Жаңалықтар

Хакім мен ғылымның прагматикалық аспектілері

Абайдың бір өзі – тұтас әлем және көрінгенге ашыла бермейтін, қалтарысы көп жұмбақ әлем, зерттелмеген мұхит, игерілмеген ғарыш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз» деген болатын. Осы пікір қазіргі таңдағы абайтану ілімінде жаңа серпіліс туғызып, тың бағыттағы соны ізденістер жасауға жетеледі.

Сурет abai.kz

Абай мұрасын әлемдік таным-білік тұрғысынан тану мен насихаттау үшін әлеуметтік, гуманитарлық ғылымның қол жеткізген межесі дәрежесінде талдау қажеттілігі ерекше байқалып отыр. Себебі Абайдың ақындығы мен ойшыл тұлғасы – тарихи кезеңнің әлеуметтік болмысымен және шындығымен қалыптасқан бірегей құбылыстың көрінісі. Қазіргі таңда ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікір кеңестік дәуірдегі абайтану ілімінің заман алға тартқан ауыр жүгін көтерген әдебиеттанушы ғалымдардың зерттеулерін әдіснамалық тұрғыдан таразыға тартуды қолға алып жатыр. «Зерттеулердің деңгейі алдымен Абай жазған шығармаларының мәнін, бірегей жаратылысын психологиялық, феномендік, эстетикалық жүйелі құбылыс ретінде әдебиеттану ғылымының қазіргі нәтижелерімен пайымдалуы тиіс. Бұрынғы зерттеулердің жарамдысы да, жарамсызы да осыған қарап белгіленеді» деген ғалым Ш.Ибраевтың пікірі оған нақты дәлел. Себебі рухани және ғылыми мұрамыздың құндылығын бағалауда теориялық және әдіснамалық ұстанымдар өзгерді. Бірақ маркстік-лениндік әдіснаманың ықпалында амалсыздан айтылған шектеулі қорытындылар енді қол байлау бола алмайтынын білсек те, айналып шыға алмай жүрміз. Бұл – Абай мұрасындағы ғылымның прагматикалық аспектілеріне де қатысты.

Абай өз шығармашылығында ақыл-ой сыйынан бас тартқан адамдарды қатты сынайды. Олар адамды табиғи болмыс әлемінен ажыратып, оның барлық тіршілік иелерінен жоғары қоятын туа біткен ойлау, тану, іздену, меңгеру қабілетін көбінесе бос, зиянды істерге пайдалана отырып, сол арқылы өзінің табиғи таңғажайып дарынын босқа ысырап жасайтынына ерекше көңіл аударады. «Алайда білім мен ағартушылық жолын таңдағандарды моральдық-адамгершілік тұзақтар күтіп тұр» деген ойшыл мынаны еске салады. Олар – бұл менмендік, мақтаншақтық, ғылыми қызметтің жемісін тек өз мүддесіне пайдалану. Ғылымның қиын жолын таңдаған адамға Абай негізгі алты ережеден тұратын мынадай өсиет айтады.

1.Білім алуға деген құштарлық, оның көмегімен қандай да бір жеке пайда табу, дәреже алу ниетінен туындамауы керек. Ғылыми қызметтің негізі – ақиқатқа деген сүйіспеншіліктен, танымдық процестің өзінен және белгісізді ашудан тұру керек. Адам өз алдына білімнің бүкіл адамзатқа ғана емес, оны ашатын адамға да пайда әкелетін құндылық екенін есте сақтауы керек: «Білім-ғылым табылса, дүниенің бір қызықты нәрсесіне де керек болар еді деп іздемеске керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең, һәм әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі».

