Жаңалықтар

Халық достығының айнасы

Қарағандыдағы «Достық үйінде» орналасқан мұражай – этностар арасындағы достықтың, мәдениеттің орталығы. Бұл музей – өңірдегі 23 этномәдени бірлестіктің тарихын, ұлттық мұраларын және халықтар арасындағы ынтымақтастықты насихаттайтын орын. 2017 жылы ашылғаннан бері мұражай Қазақстандағы ең маңызды мәдени нысандардың біріне айналды.

Мұражайда облыстық ҚХА құрылғанда басы-қасында болған Сұлтан Досмағамбетов, Камали Дүйсембеков, Владимир Минасиан, Николай Матиасхин, Гиви Долидзе, Мирослав Зеленяк, Зинаида Чумакова сынды тұлғаларға арналған естеліктер баршылық. Бұл көрме олардың еңбегі мен аймақтың этносаралық ынтымақтастығына қосқан үлесі ұмытылмасын деген ниетте жасақталған.

Мұражайдағы экспозиция, ең алдымен, қазақ халқының ұлттық киімдері мен тұрмыстық заттарынан бастау алады. Жомарт Маликтің қолдан жасалған домбырасы мен қобызы, Байкен Кикимовтың алюминийден жасалған бұйымдары, Амантай Акишевтің қазан-ошағы, Бұқар жыраудың қорғасыннан жасаған бюсті және тағы басқалары – мұражайдағы ең алғашқы жәдігерлер қатарында. Әр экспонат белгілі бір ұлттың мәдениетін таныстырып қана қоймай, тәрбиелік мәні зор құндылықтарды дәріптейді.

Корей бұрышында олардың ұлттық бұйымдарымен қатар, қазақтың киіз үйі де қойылған. Бұл – корей халқының қазақ халқына деген алғысын білдіретін символдық жәдігер. Мұражайда сақталған ең көне тарихи құндылықтар қатарында Самарқандтан жеткізілген XVI ғасырға жататын медресе тастары, көне түрік жерінен табылған символдар, әлемдегі ең ежелгі армян алфавиті, VII-VIII ғасырларға тиесілі еврей Торалары бар.

Музейдің соңғы толықтырылған құнды экспонаты – Қарағанды облысының бас имамы Естай Әбдіғалидің Дағыстанның Каспийск қаласы имамдар кеңесінің төрағасы Мұрад Исмаиловқа сыйға тартқан қылышы. Ұшаққа алып кіруге болмайтындықтан, қылыш қазір осы жерде сақтаулы. Бұл жәдігер мәдени байланыстардың үздіксіз жалғасып келе жатқанын көрсетеді.

Мұражайда тек ұлттар арасындағы достықты ғана емес, сонымен бірге, әлем діндерінің бір-біріне деген өзара сыйластығын да насихаттайтын көрме бар. Мұнда әртүрлі ұлттардың діндері мен мәдениетін бейнелейтін қасиетті кітап жинақтары ұсынылады. Атап айтқанда, әзірбайжан, украин және неміс ұлттарына тән 1800-1900 жылдары жазылған інжілдің бағалы үлгілері сақталған. Сонымен қатар, Әнет баба мешіті мұражайға 1973 жылы жазылған Құран кітабын сыйлаған.

Мұражайдың қалыптасуына және оны дамытуға ерекше үлес қосқан еріктілер қатарында Акишев Амантай, Мария Скорикова, Зарина Сафарова, Суфия Сатретдинов, Александр Бурых сынды азаматтарды атап өту қажет. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында мұражай халықтардың рухани орталығына айналып отыр.

– «Достық» мұражайы – республика көлемінде осындай тақырыпқа арналған бірегей мәдени орын. Мұражайдың ашылу кезеңінде әріптестерімізбен бірге облыс аумағындағы барлық достық және мәдениет үйлерін аралап, зерттеу жүргіздік. Сапар барысында құнды деректер жинап, ерекше экспонаттарды мұражай қорына енгіздік. Бұл мұражайдың қалыптасуына қаламыздағы түрлі этнос өкілдері үлкен үлес қосты. Олар өз еркімен тарихи жәдігерлерін сыйға тартып, мәдени мұраны сақтауға атсалысты. Соның нәтижесінде бүгінде түрлі халықтардың рухани құндылықтары тоғысқан ерекше орта қалыптасты. Мұражай ғимаратында 23 этномәдени бірлестіктің бөлімдері мен арнайы кітапхана орналасқан. Әрбір бөлім мүмкіндігінше безендіріп, мәдени ерекшеліктерін көрсетуге ұмтылды, – дейді мұражай маманы Мүгілсім Шибаева.

Достық үйінің мұражайы – жай ғана жәдігерлер қоймасы емес, ұлттар арасындағы бейбітшілік пен татулықтың жарқын символы. Мұнда түрлі этностардың тарихы мен мәдениеті дәріптеліп қана қоймай, олардың бірлігі мен өзара құрметі айқын көрініс табады. Мұражай өткен мен бүгіннің арасын жалғап, көпұлтты қоғамның ортақ құндылықтарын нығайтуға және халықтар достығын одан әрі тереңдетуге зор үлес қосып келеді. Сондай-ақ, мұражайда тұрақты түрде мәдени іс-шаралар, көрмелер мен кездесулер өткізіліп, әр ұлттың салт-дәстүрін, өнерін, тарихын дәріптеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл жер әртүрлі этнос өкілдерінің бас қосып, өзара тәжірибе алмасуына, ұлттық құндылықтарын жаңғыртуына және достық қарым-қатынасты нығайтуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мұражай тек аймақтық емес, республикалық деңгейдегі маңызды мәдени орталықтардың біріне айналып, Қазақстандағы этносаралық татулық пен ынтымақтың шынайы үлгісін көрсетіп отыр.

Дильяра ӘБІШЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу
университеті журналистика бөлімінің IV курс студенті

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button