Жаңалықтар

Халықаралық сайыс мәреге жетті

11 мемлекеттің аумағында өтіп жатқан жетінші Армия халықаралық ойындары аяқталды. Ойын бағдарламасына далалық, әуедегі және теңіздегі машыққа арналған 34 жарыс түрі енді. Биыл – санитарлық эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстанның Қарулы Күштері 11 байқауға ғана қатысумен шектелді. Оған 40-тан астам елдің әскери қызметшілері қатысты.

Жарыс бір мезгілде 23 полигонда және 3 теңіздің су айлағында өтті. Қазақстандық әскери қызметшілер оның ішінде 11 байқауға қатысты, олардың 2-і елімізде өтті. «Мәтібұлақ» полигонында өткен «Сұңқар аңшылығына» Беларусь, Иран, Қазақстан және Ресей әскери қызметшілері қатысты. Қатысушылар әуе барлауын жүргізу, берілген нысандарды іздеу, ұшқышсыз ұшу аппараттарына қызмет көрсету және оларды ұшуға дайындау бойынша жарысты, сондай-ақ, оқ атудан шеберлік көрсетті. Бұл сайыста бірінші орынды Қазақстан, екінші орынды Беларусь, үшінші орынды Ресей еншіледі.

Сол полигонда «Артиллериядан оқ ату шеберлері» сайысында Әзербайжан, Беларусь, Вьетнам, Иран, Қазақстан, Ресей, Сирия, Тәжікстан және Өзбекстан Қарулы Күштерінің минаатқыштары қатысты. Сайыстың үш кезеңінде әскери қызметшілер жылдамдық пен мергендікті көрсететін жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Олар жеке жарыста, түнгі спринт және финалдық эстафетада жеңіс үшін күресті. Бұл жолы да жеңіс –Қазақстан командасы қоржынында. Екінші орынды Ресей, үшінші орынды Әзербайжан иеленді. Ал, Рязаньда «Десант взводы» сайысында жерлестеріміз үшінші орын алса, «Тактикалық мерген» конкурсында да үштікке ілінді.

Тывада өткен «Аттар марафонына» қазақстандық тау-егерлік полктің әскери қызметшілері қатысты. Жалпы командалық есепте ресейлік команда жеңіске жетті. Екінші орынды Моңғолия мен Өзбекстан командалары өзара бөлісті. Үшінші орынды қазақстандық команда иеленді. Ал, Арменияның Дилижан қаласында «Бейбітшілік жауынгері» конкурсы өтті. Ел әскерінен аталған конкурсқа қатысу үшін келісімшарт бойынша үздік әскери қызметшілер іріктелді. Бұл жарыста да үшінші орынды Қазақстан иеленді. Сонымен қатар, Мәскеу маңындағы Патриот саябағында «Әскер мәдениеті» конкурсы өтті. Бұл жолы да Қазақстан үшінші орында болды. Сербияда өткен «Тәртіп сақшысы» сайысында Сербия құрамасы жеңімпаз атанды. Екінші орын Ресейге, үшінші орын Қазақстанға бұйырды…

Айта кету керек, Армия халықаралық ойындары – үздік әскери мамандардың жарыстары ғана емес, бұл әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының жаңа түрі. Жарыс арқылы жауынгерлер өздерінің кәсіби шеберліктерін жетілдіреді, бейтаныс полигондарда, басқа елдердің әскери күштерімен өткір бәсекелестікте әрекет етуге үйренеді. Бұдан басқа, бұл әскери ойындар қатысушы мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуда маңызды. Біздің жауынгерлердің қоржынында екі «алтын», бір «күміс» және сегіз қола медаль. Қазақстандық бір де бір команда медальсіз қалған жоқ.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button