2.Ғылым-білім жолындағы таласты ұнататын адам оны өз аргументтік жүгін толықтыру және өзіндік шешендік шеберлігін шыңдау мақсатын ғана көздемеуі керек. Абай ғылыми дау – сенімнің берік болуына немесе жаңа білім алуға ықпал ететін таным түрлерінің бірі екенін атап көрсетеді. Дегенмен, оларды жиі қолданудың себебі, өздерінің білімі мен эрудициясын көрсетуге, басқалардан жоғары тұруға ұмтылу, кейде мұндай жағдайларда пікірталас ғылыми саланы байыта алмайды, керісінше, қызғаныш сияқты адамгершілікке жат сезімдерді арттырады. «Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін!». Бұл ойшылдың ұстанымы.

3.Ақиқаттан ауытқымау, қандай қауіп-қатерден болса да оны қорғау – ғалымның парызы. Ғылым адамының этикалық принциптері, ақиқаттың өзі сияқты икемді емес және белгілі бір жағдайларда ыңғайлы қалыпты қабылдай алмайды. Ақиқат тәуелсіз және объективті түрде өмір сүреді, бірақ оның тағдыры оны ашқан адамның беріктігі мен сеніміне байланысты: «Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?».

4.Ғылым жолындағы әдіснамалық әдістер жүйесін және танымдық құралдарды үздіксіз жетілдіру. Абай бір-бірімен байланысты екі маңызды әдісті бөліп көрсетеді, олардың игерілуі мен дамуы білімнің артуын Абайдың философиялық іліміндегі «толық адам» тұжырымдамасы қазіргі заман талабын қамтамасыз етеді. Абайда олар: мулахаза – полемикалық шеберлік және басқару, мухафаза – өз ұстанымына сенімді болу.

5.Ақыл-ойдың немқұрайлылыққа, орынсыз қуанышқа, күңгірт ойлар мен жойқын құмарлықтарға деген жағымсыз бейімділіктерден сақ болыңыз және оны баса біліңіз. Құмарпаздықты ермек ету адамның рухани және интеллектуалдық қорын ысырап етіп, өзіне де зиянын тигізіп, жалпы қоғамға да пайда әкелмейді. Хакім ғылымға жүгіну, рухани жаңғыру жолы адам бойындағы қажырлы еңбекті және ақыл-ойдың қатаң тәртібін талап ететінін, жалқаулыққа, болмашы қызықтарға ынталануға, ойын-сауыққа жол бермейтінін еске салады.

6.Ақыл мен білімге сауыт болатын мінезді тәрбиелеу. Өйткені, өзін ғылымға арнаған адам үшін икемді, әлсіз мінез оның көзқарастары мен сенімдерін қорғай алмайды, маңызды моральдық-адамгершілік беріктіктігін қамтамасыз етуге қабілетті емес. Сонымен қатар, адамның әлсіз еркі өзінің төменгі пенделік ұмтылыстарына төтеп бере алмай, ақыл мен жүректе жалқаулық, енжарлық, көреалмаушылық және басқа да жамандықтардың салтанат құруына жол береді. Абайдың айтуынша, даналық сенімді деструктивті тәкаппарлықпен немесе өзін-өзі қанағаттандырумен шатастыруға болмайды, ол алынған білімді қорғайды, оны сақтауға және келесі ұрпаққа беруге көмектеседі.

Абай өз еркімен саналы түрде ғылыми таным жолын таңдаған адамға берген соңғы, алтыншы постулаты бізді адам тұлғасының бірегей құрамдас элементтері – қайрат, ақыл және жүрек арасындағы ажырамас байланысын түсінуге жетелейді, олардың бір-бірімен үйлесімді әрекеттесуі толық адам, біртұтас кемел тұлғаның айрықша белгісі болып табылады. Әмбебап адамның тұтастығы – қайрат, ақыл және жүректің үштігіне байланысты. Бұл қасиеттердің әрқайсысы, жеке алғанда жеке адамның тұлғалық қадір-қасиетін білдіреді, бірақ басқа екеуімен толықтырылмаса, ол адамның моральдық-адамгершілік толықтығын қамтамасыз етпейді және керісінше, басқа нашар әрекетпен шектелгенде, ол өзін күтпеген жағымсыз жағынан көрсете алады.

