Жаңалықтар

Халық мүддесіне негізделген Тұжырымдама

Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы шеңберінде берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

Тұжырымдама жобасы өткен жылдары іске асырылған жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Тұжырымдама ұсынатын іс-шаралар ел өңірлерінің экономикалық және әлеуметтік дамуының стратегиялық міндеттеріне сәйкес келеді, сондай-ақ, тұтастай алғанда тұрғындар мен мемлекеттің мүддесі үшін жауап береді.

Жоба шеңберінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге және тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа модель бес түйінді қағидат негізінде қалыптастырылады.

Бірінші, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуы. Екінші, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлау. Үшінші, ұйымдастырушылық, экономикалық және қаржылық мәселелерді шешудегі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігі. Төртінші, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару қызметінің нақты функционалдық шекаралары. Бесінші, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тұрғындар алдындағы ашықтығы мен есептілігі.

Азаматтарды мемлекеттік басқару және шешімдер қабылдау процестеріне белсенді тарту үшін жергілікті жерлерде әкімдерді тікелей сайлауды енгізу жөніндегі шаралар көзделген.

Биылғы жылы мамырда қабылданған заңдарға сәйкес, шілдеден ауыл әкімдерін тікелей сайлау басталды. Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар бойынша, 25 жастан төмен емес, сондай-ақ, осы санаттағы мемлекеттік қызметшінің біліктілік талаптарына сәйкес болуы керек. Ұсынудың екі негізгі әдісі, яғни, саяси партиялардан және өзін-өзі ұсыну тәртібі. Осы бағыт шеңберіндегі келесі қадам – 2024 жылдан аудан әкімдерін тікелей сайлауды енгізу.

Тұжырымдама жобасында алғаш рет жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару институттарын нақты бөлу қажеттігі көзделген. Бұл үшін жергілікті өзін-өзі басқару туралы жаңа заң әзірленеді, онда жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құрылымы, қалыптастыру тәртібі және өкілеттіктері айқындалады.

Одан әрі орталықсыздандыру және жергілікті өзін-өзі басқарудың пәрменді жүйесін құру үшін басқару деңгейлері арасында функциялар мен өкілеттіктерді қайта бөлу және олардың қайталануын болғызбау жөніндегі шаралар көзделген.

Берілетін өкілеттіктер оларды тиімді іске асыру үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз етілетін болады.

Азаматтық белсенділікті ынталандыру мақсатында жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша шешім қабылдауға тұрғындардың тікелей қатысуы көзделеді. Олардың қатарында елді-мекендердің мәртебесін, атауын және шекарасын өзгерту, жергілікті қоғамдастықтың басым міндеттерін айқындау бар.

Ауылдық өкілді орган – «Кеңес» құрылады. Оған жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспары мен бюджетті бекіту және оның орындалуын бақылау, ауылдық деңгейде салық мөлшерлемелерін мөлшерін реттеу, сондай-ақ, ауылдарды абаттандыру мәселелері бойынша өкілеттіктер берілетін болады. Жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында ауылдық округтер әкімдері аппараттары қайта ұйымдастырылады.

Бүгінде ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлеріне қойылатын талаптар орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қойылатын талаптарға ұқсас. Бұдан басқа, әкімді қоса алғанда, 3-5 адамнан тұратын аппараттардың штат санының белгіленген лимиттері тұрғындармен тиісті деңгейде жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты, халықаралық тәжірибені ескере отырып, пилоттық жоба шеңберінде басқарудың жаңа ұйымдық-құқықтық нысаны – «жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі» енгізілетін болады.

Әкімшіліктің кадр құрамын қалыптастыру жеке тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Бұл персоналды басқарудың икемді жүйесін енгізуге, сондай-ақ, азаматтардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін қосымша жұмыс түрлерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Көрсетілетін қызметтер тізбесі, қызметкерлерді жалдау және еңбекақы мөлшерін айқындау мәселелері Кеңеспен реттеледі.

Пилоттық жоба оң нәтиже берсе, жаңа ұйымдық-құқықтық нысан ел бойынша кеңейтіледі. Жергілікті маңызы бар мәселелерді сапалы шешу мәслихаттар жұмысының тиімділігіне де байланысты. Осыған байланысты олардың ролі күшейтіледі. Мәселен, 2022 жылдан бастап облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының тұрақты комиссиялары төрағаларының босатылған екі лауазымы енгізіледі. Мәслихат хатшысының мәртебесін арттыру мақсатында оған мәслихат сессиясы төрағасының өкілеттігі берілетін болады.

