Аймақ

Халық қаһарманын ұмытпайды

Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, Қарулы Күштер ардагерлерінің Приозерск гарнизонындағы ұжымының қолдауымен Ақтоғай ауданы Сарышаған мектеп-интернатында «Рейхстагқа Ту тіккен қаһарман!» тақырыбындағы патриоттық іс-шара ұйымдастырылды. Оған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Тілек Кенжебеков пен Сарышаған кентінің тумасы Жұмағали Күлмағамбетов арнайы қатысты.

Суреттерді мұражайдан түсірген Думан Құрманғалиев

Алдымен, мектеп оқушыларына интерактивтік тақта арқылы Жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ерлік жолын арналған деректі фильм көрсетілді.

– Қазақтан шыққан батыл да ержүрек Рақымжан Қошқарбаев қарсы келген жауынан еш тайсалмастан, жанындағы жауынгерлік досы Григорий Булатовпен бірге жер бауырлап, Рейхстаг қабырғасына Жеңіс Туын қадады. Сол ерлік істерімен ұзаққа созылған Ұлы Отан соғысына нүкте қойылып, қалың көпшілік бейбіт күнге қол жеткізді. Сөйтіп, Рақымжан атамыз ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, Жеңістің даңғыл жолын салып берді. Бүгінгі күнде, біздер – сол Жеңіс жолының жалғаушысы екенімізді естен шығармауымыз керек, – деді Тілек Алшымбекұлы.

Келесі кезекте сөз алған Жұмағали Күлмағамбетов оқушыларға өзінің студенттік шағында қаһарман Рақымжан Қошқарбаевты Алматыға іздеп барғанын, батырдың қолына ауыл ақсақалдарының сәлем хатын жеткізгенін тебірене жеткізді. Рақымжан Қошқарбаев Ұлы Отан соғысы Жеңіспен аяқталған соң Кеңес әскерінің Батыс Еуропадағы тобында қызмет етеді. Елге аман-есен оралған соң осы Сарышаған кентіндегі өзімен аттас Рақымжан Дакенов есімді досына келеді. Қос Рақымжан бірлесіп еңбек етіп, қаланың жаңадан салынып жатқан құрылыс жұмыстарына қатысады. Мектеп оқушыларының алдында Жұмағали Көшімағамбетұлы осы Сарышаған кентінің тумасы ретінде көп нәрседен хабары бар екенін білдіре отырып, батыр Рақымжанның соғыстан кейін Сарышаған кентінің іргетасын қалауға қатысқан жылдарына ерекше тоқталды.

Мектеп оқушыларын отансүйгіштікке баулу мақсатындағы іс-шарада Рақымжан Қошқарбаев туралы көрініс жұрт назарына ұсынылды. Аталмыш қойылымда 10 «а» сынып оқушысы Алижан Ерболат, 9 «а» сынып оқушысы Гауһар Дәуренқызы, 4 «а» сынып оқушылары Арнұр Дауылбай, Сабыржан Жанболат және Батырхан Такен көпшілік ықыласына бөленді. Сахна төрінде осы білім ошағындағы музыка пәнінің оқытушысы, білікті маман Айман Нұртаева жетекшілік ететін «Жалын» домбырашылар ансамблінің өнерпаздары көпшілік елге танымал күй орындаушы Тоғжан Жахиннің «Дала рухы» күйі, «Әлқисса» күйі мен «Балбырауын» күйлерінің қосындысындағы поппуриді тамаша орындап шықты. Сонымен қатар, қазақтан шыққан батыр Рақымжан Қошқарбаевқа арналған өлең-жырларды оқушылар Жарқынай Далбас, Жанайым Аймағамбет және Алижан Ерболат мәнерлеп оқыды.

Аса жоғары деңгейдегі ұйымдастырылған патриоттық сабаққа жоғары баға берген мектеп директоры Балжан Шаймағамбетова көпшілік алдында қонақтарға Алғыс хат тапсырды.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button