Абай осы үш компоненттің табиғатын және олардың адам болмысының қалыптасуындағы рөлін «Он жетінші сөзінде» баяндап, Қайрат, Ақыл және Жүректің дауына Ғылымды төреші ретінде сайлап, сол арқылы олардың қайсысы Ғылымның өзінен де маңыздырақ екенін, оның бейтараптығы мен ақиқатқа тең білімнің шешуші маңыздылығын ерекше атап өтті. Қайрат – бұл адамның төмен, лайықсыз ұмтылыстарын реттейді, кез келген жұмыста табандылықтың кепілі және таңдалған бағытта кемелдікке жетуге, адамның моральдық-адамгершілік келбетін мінсіз сақтауға көмектеседі. Оны Абай ғылымның тілімен былай баяндайды: «Сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман». Қайрат жақсылыққа да, жамандыққа да бірдей қызмет етуге қабілетті: ол этикалық критерийлерді басшылыққа алмайды, оның басты міндеті – таңдалған әдісті жоғары деңгейге жеткізу.

Ақылдың бірегей қасиеті оның барлық нәрсені, соның ішінде рухани-этикалық категорияларды түсіну және ғылым нәтижелерін тиімді пайдалану қабілетінде жатыр. Сонымен бірге, ол да қайрат сияқты жақсылық пен жамандықты ажырата білудің негізгі маңыздылығын ескермейді: «Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман».

Өз кезегінде Абайдағы Жүрек адам бойындағы өмірлік бастаудың бейнесі, жоғары адамгершілік қасиеттер мен өлшеусіз рухани әлеуеттің сақтаушысы болып көрінеді. Бұл адамды моральдық дилеммалардың дұрыс шешімдеріне және оның қайраты мен ақылы ізгілік пен ақиқатқа қызмет етуге арналған ізгі өмір салтына итермелейді. «Осы үшеуің [Қайрат пен Ақыл] басыңды қос, бәрін де Жүрекке билет, – деп ұқтырып айтушының аты Ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта» деп жазуы соның дәлелі.

Ұлы Абай бұл үшеуінің дауын осындай үкіммен шешеді, мейірім мен адамгершіліктің белгісі, екеуінен жоғары тұрған адам онтологиясының негізгі элементі жүректі таңдайды. Қандай да бір сыртқы немесе ішкі жағдайларға қарамастан, рухани жаңғыру адам үшін әрқашан мүмкіндік. Абай гуманистік ұстанымдарды берік ұстайтын адамның бастапқы жақсы табиғатына сенеді. Бірақ ол әрқашан әр түрлі пендешілік ынта мен зиянды бейімділіктерге төтеп бере алатындай күшті бола бермейді, соған қарамастан жеке тұлғаны жетілдіру әлеуетін сақтайды деп санайды. Абай рухани-адамгершілік кемелдікке жету үшін осы қиын кедергілерді еңсерудің жалғыз дұрыс жолы еңбек пен білім жолын таңдаудан, іргелі қасиеттердің ішкі үндес­тігіне ие болудан көреді.

Ұлы ақын қарастырған осы ақыл, қайрат, жүректің әрқайсысы – бірінің әлсіздігін бірі өзінің күшімен толтыра отырып, бір-біріне мұқтаж. Ал оны анықтап отырған да ғылым. Олардың үйлесімділігі мен тепе-теңдігі адам іздеген мұраттарды – толық адамның сан қырлы бейнесін құрайды. Оның өмірлік мақсаты – жоғары адамгершілік ұмтылыстарымен анықталатын, өзінің жан-жақты үздіксіз дамуы және жалпы қоғамға қызмет етуі, жақсылық, білім және сұлулық ұстанымдарынан тұрады. Абайдың әмбебап және біртұтас тұлға «толық адам» туралы философиялық тұжырымдамасы қазіргі адамды ең жағымды жаққа өзгерте алады және оның адамгершілік-интеллектуалдық бағдарына айналуы қажет.

Жандос СМАҒҰЛ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Басқа материалдар

Back to top button