Жаңалықтар

Халыққа қызмет жауапты міндет

Қазіргі уақытта ғаламтор алаяқтық қылмыстарының кең таралуы орын алуда. Осыған байланысты ғаламтор алаяқтықтың алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың 11 наурызы күні Қарағанды қаласы Полиция басқармасы басшылығының ұйымдастыруымен Қарағанды қаласының аумағында қала тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Тәртіп сақшылары қала тұрғындарына Қарағанды қаласының «Таир», «City Mall», «ЦУМ», «Абзал» сауда үйлерінде, қоғамдық және сауда орындарында алаяқтықтың ең көп таралған түрлері мен алаяқтардың құрбаны болмау туралы сақтық шаралары туралы айтып өтті.

Полицейлер қоғамдық орындарда және көшелерде, банктердің жанында және адамдар көп жиналатын жерлерде “Сақ болыңыз, алаяқтар!” және” Назар аударыңыз, алаяқтар!” секілді ескерту сипатындағы хабарландыруларды ілген болатын.
Сонымен қатар іс-шараға қатысушылар тұрғындарға алаяқтардың құрбаны болмас үшін адам өзін қалай ұстау керектігі жөнінде арнайы дайындалған жаднамалар таратып, дауыс ұзартқыш қондырғысымен жабдықталған көлікпен алаяқтық қылмыстарының құрбаны болмаудың бірнеше тәсілдері айтылған хабарландырумен қаланың барлық аумақтарын аралап өтті.


Қарағанды қаласының ПБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Ш.Салин өз сөзінде: «Соңғы уақытта интернет желісін алаяқтық мақсатында пайдалана отырып жасалатын құқық бұзу фактілері өсуде. Адамдарды алдау үшін алаяқтар әлеуметтік желілерді, сауда интернет-алаңдарын пайдаланады, жалған интернет-дүкендер, «фейк» парақшалар және сайттар ашады. Ағымдағы жылы Қарағанды қаласы бойынша 235 алаяқтық фактісі тіркелді. Құжаттарды рәсімдеуде, несиелер мен тұрғын үй, әлеуметтік көмек алуда және т.б. күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға сенім танытудың қажеті жоқ»-деп өз ойын түйіндеді.
Өз кезегінде Қарағанды қаласының ПБ қызметкерлері азаматтарға өте сақ болуға және құқық қорғау органдарының кеңестеріне немқұрайлы қарамауға кеңес береді. Сонымен қатар егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу Қарағанды қаласының ПБ 102 немесе 40-70-40 телефоны бойынша хабарласуға болатынын ескертеді.

Нағима ӘШІМҚЫЗЫ,
Қарағанды қ. ПБ.

Басқа материалдар

Back to top button