Халық игілігін дұрыс пайдалану маңызды
Жер – мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік, саяси және идеологиялық негізін қалыптастыратын және шоғырландыратын Қазақстан халқының игілігі. Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасы жер қатынастары саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағы 23 миллион 905 мың гектарды құрады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ауданы 11 миллион 932,5 мың гектар. Өткен жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша босалқы жер қорындағы жер көлемі 6 миллион 116,1 мың гектарды құрады. Елдімекендердің жері – 3 миллион 262,3 мың гектар. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және басқа да ауыл шаруашылығына арналмаған жерлер 145,9 мың гектарды құрады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер 403 мың гектар болса, орман қорының жерлері – 113 мың гектар. Сонымен бірге, су қорының жерлері – 40 мың гектарды құрады.
Облыста жыл сайын босалқы жер қорынан және пайдаланудан тыс қалған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту жұмыстары жүргізіледі.
2024 жылы ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту үшін аудан әкімдіктерімен ауыл шаруашылығы айналымына босалқы жерлерден конкурстар арқылы және басқа да жолдармен жылдық жоспардағы 352,6 мың гектардың орнына нақты 426,1 мың га ауыл шаруашылығы жерлер тартылды. Оның ішінде, 21,3 мың га – егістік, 395 мың га – жайылым, 5,4 мың га – шабындық. Айналымға тартудың жылдық жоспары 120,8%-ға орындалды. Бұл тұрғыда Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров аудандарының әкімдіктері белсенді айналысты. Бұл аудандар бойынша жоспардың орындалуы тиісінше 252%, 132%, 143%, 208%-ды құрады.
Жер қатынастары басқармасы жер қойнауын пайдалану мақсатында 2 979 гектар жер беру туралы 55 қаулының жобасын дайындады. Республикалық бюджетке аударуға жататын ауыл шаруашылығы шығындарының сомасы 19 245 539 теңгені құрайды. Қорғаныс мұқтажы үшін жер учаскелерін беру бойынша 6 қаулы жобасы, жер асты суларын өндіру үшін жер учаскелерін беру бойынша 3 қаулы жобасы дайындалды.
Облыстың жергілікті атқарушы органының жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою және тексеру нәтижелерін қабылдау жөніндегі комиссияны құру бойынша 96 ұсыныс пен шешімдерінің жобасы дайындалды. Олардың негізінде жергілікті жерге 116 іссапар жасалды.
Қарағанды облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Шарттық міндеттемелерді орындау міндеттемесі туралы» 20 талап арыз берілді. Шарттық міндеттемелердің орындалмауына байланысты жер пайдаланушыларға 19 хабарлама жіберілді.
2024 жылы 431 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қызметтер уақытылы, ескертусіз орындалды.
Есепті жылы шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 85 аукцион өткізілді. Нәтижесінде ауданы 136 гектар 208 жер учаскесі сатылды. Аталған учаскелерден түсетін түсімдер сомасы 600 455 мың теңге.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелерін пайдалану ерекше бақылауда. Облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін азаматтарға есепті жылы 271 учаске берілді. Бүгінгі таңда облыс бойынша жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесіне кезекте тұрған адамдар саны 61 мыңнан асты. Осы орайда, азаматтарға өздерінің кезегін жария кадастрлық картада (https://map.gov4c.kz/egkn/) көруге болатындығын еске саламыз.
Бұдан басқа, басқарма есепті жыл ішінде жерді игеру мен ұтымды пайдалану, ұтымсыз пайдаланып жатқан жерлерді қайтару, жайылымдық жерлер және басқа да мәселелер бойынша облыстың барлық аудандарында халықпен кездесулер өткізді.
2024 жылы облыста елдімекендерді жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жұмыстары жалғастырылды. Осакаров ауданында 25,7 мың гектар аумақта жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспары негізінде және басқа да жолдармен шалғайдағы жайылымдар ұйымдастырылды. Қарқаралы ауданында халыққа мал жаюы үшін 146,7 мың гектар жер ауылдық округ әкімдеріне уақытша өтеусіз пайдалануға берілді. Бұған дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері болмаған жер пайдаланушыларға 28,0 мың гектар жер берілді. Абай ауданында – 2,2 мың га, Бұқар жырау ауданында – 4,1 мың га, Қарқаралы ауданында – 15,7 мың га, Осакаров ауданында – 0,6 мың га, Шет ауданында – 4,4 мың га берілді.
