Ресми

Халықпен бірлігі сөзде емес – істе

Nur Otan Қарқаралы ауданында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға баса назар аударуға ниетті. Партия атынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Ғабдолла Дүйсенбаев, Қадиша Оспанова және Ержан Хамитов аталмыш ауданда жұмыс сапарымен болып, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, туризм, жол жөндеу, тұрғын үй құрылысы перспективаларын көтерді.

Іргелі кәсіпорынның игілікті істері

– Бірінші кезекте, біз жергілікті жерлердің проблемаларына баса назар аудардық. Осы тұрғыда Теректі кентінің тұрғындарымен және «Алтай Полиметалл» ЖШС ұжымымен кездесу барысындағы диалог аса маңызды. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Теректі халқы жоғары жылдамдықтағы интернетке мұқтаж. Бұл, әлбетте, мектеп оқушыларының білім беру қажеттіліктеріне және мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алуға байланысты. Тағы бір маңызды мәселе – орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу. Бұл үшін жобалық-сметалық құжаттама бар, тек қаражат бөлуге қол жеткізу ғана қалды. Кездесу барысында біз ауыл тұрғындарына олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бар күш-жігерімізді саламыз деп уәде бердік, – деп атап өтті Ғабдолла Дүйсенбаев.

Жалпы, «Алтай Полиметалл» ЖШС кәсіпорынның даму стратегиясын табысты жүзеге асырудың жарқын үлгісі екенін атап өтті партиялықтар. Яғни, 680-нен астам қызметкердің 530-ы – жергілікті тұрғындар. Механик, электрик, дәрігер, инженер, кен шебері, бағдарламашы және көптеген мамандық иелері де осы жердің өзінен шыққан.

Олардың барлығы толық әлеуметтік пакетпен қамтылған әрі жалақылары да лайықты. Одан бөлек, компания басшылығы ұжымда жайлы моральдық-психологиялық атмосфераны сақтауға барынша күш салып, қызметкерлердің әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін шешуге ықпал етеді. Қызметкерлердің салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылықтарын да қолдау назардан тыс қалған емес.

Ал, ең басты артықшылық – қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін арттырып, білімдерін дамытуға жыл сайын қомақты қаржы салынуында. Кәсіпорында өндірістік машықтанудың арнайы бағдарламалары арқылы компанияға дарынды жас студенттерді тарту үшін жетекші университеттермен және техникалық жоғары оқу орындарымен кейіннен жұмысқа орналастыру арқылы ынтымақтастық жолға қойылған. Кәсіби байқаулар өткізіліп, тәлімгерлік жүйесі табысты жұмыс істейді.

Орталық Қазақстанның інжу-маржаны

Nur Otan партиясынан кандидат Ғабдолла Дүйсенбаев жалпы алғанда партияның сайлауалды бағдарламасы көптеген аспектілерді қамтитынын, бұл ретте әрбір өңірдің ерекшеліктері ескерілгенін, басты басымдықтардың бірі – бұл халықты әлеуметтік қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, азаматтардың әл-ауқатына бағытталған жобаларды іске асыру екенін атап өтті.

– Қарқаралы ауданында туристік кластерді дамытуға үлкен үміт жүктеледі. Өңірді Орталық Қазақстанның інжу-маржаны десе де болады. Бүгінгі таңда мұнда 2,6 мың адамды орналастыруға болатын туристерге арналған 29 нысан жұмыс істейді. Nur Otan партиясы алдағы уақытта құрылыс нысандарын салу үшін инфрақұрылымды жетілдіру мен сервис сапасын арттыруды бірінші кезектегі міндет етіп қойып отыр. Атап айтқанда, салаға 460 млн. теңге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз ету және туристік қызметпен айналысатын қаланың 100-ден астам тұрғынын жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұдан басқа, біз жол және көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғыртуға, сондай-ақ қолайлы экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Құтты мекен», «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын іске асыруға жәрдемдесетін боламыз. Сондай-ақ, 2023 жылға қарай аудан халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешуге ниеттіміз, – деді Ғабдолла Дүйсенбаев.

Басты міндет – әлеуметтің әлеуетін арттыру

Партия кандидаттарының айтуынша, келесі жылы Nur Otan сайлауалды бағдарламасына сәйкес, Бүркітті, Егіндібұлақ, Көктас, Тегісшілдік ауылдарының ішкі жолдарын, сондайақ, аудандық маңызы бар бірқатар бағыттарды жөндеуді қолға алады. Ал, 2025 жылға дейін Матақ ауылы мен аудан орталығын байланыстыратын жолға күрделі жөндеу жүргізіледі.

Партия тұрғын үй алуға байланысты мәселелерді шешуге ықпал етуге, тұрғын үй нысандарын қайта құруға назар аударуға, жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушылар мен көпбалалы отбасылар үшін пәтерлер іздестіруге ниетті. Мысалы, таяудағы екі жыл ішінде аудан орталығында екі 36 пәтерлі және екі 4 пәтерлі, жүзден астам жеке және коммерциялық үйлердің құрылысы жоспарлануда. Осы күш-жігердің арқасында жақын арада ауданның 200-ге жуық отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

– Қарқаралы ауданының тұрғындары біздің айтқан ақпараттарымызды оң қабылдап, Nur Otan бастаманы қолдады. 2021 жылғы 10-қаңтарда сайлау учаскелерінде олардың көпшілігі дұрыс таңдау жасап, біздің партиямызға дауыс беретініне сенімдімін. Nur Otan халықпен бірлігін сөзбен емес, іспен бірнеше рет дәлелдеді, – деді кездесу соңында Ғабдолла Дүйсенбаев.

Ауылды дамыту – ауыл шаруашылығын дамыту

– Біз сайлауалды бағдарламамызға сәйкес, Қарқаралы ауданын үлкен оң өзгерістер күтетінін айттық. Атап айтқанда, партия ірі қараны 87,4 мыңнан 96 мыңға дейін көбейту арқылы мал шаруашылығын дамытуға үлес қосады. 2025 жылға дейін Ынталы, Угар, Бақты ауылдық округтерінде мал бордақылау алаңдары салынады. Одан бөлек, 9 ауыл шаруашылық жобасын іске асыру жоспарланып отыр, – деп атап өтті Қадиша Оспанова аудан тұрғындарымен кездесу барысында.

Сондай-ақ, партия қаржы институттары арқылы ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуді де көздеуде. Олардың қатарында жеңілдетілген несиелеу және микрокредит беру, келісімшарттық қаржыландыру механизмі, машиналар, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуге арналған жабдықтар лизингі бар.

– Біз өңделетін алқаптардың көлемін ұлғайтуды, өнімділікті жақсарту және жалпы егін жинау шараларын қабылдап, қосымша 10 мың га. суармалы жер енгізуді қолдаймыз. Еңбек өнімділігінің артуына мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығындағы цифрландыру көмектеседі, – дейді Қадиша Базарбайқызы.

Нәтижесінде, Nur Otan сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға дейін облыс сүт өнімдерінің тауарлық көлемін – 61 мың тоннадан 80 мың тоннаға, тірі салмақ көлемін – 21 мың тоннадан 26 мың тоннаға дейін ұлғайтады. Бұл шаралар 67 ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерді қамтып, агроөнеркәсіптік кешенде 1,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға және еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Материалдың жариялану ақысы Nur Otan партиясының Қарағанды облыстық филиалының сайлау қорынан төленді.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button