Басты тақырып

Халық денсаулығы – басты назарда

   Кеше Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ жұмыс сапарымен №3 Отбасы денсаулық орталығы мен Орталық медицина орталығының жанынан ашылған «Жағдаяттық орталықта» болды.

3 Отбасы денсаулық орталығы – мемлекеттік-жеке серіктестік аясында бой көтерген нысан. Құрылыс жұмыстарын жүргізу мен медициналық жабдықпен жабдықтау үшін жеке кәсіпкер Д.Мырзағалиев 400 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсаған. Жалпы ауданы 1 140 шаршы метрден тұратын ғимаратта дәрігерлер бір ауысымда 150 адамды қабылдауға қауқарлы. Тұрғындар көп орналасқан ауданда бой көтерген Отбасы орталығы бастапқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыратын болады.

Орталықта барлық жағдай жасалған. Аталған өңір тұрғындары үшін көрсетілетін көмек сапалы болады деген үміттеміз. Бұл жерде жалпы практикадағы дәрігерлер, терапевтер, педиатрлар, акушер-гинекологтар жұмыс істейді, функционалды диагностика кабинеттері бар. Рентген аппараты қойылады. Сонымен қатар, болашақта салалық мамандар да қызмет көрсетеді деп жоспарлаудамыз, – дейді орталық директоры Роза Разиева.

Ержанов көшесі, 28/2 үй мекенжайында орналасқан Отбасы орталығы – Қарағанды қаласындағы №1 емхананың бесінші филиалы. Бұл жерде 20 мың адамға дейін қызмет көрсетіледі. Қызметкерлерге және келушілерге қолайлы болуы үшін ғимаратта басқа емханаларда қарастырылмаған желдету жүйесі орнатылған.

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ерлан Нұрлыбаевтың айтуынша, облыс бойынша бір дәрігерге орташа есеппен 2 мың адам бекітілген. Филиалдарды ірілендіру бұл көрсеткішті 1500 адамға дейін азайтуға мүмкіндік береді екен.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

Міне, тағы да бір медицина орталығы ашылды. Жаңа жыл алдындағы жаңалық тұрғындар үшін қуантарлық жағдай. Нысан мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған. Ал, облыс бойынша жалпы 21 әлеуметтік мемлекеттік нысан бой көтерді. Бұл республика бойынша өте жақсы көрсеткіш. Осы арқылы бірнеше жылдар бойы шешімін таппай келген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік алдық.

2016 жылы Орталық медицина орталығында инсульт ауруына мониторинг жүргізу үшін Жағдаяттық орталық ашу бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2017 жылдың ақпан айында Инсульт бөлімшесі, ал 15 шілдеде Жағдаяттық орталық ашылған болатын. Жағдаяттық орталықтың басты міндеті – облыстағы инсульт ауруына шалдыққандарға көмек көрсетуді ұйымдастыру. Яғни, дәрігер науқасқа баратын жедел жәрдем жолға шыққан сәттен бастап, ауруханаға жеткізілгенге дейінгі жағдайды бақылап отырады. Қарағанды облысы бойынша ақпаратты жинауға мүмкіндік беретін арнайы сызба арқылы онлайн режимінде жұмыс жасайтын орталықта инсульт типтері бойынша ақпаратты қадағалап, әр күнге мониторинг жүргізіліп отырады.

Ал, 2017 жылдың 1 наурызында 215 орынға арналған Нейрохирургия және неврология орталығы ашылды. Қазір орталықта ангиографиялық қондырғымен операциялық блок жұмыс жасауда. «Philips» фирмасының «Allura Centron» антиограф аппаратымен тамырішілік, шағын инвазиялық әдістер арқылы инсульт, аневризм, мальформация, стеноз сияқты ауруларға ота эндоваскулярлы түрде жүргізіледі.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Суреттерді түсірген: Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button