АймақҚарқаралы

Халқымен биік ақын

Кеудесіне өлең қондыруды асқақ арманы мен шабытты бақытына балаған ақын Жұлдыз Тойбектің туған өңірі қасиетті Қарқаралы жерінде жыр кеші өтті. Ақынның «Кеудеме көкала үйрек келіп қонса…» атты кітабының тұсаукесерінде алғашқы сөзді Қарқаралы аудандық Қасым Аманжолов атындағы модельдік орталық кітапхана директоры Бағдат Зияденқызы сөйледі. Жыр кеші «Ана – өмір, қолдаушысы әлемнің» өлеңімен басталды.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» және «Тіл жанашыры» сыйлықтарының иегері Жұлдыз Тойбектің өмір жолы мен шығармашылық белестерін қамтыған бейнетүсірілім көрсетілді. Құдіретті өлең-жырдың аламанына ат қосып, жыр тұлпарын мінген ақын бірнеше өлеңін кешке қатысушы оқырмандардың аузынан естіді.

Ақынның елге, жерге деген сүйіспеншіліктен, перзенттік махаббатан туған «Мен биікпін, халқым барда!» сияқты өлеңдерін жергілікті оқырмандар оқып, жүректен жүрекке жеткізді.

Жұлдыз Тойбектің бір басында қаншама дарын барын байқамау мүмкін емес. Бірде айтыс ақынындай арындап жырларын төгіп-төгіп жіберіп, қысқа да нұсқа қайыратыны бар. Енді бірде журналист ретінде қоғамның тыныс-тіршілігіне қырағы көзбен шолу жасап, ортаға өзекті ой тастайды. Әсіресе, әйел-анаға тән мейірімділіктен туындаған шығармалары мен қыз жүрегінің құпия сырын жыр кесесіне құйып, ұсынған өлеңдері жырсүйер қауымның жүрегінен жол тауып жатты.

Кеш барысында ақын қыздарын алқалаған жұртшылықтың алғысқа толы бата-тілектері, жылы лебіздері, ақжарма сүйсінпеншіліктері Жұлдыздың мерейін өсірді. Олардың қатарында Қарқаралы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Бабайбеков, аудандық «Қарқаралы» газеті редакциясының журналистері, Қарқаралы аудандық мәслихаттың депутаты Айым Мұхитбекқызы, өңірдің әр түкпірінен келген жырсүйер қауым мен мәдениет және кітапхана қызметкерлері Жұлдыздың «Кеудеме көкала үйрек келіп қонса…» кітабының тұсауын кесті. Ақын оқырмандарына кітабын сыйға тартып, қолтаңбасын қалдырды.

Шығармашылық кештің шырайын кіргізіп, сазды әуеннің әрімен мерекенің мәні мен сәнін келтірген аудандық мәдениет үйінің өнерпаз әншілері әр оқылған өлеңді әнге айналдырғандай болды.

Кеш соңында ақын, журналист Жұлдыз Райымбекқызына сөз берілді.

Бану ДАУТАНҚЫЗЫ.

Қарқаралы ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button