі – өзінің өміршең әлеуетін бір сәт тоқтатпастан тегеурінді әрекетке ұласса ғанибет. Ол үшін ең алдымен Ғабдолла Әбдіқожаұлының рухы ұялаған Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар ұлттық орталығынан Ғабдолланың ғылыми мұрасын зерттейтін және ілгері дамытатын бөлім құрылуы қажет-ақ. Мұның өзі, түптеп келгенде Ғабдолла үшін керек емес, Ғабдолланың тікелей басшылық жасауымен еңсесін тіктеген сол Ұлттық орталықтағы ғылыми жұмыстың ілгері дамып, өркен жаюы үшін керек. Осы орайда, Ғабдолла мұрасын зерттеп-тануды ғылыми тақырып етіп, өкшебасар шәкірттерінің біріне аманаттаса, үлгі-өнеге болар кісіліктің бір көрінісі сол болмақ. Ғабдолла өзінің соңғы деміне дейін барша қабілет-қарымын Ұлттық орталыққа сарп етсе, енді сол Ұлттық орталықтың ондағы азаматтардың Ғабдолланы ұлықтайтын кезі келді. Бұл ретте, Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар ұлттық орталығын Ғабдолла Әбдіқожаұлы Құлқыбаевтың атымен атау жөнінде ұсыныс түсер болса, марқұмның ел үшін еткен еңбегі мен төккен терінің лайықты өтеуіндей іс болар еді. Мұның сыртында Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск қалаларынан, Жаңаарқа ауданынан Ғабдоллаға көше аттарын, кітапхана мен мектеп атын берсе, тірілердің ұлағат тұтып, өнегелі шапағатын көретіні аян. Сонда көңілдің шері сейіліп, көкіректегі қайғы ортая түсер еді.

Ақселеу СЕЙДІМБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Басқа материалдар

Back to top button