Халық қалаулылары – Қарағанды облысында

Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін тұрғындарға түсіндіру мақсатында аймағымызға арнайы келген ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісі депутаттарымен кездесті.

Астанадан ат басын бұрған ҚР Парламентінің Сенат депутаттары қатарында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким, аталған комитеттің хатшысы Дулат Құсдәулетов, комитет мүшелері Рашид Түсіпбеков, Рысқали Әбдікеров, Сәуле Айтпаева, Владимир Волков, Марат Тағымов және Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Сергей Ершов болды. Өз кезегінде, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары сапынан Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев, осы комитет мүшесі Кәрібай Мұсырман, сондай-ақ, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Василий Олейник келді.

Мемлекет басшысының биылғы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі – еліміз үшін ең басты оқиғалардың бірі болмақ. Әсіресе, осы Қарағанды облысының тұрғындарына айтарлықтай олжа салады деген ойдамыз. Көшбасшымыздың көреген саясаты мен бірегей бастамаларының нәтижесінде талай жыл арман болып келген көгілдір отынның жылуын кеншілер өңірі де сезінбек. Бұл игі бастаманы жүзеге асыру барысы да күн тәртібінен түскен емес. Аймағымызға газ құбырларын жүргізу мәселесі де қаралу үстінде. Мұнымен бірге, өзге де көптеген мәселелердің шешу жолдары осы бес бастамада қамтылған. Сондықтан, түсіндіру жұмыстары да жүейлі жүргізілуде. Мәселен, Елбасы үндеу жарияланған күннің ертеңінде біз «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен облыс активін өткіздік. Бұл ретте, сіздердің жұмыс сапарларыңызда жемісті болады деген сенімдемін, – деді Ерлан Қошанов.

Жұмыс сапары барысында депутаттар өңіріміздегі аудандар мен қалаларға, жоғарғы оқу орындарына табан тіремек ойда. Тұрғындарымен кездесіп, Елбасы бастамасына қатысты сауалдарға жауап беретін болады.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары 4 күнге Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп отыр. Сондай-ақ, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары да қатысуда. Аталған бастама жарияланғаннан бері біраз уақыт өтті. Мұнымен қоса, облыс активтері «Нұр Отан» партиясы басшылықтарымен бірге халық арасында үлкен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әр бастаманың орындалар уақыты да жетті. Сондықтан, ҚР Парламенті депутаттарының алдында Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастаманы сапалы заңдармен қамтамасыз ету мақсаты тұр. Осыған орай, депутаттар бес әлеуметтік бастаманың нормативтік-құқықтық базасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – деді Георгий Ким.

Халық қалаулылары алға қойған ауқымды жұмыс – Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастаманы сапалы атқаруға негіз болмақ. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының бір топ депутаты Шет, Ақтоғай аудандары мен Балқаш қаласына баруды жоспарлауда.

Бүгін өздеріңіз куә болғандай, Қарағанды облысына ҚР Парламенті Сенатының бір комитеті толық келіп, Елбасының бес әлеуметтік бастамасын түсіндірмек ойда. Бүгіннен бастап біз тек облыс орталығына ғана емес, аудандарға, қалаларға, ауылдық елді мекендерге барып, халықпен, мекеме ұжымдарымен, жоғары оқу орындарындағы студенттермен кездеспекшіміз. Бұл ретте, халық қалаулылары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізуді де жоспарлап отыр, – деді Рысқали Әбдікеров.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.