Жаңалықтар

Халық партиясы жылды қорытындылады

Қазақстан Халық партиясының Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша филиалдары биылғы атқарылған жұмыстарына қорытынды жасап, есептік жиынын өткізді. Жиынға ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев, облыстық, аудандық филиал мүшелері және депутаттар қатысты.

Сурет
ұйымдастырушылардан

Қарағанды және Ұлытау облыстары филиалдарының төрағасы Халел Мақсұтов өткен жыл партия үшін жемісті болғанын айтады. Мәселен, Қарағанды облысы бойынша 345, ал, Ұлытау облысы бойынша 114 адам ҚХП қатарына енген. Одан бөлек, екі облыс бойынша партия идеологиясын қолдайтын ұйымдармен он алты меморандумға қол қойылған.

Жыл түрлі саяси оқиғаларға толы болғанына да тоқталды Халел Мұқатайұлы. Мұндағы ең маңыздылардың бірі – елімізде атом электр станциясын салу жөніндегі республикалық референдум болды. ҚХП оны қолдау үшін үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысты.

– Қарағанды және Ұлытау облыстары филиалдары жастармен жұмыста да белсенділік танытып, түрлі шараларға атсалысты. Сондай-ақ, қоғамдық бастама негізінде жұмыс жасайтын филиал қызметкерлері түрлі акция­лар ұйымдастырып, онға жуық қайырымдылық шараларын өткізді, – дейді облыстық филиал төрағасы.

ҚХП-ның елдің қоғамдық өміріне қатысуы да өте белсенді. Тікелей эфирлер, дөңгелек үстелдер, конференциялар мен пікірталастар барысында партия халықтың ең өзекті мәселелерін көтерді.

– Биылғы ерекше оқиғалардың бірі – ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай Қарағанды және Ұлытау облыстық филиалдарының бірлесіп салтанатты іс-шара өткізуі болды. Одан бөлек, партияластарымыз сенбіліктерге белсенді қатысып, ағаш отырғызып, туған жерімізді көгалдандыруға өз үлестерін қосты, – деді Халел Мұқатайұлы.

Ермұхамет Ертісбаев «Әділетті Қазақстанды» құру әркімнің өз қолында екенін айтады.

– Біз кез келген жағдайға қарсы тұруға дайын болуымыз керек. Қазір ел бойынша партия­н­ың, оның ішінде ҚХП қатарында болғысы келетіндер саны көп. Оның себебі – халық қазір саяси сауатты. Одан бөлек, аз ғана уақытта біз мықты әрі қуатты партия құра алдық. Өнеркәсіп алыптары халыққа тиесілі болуы керек. Сондықтан, ҚХП атына сай жұмыс жасап отырған партия деп сеніммен айта аламын. Біздің мақсат – халық партиясы арқылы халық үнін жеткізу, – дейді Ермұхамет Ертісбаев.

Шара соңы партия қатарына жаңадан қабылданғандарға партиялық билеттерді және белсенді мүшелеріне марапаттар тапсырумен аяқталды.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button