Халыққа қызмет көрсету орталығында неке қидыруға болады
1 шілдеден бастап азаматтардың хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөлімдерінің қызметі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына» өтті. Ендігіде АХАТ құжаттары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» ресми мөрімен шыға бастайды.
– Осылайша, азаматтардың барлық мемлекеттік қызметтерді бір жерден «бір терезе» қағидаты бойынша алу мақсатында барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарын бірыңғай жүйеге біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Караганды облысы филиалының баспасөз хатшысы Қуаныш Сейітханов.
ХҚКО-ларда азаматтық хал актілерін тіркеуге байланысты мемлекеттік қызметтердің барлық түрлері көрсетілетін болады.
Осыған орай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қарағанды облысы филиалының директоры Тлеубай Кусаинов некесін рәсімдеп су жаңа құжатын алған жас жұбайлар мен жаңадан ата-ана атанған азаматтарды құттықтап, Мемлекеттік корпорацияда тіркелген алғашқы неке және туу туралы куәлікті қолдарына табыстады.
– Біздің отбасымызда төртінші сәбиіміз дүние есігін ашты. Аталған өзгерістерді естуіміз бар. Куәлікті ресми табыстау үшін бізге қоңырау шалып арнайы шақырған еді. Қуана-қуана келдік. Шыны керек, баламыз 23 маусым халықаралық олимпиада күні болғандықтан бізді жергілікті телеарна өкілдері де эфирге шығарған болатын. Бүгін де журналист әріптестермен екінші рет жүздесудеміз. Ұлымыздың арқасында эфирде жиі шығып тұратын шығармыз, – деді, әзіл-қалжыңын араластырып Айтқазиевтер отбасы.
Ескерте кетейік, АХАТ бөлімдері Мемлекеттік корпорация құрамына берілгенімен, қызмет көрсету тәртібі өзгеріссіз қала бермек. Некені тіркеуге өтініштерді қабылдау, өңдеу, сондай-ақ, шешімдер қабылдау және нәтижелерді беру тіркеу органдарымен жүзеге асырылады.⠀
Атаулы өзгеріс АХАТ аудандық және қалалық бөлімдерінің әдепкі қызметіне әсер етпейді. Тиісті бөлімдер әдеттегідей жұмыстарын атқарып, электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігі сақталады.⠀
АХАТ қызметтерін тек тіркеуші органның қызметкерлері көрсетеді. Мемлекеттік корпорацияның басқа қызметкерлері, оның ішінде ХҚКО операторлары АХАТ ақпараттық жүйесіне қолжеткізе алмайды. Азаматтардың жеке өмірі және отбасылық құпиялары заңмен қорғалады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz



