АймақҚарағанды

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына өтінім қабылдау жалғасуда

2019 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаладағы аудан әкімдіктерімен «Халық қатысатын бюджет» жобасы қолға алынған болатын. Аймақта бағдарлама аясында жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асып келеді.

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Жоба аясында Қарағандыда 20 қаңтардан бастап жобаларды іріктеу үшін ұсыныстар қабылдау басталған болатын. Өтінімдер Қазыбек би ауданы әкімдігінің ресми сайтында және Әлихан Бөкейхан ауданы әкімдігінің сайтындағы «Халық қатысатын бюджет» бөлімінде қабылданады. Ал, Балқаш қаласында 3 ақпаннан 10 наурыз аралығында қабылданады. Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск, Приозёрск қалаларында 1 наурызға дейін қарастырылады.

Жобаға қатысу талаптары төмендегідей:

  • Бір автор тек бір ғана жоба ұсына алады;
  • Ұсынылған нысан жалпы пайдалануға арналған болуы тиіс;
  • Өтінімді азамат өзі тұратын аудан әкімдігінің сайтына жіберуі тиіс.

Жобалық ұсыныстардың санаттары:

Аулалар мен қоғамдық орындарда спорттық және балалар ойын алаңдарын орнату және жөндеу;

Қоғамдық кеңістіктерді құру және жөндеу (парктер, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары және т.б.);

Аулаішілік жарықтандыру, көше және саябақ шамдарын орнату; Тротуарларды салу және жөндеу;

Ғимараттарды жарықтандыру;

Қоқыс жәшіктері мен орындықтарды орналастыру;

Кіші архитектуралық формаларды орнату (бордюрлер мен тас төсеніштерді жөндеу және т.б.)

Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жобалар халықтық онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша таңдалады.

Айта кетейік, өткен жылы Қарағандыда бағдарлама аясында 24 жоба жүзеге асырылды. Қала тұрғындарының ұсыныстары негізінде балалар алаңдары, футбол алаңдары және басқа да нысандар салынды. Биыл мұндай жобалар саны артады, себебі бағдарламаның бюджеті үш есе ұлғайтылды.

Теміртауда бос жатқан   жердің орнына заманауи сквер пайда болды. Бағдарламаның тиімділігіне көз жеткізген тұрғындар биыл 13 жоба ұсынды, олардың басым бөлігі аула аумақтарын абаттандыруға бағытталған.

Қала тұрғындары аудан әкімдіктерінің сайтындағы «Халық қатысатын бюджет» бөлімінде бағдарламаның талаптары және қосымша ақпаратпен таныса алады.

Ұйымдастырушылар азаматтарды өз идеяларын жүзеге асыру мүмкіндігін жіберіп алмауға және қаланы жақсартуға белсенді атсалысуға шақырады!

 Рузана ҚУАНЫШҚЫЗЫ,   

Е.Бөкетов атындағы

Қарағанды зерттеу университетінің IV курс студенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button