Жаңалықтар

Халық игілігіне оң қадам

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңін айқындады. Ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды шешімдермен ерекшеленді. Құрылтайда халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әділеттілік пен экономикадағы ашықтық мәселелері басты назарда болды.

Президент өз сөзінде «Біз Ұлттық құрылтайдың отырыстарында үнемі әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылдап қана қоймай, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басымдықтарды айқындаймыз», – деп атап өтті.
Аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлер дамуындағы теңсіздікті жою – мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Осы орайда экономиканың өркендеуіне серпін беретін жастар мәселесін атап өтсек болады. Қазақстандағы жастар мәселесін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарастырған жөн. Мәселен, Ақтоғай ауданында бүгінде 14 пен 35 жас аралығында 4 292 жас бар. Еліміздің еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының 10 айлық есебі бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелген жастар саны – 459. Оның ішінде, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа тартылғандар мен тұрақты жұмысқа орналасқан жастар да бар.
Жастар әлеуметтік-демографиялық, экономикалық ілгерілеуде және елдің бәсекеге қабілетті ортасын қалыптастыруда маңызды орын алады. Осы орайда 2024 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 22 маманға жалпы сомасы 8 млн 122 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы бөлінді. 10 жас маманға 79 млн 378 мың теңге көлемінде бюджеттік несие берілді.
Осының барлығы жастардың еңбекпен қамтылуын және жастар кәсіпкерлігін әлеуметтік-экономикалық қолдауды білдіреді.
Президент, сондай-ақ, Құрылтайда Үкімет әзірлеген жаңа салық реформасының маңыздылығына тоқталды. Бұл реформа әлеуметтік және экономикалық факторларды ескере отырып жасалған. Атап айтқанда, қосымша құн салығының мөлшерлемесін арттыру туралы бастама көтерілді. Мұндай қадам бүгінде әлемнің көптеген елдерінде қолданыста бар, ал, Қазақстан үшін бюджет тұрақтылығы мен әділ салық жүйесіне қадам.
Мемлекет басшысы әлеуметтік көмекті шынайы мұқтаж жандарға бағыттау қажеттігін баса айтты. Басым емес шығындарды қысқартып, бюджет қаражатын тиімді пайдалану – Үкіметке жүктелген басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар, өңірлік әкімдіктердің қарамағындағы әлеуметтік салықтан түсетін қаражат нақты әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталуы тиіс.
Президент атап өткендей, кейінгі үш жылда елге 2 трлн теңгеден астам заңсыз алынған активтер қайтарылды. Бұл қаражат әлеуметтік нысандар салуға жұмсалмақ. Көкшетауда салынып жатқан жаңа көпфункционалды спорт кешені – осы бағыттағы нақты жобалардың бірі.
Құрылтай шешімдерінің өңірлерде іске асырыла бастауы да көңіл қуантады. Ақтоғай ауданында өткен дөңгелек үстелдер барысында жастарға арналған қолдау шаралары мен салық заңнамасындағы өзгерістер таныстырылды. Сондай-ақ, «мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігін нығайту» тақырыбы аясында азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелері көтерілді.
Мұндай шаралар қоғамдағы ашықтықты арттырып, сенімді нығайтады. Мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы нақты әрі пәрменді әрекеттері ел дамуындағы тұрақтылық пен әділеттілікке жол ашады.
Құрылтай еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды саяси алаңға айналды. Қабылданған шешімдер мен бастамалар ел болашағы үшін жасалған тың қадамдар екенін уақыттың өзі дәлелдейтіні анық.

Алмас ҚАЙРАТҰЛЫ,
Ақтоғай ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы
Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button