Жаңалықтар

Халыққа қызмет – жастарға міндет

Игілікті жобаларды жүзеге асыруда облыс ертеден өзгелерден оқ бойы озып келеді. Олардың дені егемендік алған жылдары табысты жүзеге асты. Солардың бірі – 2007 жылы тұңғыш рет Қарағанды облысында қолға алынып, табысты болғандықтан өзге облыстарда да ашылған «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы. Мемлекеттің абыройы, жалпы алғанда, ондағы әрбір тұрғынның қоғамда үйлесімді өмір сүруі – мемлекеттік қызметшінің қолында.

«Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауға тиіс» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық бірлестігі жүзеге асыратын «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің» негізгі ұстанымы да осы. Жобаның негізгі мақсаты мен міндеті – облыс жастарын мемлекеттік қызметке тарту, жастар арасында мемлекеттік қызметтің беделін арттыру және дәріптеу, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен жоғары оқу орындарының күш-жігерін шоғырландыру және мемлекеттік қызметті ұйымдастыру шеңберінде өзара іс-қимылды үйлестіру. Бүгінгі күнге дейін 400-ден астам адам мемлекеттік қызметші мектебін аяқтады.

Биыл конкурстық іріктеуге жоғары оқу орындарының ІІ-ІV курс студенттері, сондай-ақ, Қарағанды облысының жоғары колледждерінің түлектері қатысты. Олардың 20-сы іріктеуден өтіп, ал, 10 студент тағылымдамадан өтуші жас мемлекеттік қызметші мектебінің түлектері атағына ие болды.

Іріктеуден өткен студенттер алдымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалы базасында білікті тренерлерден интерактивті тренинг форматында дәріс алып, кейіннен мемлекеттік органдарда екі ай шамасында тағылымдамадан өткен. Сондай-ақ, жоба аясында қатысушылармен түрлі мотивациялық кездесулер, мәдени-танымдық іс-шаралар өткізілді.

«Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің» түлектерін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берік Ахметов құттықтады.

– «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» ашылғалы 400-ге тарта түлек бітірсе, соның 70%-ы қазір мемлекеттік қызметте табысты еңбек етуде. Сіздердің мақсаттарыңыз – алған білімдеріңізді тиімді пайдаланып, халыққа қызмет ету керек. Соны қазірден бастап, өздеріңізге қағида ретінде бекітіп, «қызметке бедел үшін емес, халыққа қызмет көрсету үшін келемін» деген ойда болыңыздар, – деді Берік Мұхамеджанұлы.

Әлбетте, мектеп түлегі жұмысқа қабылдану барысында өзге үміткерлермен салыстырғанда басымдықтарға ие болады. Болашақ мемлекеттік қызметшілерге осындай мүмкіндік ұсынған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың да еңбегіне тоқталған Берік Ахметов түлектерге сәттілік тіледі. Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының білім бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру кабинетінің меңгерушісі Азамат Жансейітов тағылымдамадан өткен студенттерді құттықтады.

Әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырып қана қоймай, Қазақстанның болашағын қалыптастыратын жастарға осындай мүмкіндік берген облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасына, Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалына түлектердің де алғысы шексіз.

– Осы жерден білім алдық, біліктілігімізді арттырдық. Екі мемлекеттік органда тағылымдамадан өттік. Осы уақыт аралығында талай дүниемен таныстық. Болашақта мемлекеттік қызметші атанғанда қоғамымызды қазіргіден де жақсырақ ете түсу үшін өздеріңізден алған білімді, дағдыларды пайдаланатын боламыз, – дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ІІІ курс студенті Аслан Смағұлов.

Шара соңында түлектерге дипломдар табысталды.

Салтанат ІЛИЯШ.  

Басқа материалдар

Back to top button