Жаңалықтар

“Халық алғысын” алған сарбаз

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында егеменді еліміздің айбынды армиясының әлеуеті артқаны анық. Сонымен қатар, Тәуелсіздікті баянды ету мен Қазақстанның аумақтық тұтастығын қорғаудағы әскери қызметшілердің есімдерін ерекше атауға болады. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің №06708 әскери бөлімінде Отан алдындағы қызметін адал атқарып жүрген аға сержант Бауыржан Оразбаев.

Кешегі бозбала күнінде әскер қатарына шақырылған сарбаз Бауыржан бүгінгі күнде сүйікті жары – Алтынаймен бірге 3 ұл мен 1 қызға өнегелі тәрбие беріп, үлгілі әскери отбасы атанып отыр.

Әлбетте, ата-анасы баласын шыр етіп дүние есігін ашқанда «Халық батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы сынды атақты болсын» деп армандап, оған хас батырдың есімін берген.

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылы 10 жасқа енді ғана толған бала Бауыржан есейіп ер жетіп, 2001 жылы әскер қатарына шақырылады.

– Мен 18 жастан асқанда әскер қатарына шақырылып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарын толықтырдым. Отан алдындағы азаматтық борышымды абыроймен адал атқарып шықтым. Кейін өзім қызмет еткен әскери бөлімде қалып, қызметімді одан әрі жалғастырып келемін. Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясы қатарында қызмет ететінімді әрқашан мақтан тұтамын, – дейді әскери қызметші Бауыржан Оразбаев.

Әскери бөлім басшылығы тарапынан тұрғын үй мәселелері бірлесіп шешілгенін де тілге тиек еткен жөн.

Отбасының үлкені Бекжан Тараз қаласындағы спорт мектебінде білім алып жүр. Екінші ұлы Ислам Қарағанды облысы Приозерск қаласындағы жалпы білім беретін орта мектепте оқыса, ағаларының артынан ерген Нұржан биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Ал, отбасының ең кенжесі Айсұлу жақын күндері 4 жасқа толады екен.

Аға сержант Бауыржан Оразбаев әскери қызметтен келген бойда отбасындағы жары Алтынаймен бірге ұлдары мен қызының тәрбиесімен айналысады.

2018 жылғы оқу жылының жауынгерлік даярлық қорытындысы бойынша «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің «Үздік жүргізуші» атағына ие болады. Бүкіл дүниені дүр сілкіндірген коронавирус індетінің белең алуына байланысты Қарағанды қаласын дизенфекциялау іс-шараларына белсене атсалысқан әскери қызметші Бауыржан Оразбаев Қарағанды облысы әкімінің алғысына бөленеді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығы бойынша аталған пандемияға қарсы күресте ерекше көзге түскен аға сержант Бауыржан Оразбаевқа «Халық алғысы» медалі табыс етілді.

Тәуелсіздік жылдарында қызметін қатардағы сарбаздан бастап, бүгінгі күнде өнегелі әскери отбасы атанған аға сержант Бауыржан Оразбаев биыл 40 жасқа толады. Отан алдындағы мінсіз қызметте асқан жауапкершілік танытқан әскери қызметші Бауыржанның отбасына бақыт пен шаттық тілейміз! Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мәртебесін биікке көтеріп жүрген бөлімше командирі, аға сержант Бауыржан Оразбаевтың асар асуы әлі алда!

Тілек АЛШЫМБЕКҰЛЫ, 06708 әскери бөлімі.

Суретті түсірген: Думан Құрман­­­ға­лиев.

Басқа материалдар

Back to top button