Жер қатынастарын реттеу тек жер учаскелерін берумен шектелмейді. Жерді тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында жер пайдаланушылар мен жер учаскелерінің меншік иелері қолданыстағы жер заңнамасының барлық нормаларын сақтауы қажет. Мысалы, жайылымдарды ұтымды пайдаланудың негізгі шарты – ауыл шаруашылығы жануарларының болуы, жайылымдық инфрақұрылым объектілерінің болуы және олардың жай-күйі.
2024 жылы Бұқар жырау және Осакаров аудандарында шалғайдағы жайылымдарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің «Жайлау» пилоттық жобасы іске асыру жалғастырылды. Бұл пилоттық жоба суландыру құрылыстарын (ұңғымалар, құбырлы және шахталық құдықтар, қазандар), мал айдау трассаларын, мал тоқтайтын және суаратын алаңдарды, қошарлар, ауыл шаруашылығы жануарларын айдап-бөліп жаюға арналған қошарларды, ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринариялық өңдеуге арналған жармаларды, электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге арналған құрылыстар мен объектілерді орнатуды қамтиды, сумен жабдықтау объектілерімен, персоналдың маусымдық тұруына арналған құрылыстармен қамтамасыз етіледі. Жобаның 2024 жылға жалпы құны 151 миллион 950 мың теңгені құрады.
Сонымен қоса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану мақсатында жер пайдаланушылар топырақ құнарлылығының және жердің мелиорациялық жай-күйінің айтарлықтай төмендеуіне жол бермеуді қамтамасыз етуі қажет. Пайдаланылмай жатқан немесе заңнаманы бұза берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтау және қайтару жұмыстары жалғасуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024 жылы облыс бойынша 130 мың га осындай жерлерді қайтару жоспарын бекітті. Жыл қорытындысына сәйкес облыс бойынша пайдаланылмай жатқан немесе заңнаманы бұза берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 168 мың гектар жер (12,1 мың гектар – егістік, 1,3 мың гектар – шабындық, 151,3 мың гектар – жайылым) мемлекет меншігіне қайтарылды. Жоспардың орындалуы 129,2%-ды құрады. Оның 99,1 мың гектары ерікті негізде, 49,8 мың гектары жер пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты, 4,4 мың гектар учаскенің заңсыз берілуіне байланысты құқық белгілейтін құжаттың (жалдау шартының) күшін жою, 12,1 мың гектар сот шешімі бойынша, 2,6 мың гектар басқа да жолдармен қайтарылды. Биыл облыс бойынша пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жоспары 130 мың гектарды құрайды.
2023 жылдың 5 сәуірінде Мемлекет басшысы «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының №221-VII ҚРЗ Заңына қол қойды. Осы Заң арқылы, кенттерді, ауылдарды, ауылдық округтерді қоспағанда, елдімекендер аумағында мемлекеттік қызметті қарау мерзімін 30 күнге дейін оңтайландыра отырып, жер учаскесіне құқықтарды электрондық форматта берудің жаңа тәртібі ұсынылды.
Жаңа тәртіпті іске асыру мақсатында жер, құқықтық, табиғи және өзге де кадастрлардағы мәліметтерді қамтитын жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесі (Жария кадастрлық картасында) әзірленді. Осы жүйе арқылы қолданыстағы процестердің ашықтығына қол жеткізуге, қайталануды болдырмауға, жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерін ресімдеуге байланысты бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік ашылды. Қазіргі таңда, ақпараттық жүйе арқылы қалалар шегінде жер учаскесіне құқық алу, еркін салу арқылы жер учаскесін сауда-саттыққа шығару өтінім беру және сауда-саттыққа шығарылуға дайын жер учаскесіне құқықтар сатып алуға өтінім беру мүмкіндіктері қарастырылған.
Сондай-ақ, 2024 жылғы 27 ақпанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Аталған Заң жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды ескере отырып, жайылымдық жерлерді шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізуге байланысты, халықтың мал жаю үшін жайылымдарды резервте қалдыру, сондай-ақ, қоғамдық жайылымдарды мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қою тізбесіне енгізу, шекті жол берілетін нормадан жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалану нормативтерін жиырмадан елу пайызға дейін ұлғайту, сонымен бірге, жайылымды пайдаланушылар мен жайылымды пайдаланушылар бірлестіктерін мемлекеттік қолдау мәселелері қосымша баппен толықтырылды.
Қорытындылай келе, жер қатынастары саласын дамыту бағытында жұмыстар тоқтаусыз жүргізілетінін жеткіземін. Қазақстан Республикасының әрбір жер пайдаланушысының міндеті – жерді нысаналы мақсатына сәйкес ұтымды және тиімді пайдалану болып табылатынын атап өтемін.
Нұрлан ЛАМБЕКОВ,
Қарағанды облыстық жер қатынастары
басқармасының басшысы