Басты тақырыпЖезқазған

Халқымен қауышқан ән-ғұмыр

     Әнші-композитор Жақсыкелді СЕЙІЛОВ – есімі қалың қазақ еліне етене таныс тұлға. Дара дарын иесінің жезқазғандық жерлестері биылғы жылы аяулы азаматтың рухына құрмет көрсетуді мейлінше лайықты һәм жарасымды бастаманы жүзеге асыру арқылы қолға алды. Бұл тұжырымның айғағы – «Өнер өлкесінің «Жезкиігі» атты біртуар өнерпаз атындағы І-облыстық әншілер конкурсының ұйымдастырылуы. Соның аясында әнсүйер жұртшылық жарықтық Жақаңның сыршыл әуендерімен екі күн бойы сусындады. Ән байқауының салтанатты ашылу рәсімінде қатысушылар мен көрермен қауымды Жезқазған қаласының әкімі Батырлан АХМЕТОВ пен Ұлытау ауданының әкімі Әнуар ОМАР құттықтап, тағылымы өлшеусіз шараның дәстүрлі негізде өткізілеріне сенім білдірді.

Ұлттық ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, қазақ мәдениетінде соны соқпақ, айшықты із қалдырған аса дарынды тұлғаның өмірден тым ертерек баз кешкені белгілі. Жаратылысы бөлек жан қамшының сабындай келте ғұмырында бебеу қаққан баянынан мөлдіреген сыршыл әуендерді төгілтіп, өзінен кейінгі ұрпаққа ешқашан көнермес асыл туындыларын аманатқа қалдырды. Ол өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «Қаракөз» ансамблін ұйымдастырып, оның қатарына жасындай жарқылдаған өнерлі жастарды топтастыра білді. Ән әлемінде таңдай қақтырар жетістіктерге жеткен аталмыш өнер ұжымы Ұлытау-Жезқазған аймағының атақ-даңқын Кеңес Одағының аумағынан әрі асырып, төрткүл дүниеге паш етті.

Талантымен топ жарған Жақаң 1971 жылы Бүкілодақтық саяси әндер конкурсының лауреаты, 1979 жылы республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауының лауреаты атанды. Одан кейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері мәртебелі атағын иеленді.

Сөз орайы келгенде, тума таланттың туындыларын Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов секілді танымал композиторлар зор сүйіспеншілікпен тыңдап, айрықша бағалағанын айта кету артықшылық етпейді. Олардың шынайы тәнтіліктен туған ыстық лебіздері мен құнды пікірлері таланттың талантты қапысыз танып, мойындауының кіршіксіз көрінісі іспетті. Жақсыкелдінің халық арасында кеңінен тарап кеткен 30-дан астам әні бар. Соның бәрі – мызғымас тұғырлы, ғажайып ғұмырлы шығармалар. Олардың біршамасы «Жезкиік» әндер жинағына енгізілген.

Жақаңның әндерін Қазақ елімен іргелес мемлекеттердің өнерсүйер қауымы да тамылжыта шырқайды, тұрғындары тамсана тыңдайды. Ал, оның өзінің жеке орындаушылық мәнері – шеберліктің шырқау шыңы. Әнші-композитор облыстық филармония жанындағы «Жезкиік» ансамблінің құрамында Моңғолия, Германия, Исландия, Қырғызстан, Түркіменстан және басқа да көптеген елді аралап, талғампаз тыңдарманды өрелі өнерімен тәнті ете білген жан. Жақсыкелді әндеріне жан-тәнімен ынтызар адамдардың қатары уақыт озған сайын артып келеді. Бұл, әрине, жауһар әуен болмысының жасампаздық сипатын көрсетсе керек.