Бүгінде төртінші деңгейдегі бюджет лайықты деңгейде қаржыландырылмайды. Меншікті кірістер бюджеттің осы деңгейіндегі шығыстардың тек 13,4%-ын ғана жабады. Осыған байланысты, 2022 жылдан ауыл деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша төрт түрін беру көзделген. Олар бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, оларды сатудан түсетін түсімдер және оларды жалдау құқығын сатқаны үшін төлем.

2023 жылы тағы да бірқатар салықтар мен төлемдерді беру жоспарда. Атап айтқанда, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын облыс, аудан және ауыл арасында бөлу көзделетін болады.

Бюджеттік бағдарламаларды ірілендіру, есептер санын қысқарту, бизнес-процестерді оңтайландыру және салық салынатын базаны кеңейтуді ынталандыру тетігін енгізу жолымен бюджеттің төртінші деңгейін қалыптастыру және атқару тәртібін едәуір оңайлату жоспарлануда. Фискалдық орталықсыздандыру бойынша шаралар қабылдау нәтижесінде 2025 жылы ауылдық округтер бюджеті 35%-ға дейін өз-өзін қамтамасыз етеді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықтың өзекті мәселелерін жедел шешу мақсатында қоғам мен мемлекет арасындағы кері байланысты арттыру шаралары қарастырылған. Мәселен, азаматтар мен мәслихат депутаттарына жергілікті маңызы бар мәселелер және жалпы өңірді дамыту бойынша петиция жасау құқығын беру ұсынылады.

Өткен жылы пилоттық режимде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында «Халық қатысатын бюджет» құралы табысты енгізілді, ол азаматтардың бюджет процесіне қатысуын көздейді.

2,3 млрд.теңге сомасына аулалар мен спорт алаңдарын абаттандыру бойынша 81 жоба іске асырылды. Пилоттық жобаның оң нәтижелерін ескере отырып, «Халық қатысатын бюджет» шеңберінде жобаларды қаржыландыру көлемін 10 есе ұлғайту көзделіп отыр.

Сонымен қатар, жергілікті бюджеттерді бекіту процесіне бақылауды күшейту мақсатында инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға арналған шығыстар бойынша онлайн-сұрауларды қолдануды қоса алғанда, қоғамдық сараптамаларды енгізу көзделеді. Бұл шаралар халықтың нақты қажеттіліктерін ескеруге және азаматтардың жергілікті атқарушы билік органдарына деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде еліміздегі жергілікті инфрақұрылым нысандарының көп бөлігі, яғни жолдар, сумен жабдықтау, су бұру және электрмен жабдықтау желілері жергілікті атқарушы органдардың балансына қойылмаған. Нәтижесінде әкімдіктер ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жылдам жүргізе алмайды. Өз кезегінде, бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Осы мәселелерді жергілікті деңгейде шешу үшін Тұжырымдама жобасында жергілікті бюджет шығыстарын ұтымды бөлуді арттыруға және коммуналдық меншік объектілерін тиімді пайдалануға бағытталған шаралар көзделген. Олар, алдымен, оңайлатылған тәртіппен тіркелмеген коммуналдық меншік объектілерін (оның ішінде иесіз активтерді) түгендеу және есепке қою. Екінші, ауылдық округ әкіміне «Кеңеспен» бірлесіп, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіне беруге жататын мүлік түрлерін айқындау құқығын беру. Ал, үшінші – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік объектілерді жобалауға арналған шығыстарды азайту үшін үлгілік жобалау – сметалық құжаттама әзірленетін болады.

Азаматтардың мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру жөніндегі шаралар көзделеді. Осылайша, қалыптасып келе жатқан трендтерді ескере отырып, жекелеген ірі ауылдардың (халқы 10 мың адамнан астам) және шағын қалалардың (халқы 10 мың адамнан кем) мәртебесін қайта қарау мәселесі өзекті болып отыр. Осыған байланысты, аудандық және ауылдық деңгейлерде әкімшілік бөлудің жаңа стандарттары әзірленетін болады. Қалыптастырылған стандарттардың негізінде экономикалық, әлеуметтік және демографиялық ерекшеліктерді ескере отырып, елді мекендерді біріктіру және ірілендіру, қайта бағындыру және олардың мәртебесін өзгерту жөнінде кешенді жұмыс жүргізілетін болады. Елді-мекендердің шекаралары мен мәртебесіне қатысты барлық өзгерістер міндетті түрде жергілікті қоғамдастықпен келісіледі.

Айтылған шараларды сапалы іске асыру 2025 жылға қарай уақыт сын-қатерлеріне жауап беретін және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес азаматтарымыздың мүдделерін іске асыруға бағытталған жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button