Ресми

Халық сенімін нығайту міндет

Қарағанды облысында еліміздің бес өңірінен келген мәслихат депутаттарына арналған ауқымды оқыту тренингі өтті. Шараны Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты, Парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі және ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі, сондай-ақ, Қарағанды облысы мәслихаты бірлесе ұйымдастырды. Тренинг Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қозғайтын бірқатар өзекті тақырыптарды қамтыды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Жиынға Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарының депутаттары қатысты.

Саяси жүйені қайта іске қосу облыстық мәслихаттарды партиялық тізімдер бойынша және бір мандатты округтер бойынша тепе-тең негізде қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде жаңа тәуелсіз кандидаттардың пайда болуын қамтамасыз етті. Сондай-ақ, заңнамамыз да айтарлықтай өзгерістерге ұшырау­да. Бұл – қазіргі, үнемі өзгеріп отыратын әлемнің шындығы. Біз жаңалықтарға дайын және ашық болуымыз керек. Мәслихаттардың көпшілігінде құрамы жаңарып, көптеген халық қалаулылары алғаш рет депутаттық қызметке кіріскендіктен, бұл тренинг – өте өзекті. Бұл тұрғындар проблемасын шешудегі өкілді және атқарушы билік органдарының ықпалдастығының жарқын көрінісі болады деген ойдамын, – деді облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов.

Ал, Парламентаризм институты директорының орынбасары Ләззат Сүлеймен өз сөзінде заңнаманы жетілдіру бағытында жүйелі түрде жұмыс істеудің халықтың өмір сапасын арттырудағы басты шарттардың бірі деді. Сондай-ақ, ол Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылған негізгі басымдықтарды еске салып, қоғамдық бақылауды күшейту, адам саудасымен күрес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың қарыз жүктемесін азайту бойынша қабылданған шараларға маңызына тоқталды.

Тренинг Парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Баталова, ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің өкілі Әсел Қаратаева және Сенат депутаты Серік Өтешов сөз алып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының әлеуетін арттыру мақсатында осындай тренингтердің жүйелі түрде өтуінің мәнін атап көрсетті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешов мұндай тренингтер өткізу еліміздің барлық өңірлері үшін тұрақты тәжірибеге айналғанын жеткізді. Алғашқысы 18 қыркүйекте Семейде өткен. Онда мәслихаттардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты, бюджетті бекіту және жергілікті бағдарламалардың орындалуын бақылау кезінде ашықтықты арттырудағы рөлі, азаматтардың өтініштерін өңдеу үшін бірыңғай жүйе құру, халықты белсенді ағартуға қатысу сияқты қоғамдық мәселелер қаралған.

Парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Баталова мәслихаттардың қызметін нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету туралы баяндама жасап, жергілікті органдардың заңнамалық базаға негізделген жұмыс істеуінің маңызын түсіндірді.

Парламентаризм институтының сарапшысы Меруерт Қабылбаева болса, депутаттардың Парламентпен тығыз байланысын күшейту қажеттігін, мәслихаттардың жергілікті мәселелерді шешудегі рөлін жеткізді.

– Азаматтар ең алдымен, мәслихат депутаттарына жүгінеді және сіздер арқылы олардың билік органдарымен алғашқы байланысы жүзеге асады. Сенатпен бірлескен жұмыс заңдардың орындалуын қадағалауға және туындайтын проблемаларды жедел шешуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Сарапшы, сондай-ақ, азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеудің бірыңғай жүйесін құру туралы, бұл жүйе арқылы тұрғындардың қажеттіліктерін анықтауға және соларға сай шаралар қабылдауға болатынын айтты.

Парламентаризм институтының сарапшысы Жәнібек Сатыбаев баяндамасында жер ресурстарын басқару мәселелерін жан-жақты талдады. Ол, әсіресе, ауылдық елдімекендердегі жайылымдық жерлердің тапшылығы, бір жер учаскесіне бірнеше құқықтың қабаттасуынан туындайтын проблемалар, сондай-ақ, су айдындары маңындағы жерлерді пайдалануда қатаң бақылау қажеттілігіне назар аударды. Сарапшының айтуынша, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылық жерлерін қайта бөлу және жер ресурстарын тиімді басқару үшін мәслихат депутаттары мен атқарушы органдардың өзара іс-қимылы қажет.

Тренинг барысында экология мәселесі де назардан тыс қалмады. Сарапшы Кирилл Осин өңірлердегі экологиялық жағдайға тоқталып, экологиялық апаттардың алдын алу және табиғат қорғау шараларын күшейту қажеттігіне тоқталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселесін сарапшы Алмагүл Хасенова көтеріп, жергілікті бюджеттер мен бағдарламаларды бақылауда ұстаудың маңыздылығын жиналғандардың назарына ұсынды. Ол Transparency International ұйымының мәліметтерін келтіре отырып, Қазақстанның сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 97-орынға ие болғанын мәлімдеді.

«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Мереке Ғабдуәлиев өз сөзінде депутаттардың сайлаушылармен тиімді коммуникация орнату өзектілігін сөз етті. Ол ашықтық пен жариялылықтың халық пен билік арасындағы сенімді нығайтудағы рөлін баса айтты.

Шара соңында қатысушылар мұндай оқыту бағдарламаларын тұрақты түрде өткізіп тұрудың қажеттілігін де жеткізді. Депутаттардың біліктілігін арттыру мен атқарушы органдармен өзара іс-қимылды нығайту – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруда маңызды орын иеленеді.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button