«Өнер өлкесінің «Жезкиігі» конкурсында Жезқазған, Сәтбаев қалалары, сондай-ақ, Жаңаарқа, Шет және Ұлытау аудандарынан келген 17 үміткер бақ сынады. Ән бәйгесінің алғашқы кезеңінде әр үміткер екі әннен орындады. Байқау талабы бойынша бірінші ән орындаушының өз қалауына сай, еркін тақырыпта болса, екіншісінде Ж.Сейіловтің «Неге солай?», «Бейбітшілік таңы», «Жезкиік» атты әндерінің бірін орындау шарты қойылды.

Іріктеу нәтижесінде 10 үміткер келесі кезеңге жолдама алды. Бәсекелі сынға «көлденең көк аттының» тәуекел етіп келмесі бесенеден белгілі. Міне, сол себепті, құзырлы қазылар құрамына жеңімпаз бен жүлдегерлерді дөп басып анықтау жеңілге соға қоймағаны анық. Олардың қатарында ән өнерінің «жілігін шағып, майын ішкен» кіл майталмандар мен мәдениеттің қыр-сырын терең зерделеген мамандар – ҚР еңбек сіңірген әртісі, Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Береке Көшенов, белгілі журналист, «Қаракөз» ансамблінің тарихын зерттеуші Әшімхан Жампейісов, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы-драма театрының директоры, халықаралық, республикалық конкурстарда сан мәрте топ жарған музыкант Еркебұлан Жұмакенов, әнші-композитор Еркін Омар бар болатын. Ал, қазылар алқасының төрағасы тізгінін танымал әнші-композитор, киелі сахна төрінде Жақаңмен ұзақ жылдар қатар жүрген әріптес-досы Болат Есмұқанов ұстаған еді. Олардың конкурсқа әр тараптан үкілі үмітпен келген әншілердің орындау шеберлігін байыпты бағамдап, талғам тұрғысынан таразылағаны хақ.

Өнер байқауының бас жүлдесі Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Руслан Исмайловқа бұйырып, 500 мың теңге қаржылай сыйлықты еншіледі. Жеңімпазға арнайы диплом тапсырылды. Жүлдесі 300 мың теңгені құрайтын І-орынға жезқазғандық жас әнші Нұрлан Мұсабеков ие болды. Жаңаарқалық жас дарын Шахизад Әбдіғазымов ІІ-орынға табан тіреп, 150 мың теңге сыйақының иегері атанды. Ал, ІІІ-орынды жезқазғандық Перизат Несіпбаева мен Шет ауданынан келген Венера Базарбаева өзара бөлісті. Олардың әрқайсына 100 мың теңгеден қаржылай сыйлық тапсырылды. «Үкілі үміт» аталымына лайықты деп танылған ұлытаулық жас өнерпаз Еламан Зәйнидің үлесіне дипломмен қоса, 50 мың теңге көлеміндегі сыйақы тиді. Көрермен көңіліне қонымды өнер көрсеткен бір шоғыр өнерпазға бағалы сыйлықтар, сондай-ақ, конкурстың барлық қатысушыларына Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Ән додасының елді ерекше елең еткізер жаңалығы Жақаңа арналған екі жаңа әннің тұсауының кесілуі болды. Көшелі көрермен Айхан Мұсабековтің «Теректі – тал бесігім» және Ғазиз Ештанаевтың сөзіне жазылған Ахмедия Есмұқановтың «Жалғыз киік» әндерін аса жылы қабылдады. Сонымен қатар, Болат Есмұқановтың Жақаңның қазасын естіген сәттегі жан күйзелісі үстінде шығарған «Жарығым-ай» әні мен «Қаракөз» ансамблінің репертуарында болған «Кездесу мен қоштасуды» зайыбы Мара Есмұқанова­мен қосыла шырқауы халықтың көңіл-күйін айрықша толқытты.

Осылайша, Жақсыкелдінің Ән-Ғұмыры өзін өзгеше пейілмен сүйетін халқымен қайыра қауышты. Ажырамастай болып табыс­ты. Оның басты дәнекері – әр жыл сайын өткізілуі жоспарланған әйгілі әнші-композитор атындағы дәстүрлі ән байқауы.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суретті түсірген

Ғ.ӘБДІҒАППАРОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button